• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Тәуелсіздік 25 Қыркүйек, 2021

Моңғолияда Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған көрме ұйымдастырылды

554 рет
көрсетілді

Қазақстанның Моңғолиядағы Елшілігі ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған фотосуреттер мен кітаптар көрмесін ұйымдастырды. Іс-шараға Сыртқы істер, Білім және ғылым, Әділет және ішкі істер министрліктерінің, БАҚ және Моңғолиядағы қазақ диаспорасының өкілдері қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Көрме қонақтарының назарына тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихы мен еліміздегі қарқынды саяси, экономикалық, әлеуметтік және рухани өзгерістерді, оның халықаралық аренадағы жетістіктерін ашып көрсететін фотосуреттер мен кітаптар, сондай-ақ ұлттық тарихтың көрнекті тұлғаларының портреттері ұсынылды.

Көрмені ашқан Қазақстан елшісі Жалғас Әділбаев Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктерін, экономикалық прогресті, қоғамдық дамуды, халықаралық қауіпсіздік архитектурасындағы белсенді рөлін атап өтті. Дипломат аудиторияға еліміздің тұрақты дамуы мен азаматтарымыздың әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан экономикалық және саяси реформалар туралы хабардар етті.

Сондай-ақ, ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар - ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі ережелері туралы қысқаша айтып берді.

Көрменің ашылуында сөз сөйлеген Моңғолияның Қазақстандағы экс-елшісі Дамдинжав Дашням Қазақстан Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде мықты мемлекетті қалыптастыру бойынша іргелі жұмыс атқарғанын, инфрақұрылымды жаңғырту және дамыту бойынша табысты реформалар мен кешенді шаралар жүргізгенін алға тартты.

Іс-шара барысында қонақтар домбыра мен Моңғол халық аспаптарында орындалған қазақтың ұлттық музыкалық шығармаларын тыңдады.