Болашақ бағдарын айқындайтын Елбасы Жолдауы Қазақстан дамуындағы аса маңызды межелерді анықтап берді. Елді ұйытатын – «Мәңгілік Ел» идеясы паш етілді. Мақсатымыз тайға таңба басқандай айқын – дамыған 30 елдің қатарына кіру. Ал бұл Қазақстан саяси тұрақты, ұлтаралық келісімі салтанат құрған, экономикасы бай және білім, ғылымы дамыған құқықтық мемлекет болғанда ғана мүмкін екені тағы айқын. Сондықтан Президент Жолдауында «Қазақстан әлемде адамдар үшін қауіпсіз және тұруға жайлы елдің біріне айналуға тиіс. Бейбітшілік пен тұрақтылық, әділ сот және тиімді құқық тәртібі дегеніміз – дамыған елдің негізі» деп атап көрсетті.
Білім сапасы көтерілмей, Қазақстан қарқынды дамудың жолына түсе алмайды. Мұны Елбасы бұрынғы жолдауларында да, басқа да сөйлеген сөздерінде айтып жүр. Жаңа технология да, инновация да, білікті кадрлар да, ірі өндіріс те білімнің арқасында болады. «Ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсартуда бізді ауқымды жұмыс күтіп тұр. 2020 жылға қарай Қазақстандағы 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамту жоспарлануда. Сондықтан оларға заманауи бағдарламалар мен оқыту әдістемелерін, білікті мамандар ұсыну маңызды. Орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу керек. Мектеп түлектері қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білуге тиіс. Оларды оқыту нәтижесі оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеру болуға тиіс», дейді Жолдауында Нұрсұлтан Әбішұлы.
Ал білімнің, білім сапасының бастауы неде? Елбасының қазіргі ұстаздардың басты кәсіби қағидасы болып саналатын «Жас ұрпақ тағдыры – ұстаздың қолында» деген сөзі нақтылығымен құнды. Ұстаздық қашан да оңай болмаған. Сондықтан да Мағжан Жұмабаев атамыздың «Еліміздің аз ғана жылдық ояну дәуіріне баға беру үшін алты алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын – мұғалімдердікі» деуі тегін емес. ХІХ ғасырда киелі Қостанай мен Торғай өңірі қазақтың біртуар ағартушыларын берді. Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Шоқан Уәлиханов қалыптастырған ұлы дала мектебі бүгінде өз жалғасын тауып келеді.
Мектептердің бүгінде материалдық-техникалық жағдайы шүкірлік деуге болады, бірақ оның қайсысы да мұғалімнің орнын алмастыра алмайды. Көп мәселеге әсіреқызыл көзқараспен қараған 90-жылдары экономист, заңгер мамандығын қалағандар ғана өмірден лайықты орнын тапқандай жайлағаны рас-тын. Педагогикалық оқу орындарына «барар жер, басар тауы қалмағандар» ғана келетін. Бүгінде мамандық таңдауға жастар талғаммен қарайтындығы байқалады. Сауалдама нәтижелерінен белгілі болғанындай, Қостанай облысы бойынша мектеп бітіруші түлектердің басым бөлігі, яғни 30 пайызға жуығы ұстаздық мамандықтарына ерекше ықылас танытып отыр. Білім және ғылым министрлігінің уақтылы қолға алған мәселесі – сырттай оқыту нысаны тек екінші рет жоғары білім алушыларға ғана мүмкіндік ретінде берілуінде, ал бірінші рет жоғары білім алу тек күндізгі бөлім нысанында ғана жүзеге асуы тиіс. Сондықтан институтта сырттай оқу бөліміне түсу үшін кешенді тестілеуге қатысушыларға дайындық курстары ұйымдастырылуда.
Қостанай Ресейдің үш бірдей облысымен жақын көршілес болғандықтан, «ай, қап!» дегізетін жағдайлар да жылда қайталанады. Бізбен шекаралас Ресей қалаларынан ерте көктемде, яғни наурыз-сәуір айларында жоғары оқу орындарынан көшпелі қабылдау комиссиясы келеді және тестілеу емес, ауызша емтихан алу арқылы мемлекеттік гранттарға студенттер қабылдайды. Сөйтіп, өздерінің жоғары оқу орындары студенттерінің контингентін қалыптастырады. Бұл студенттер мемлекеттік гранттар бойынша оқығандықтан, кейін бірнеше жыл Ресейде қалып жұмыс істейді, тіпті, жақсы мамандар түпкілікті қалып та қояды. Алдағы уақытта елдің экономикасын дамыту үшін біздегі білім ордаларында мамандықтар спектрін кеңейту қажет.
Мұғалімдер дайындайтын жоғары оқу орындарына талаптар күн өткен сайын артып келеді. Елбасы осы Жолдауында айтқандай, білім ордаларының жұмысын ұйымдастырудағы негізгі үлгі Назарбаев Университеті мен Назарбаев зияткерлік мектептері екені сөзсіз. Осы мақсатта, біздің институттың жас маманы Самал Ысқақова «Назарбаев зияткерлік мектептері» мамандандырылған білім беру ұйымдарының педагогикалық шеберлік орталығында Кембридж университетінің профессорларынан дәріс алып, біліктілігін арттырып жүр. Бұл байланыс дәстүрлі оқыту түрін заманауи технологиялар мен оқытудың үздік әдістемесіне жалғаудың бірден-бір жаңа жолы.
