Елбасының биылғы Жолдауындағы басым бағыттардың бірі шағын және орта бизнесті дамыту болғаны анық. Мемлекет басшысы Жолдауда шағын және орта бизнес көлемін 2050 жылға қарай еліміздің ішкі жалпы өнімінің 50 пайызын қамтамасыз ететін деңгейге жеткізу қажет екендігін атап өтті. Бәрімізге белгілі, қаржы полициясы органдары ең алдымен мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігін, кәсіпкерлердің заңды құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз етеді. Ең бастысы, экономикалық қаржылық және сыбайлас жемқорлық қылмыстардың алдын алу, жолын кесу болып табылады. Президент Н.Назарбаев биылғы Жолдауында «Аса маңызды міндет – сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегияны қалыптастыру және іске асыруды жалғастыру» деп, осы сала жұмысының жауапкершілігін арттыруды тағы бір атап өтті.
Облысымыздың шағын және орта бизнесті дамытудағы табыстары жылдан-жылға артып келе жатыр. Биылғы жылы облыс нарығында белсенді жұмыс істейтін шағын бизнес субъектілерінің саны 125,8 мың бірлікті, (112,5 пайыз өсім) құрады. Ал олардың өндірген өнімі 534,1 млрд. теңгені құрап, жұмыспен қамтылғандар саны 279,6 мың адамға (9 пайызға өсіп) жетіп отыр. Демек Елбасы тапсырмасын орындауда біздің мүмкіндіктеріміз мол, ендігі жерде осы мүмкіндіктерді іске асыру міндеті тұр. Бүгінгі басты міндеттердің бірі – кәсіпкерліктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қазір бизнестің жұмысына қаржы полициясының жөн-жосықсыз араласуы тоқтатылған. Әйтсе де, біз қызметімізді өз шеңберімізде ғана шектеп қойған жоқпыз. Басқа да құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс істеп, ең бастысы халықтың көмегіне сүйенудеміз.
Оңтүстік Қазақстан жері ежелден Мәңгілік Ел идеясынан туындап отырған ұлттық бірлікті санада сақтаған, татулықтың ордасы болған өңір. Қазақ халқының бірлігінің символы болған Ордабасы да біздің өңірде. Күллі түркінің рухани ұстазы Қожа Ахмет Ясауидің біздің өңірде мәңгілік байыз табуы, Түркістан шаһары бауырлас халықтардың да киелі мекені саналатындығы да біз үшін мақтаныш. Бұл Президент ұсынған «Мәңгілік Ел» идеясымен толық үндесетін жайт. Сондықтан біз барымызды бағалап, отандастарымыздың береке-бірлігінің темірқазығы болатын идеяны одан әрмен дамытуға міндеттіміз.
Серікбай ҚҰСАЙЫНОВ,
Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша қаржы полициясы департаменті басшысының бірінші орынбасары.
Оңтүстік Қазақстан облысы.