Білім және ғылым министрлігі тарапынан білім мен ғылым саласындағы нормативтік базаны жаңа заман талаптарына сай қалыптастыру жұмысы ұйымдастырылып отыр. 2011 жылы «Ғылым туралы», «Назарбаев Университеті», «Назарбаев зияткерлік мектептері», «Назарбаев Қоры мәртебесі туралы» және т.б. жалпы саны 7 негізгі заң қабылданды, білім және ғылым саласындағы заңдарды іс жүзіне асыру үшін Үкімет пен Білім және ғылым министрлігі көптеген заңға негізделген актілер әзірледі, қабылдайды. Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтында қашықтықтан оқыту орталығы құрылып, электронды оқу-әдістемелік кешені, пәндер бойынша электрондық контенттер дайындалып, сырттай оқу бөлімдері мен шетелдерде академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша күндізгі бөлімдегі студенттерге қашықтықтан білім беру жұмысы қарқынды қолға алынды, институт компьютерлері Wi-Fi желісіне қосылған.
Қостанай облысындағы білім мекемелерімен тығыз қарым-қатынас орнату мен «e-learning» электрондық оқытуды тиімді ұйымдастыру мақсатында институт ректоры, профессор Қ.М. Баймырзаевтың басшылығымен шалғай орналасқан мектептермен on-line режімде «Биология – танымдық және дүниетанымдық көзқарас қалыптастыратын білім» тақырыбында бейнеконференциялар өткізілуде. Шетелдік озық оқу орындарымен жасалған шарт бойынша студенттер мен оқытушылар Франция, Канада, Ресейдегі университеттерде біліктілігін арттыруда.
Бүгінгі мектеп оқушысы – ертеңгі студент, одан кейін жас маман. Мектептегі білім сапасы жоғары болғанда жоғары оқу орындарына талапты, алғыр студенттер келеді. Сондықтан Елбасы Жолдауында бүгінгі мектептер үшін көкейкесті мәселені де атап, оны жақсартуды тапсырды. Ол «таяудағы 3 жыл ішінде, 2017 жылға дейін орын жетіспеушілігін жойып, қажетті жерлерде елдегі барлық мектепті екі ауысыммен оқытуға көшіру керек. Үкімет пен әкімдер осы міндетті орындау үшін бюджет қаражатының бөлінуін қарастырғаны жөн», деп көрсетті Жолдауында Президент.
«Тәрбиесіз берген білім – адамзаттың қас жауы» деген ұлы ойшыл әл-Фарабидің даналық сөзін әрқашан темірқазық етіп ұстануымыз қажет. Оқыту ісі мен тәрбие жұмысын бөліп қарауға болмайды. Елбасы Жолдауында айтылғанындай, «ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз – белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар. Бұл үшін біз не істеуіміз керек?» Бұл үшін Нұрсұлтан Назарбаев бұрыннан айтып келе жатқан саламатты өмір салты оқу орындарындағы тәрбие көзі ғана емес, күнделікті тұрмыс-тіршілігіміздің өзегіне айналуы тиіс. Мұнсыз Елбасы мақсат етіп қойып отырған Мәңгілік Ел ұлттық идеясын жүзеге асыра алмаймыз. Мұның жолы да Жолдауда «Спортпен шұғылдану, дұрыс тамақтана білу, жүйелі профилактикалық тексерілу – аурудың алдын алудың негізі» деп тайға таңба басқандай етіп көрсетілді. Нұрсұлтан Назарбаев айтқан осы жолдардың әрқайсысының артында атқарылар үлкен істердің тұрғанын сезінеміз. Мысалы, жас ұрпақты спортқа баулу ісі тек жоғары оқу орнында ғана емес, бала кезден басталса игі. Күні ертең Сочи Олимпиадасына барып, елдің намысын қорғайтын жерлесіміз Денис Кузиннің жаттықтырушысы Петр Пастущенко коньки спортын Қазақстанда дамыту қажеттігін, ол үшін материалдық жағдайдың әлі мәз емес екендігін, осы спорт түріне қызыққан балаларды көшедегі қолдан қатырылған мұз жолақтарында жаттықтыруға тура келетінін айтты. Денис әлем чемпионы болғаннан кейін осы спортқа жас балғындар көптеп жазыла бастаған. Саламатты өмір салты салтанат құруы үшін материалдық-техникалық жағдайды жақсартумен қатар, жастар мен балалар арасында насихат жұмысын да құнттау керектігі білінеді.
Жолдауда айтылған мәселелердің қай-қайсысы да еліміздің ертеңі болып саналатын жас ұрпақты айналып өтпейді. Жастарымыз білімді, ғылымды, рухани, адамгершілік қасиеттерге бай, елінің тарихын, тілін, салт-дәстүрін қадірлейтін, ұстанатын нағыз патриот болуы тиіс. Ол үшін жастарға көп ізденіп, тәуелсіз мемлекет деңгейінде ойлай алатын ақыл-парасатты болу жүктеледі. Басты идея – дені сау, интеллектуалды ұлт қалыптастыру. Бұл орайда, Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты ұжымы елді біріктіретін «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыруға тыңғылықты дайын.
Мұхтар ТӨЛЕГЕН,
Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының оқу және әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры.
ҚОСТАНАЙ.