Биыл алты айда ел азаматтарының алған несиесі 8,6 трлн теңгеге жеткен. Бұл 2020 жылдың жарты жылымен салыстырғанда 26 пайызға көп. Халықтың тұтынушылық несиелері 5 трлн теңгені құрапты. Бұл да 19,4 пайызға өскен.
Ranking агенттігінің жазуынша, жеке тұлғалар займдарының орташа көлемі бір жұмысшыға 2,28 мың доллардан келеді. Бұл ретте несиенің барлық түрі (ипотека да) есептелген. Тікелей тұтынушылық несиелер көлемі жұмыс істейтін бір қазақстандыққа 1,32 мың доллардан тиесілі. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан өзге елдерден артта қалған. Trading Economics сарапшыларының дерегінше, әлемнің 45 ірі экономикасы арасында Қазақстан жұмыспен қамтылған бір азаматқа қарыздық қаржыландыру көлемі бойынша 41-орында.
Trading Economics рейтингіндегі елдердің басым көпшілігінің тек тұтынушылық несиелері ғана ескерілген. Бірақ Қазақстан мен Ресей, тағы да аздаған елдер бойынша барлық займ көлемі, оның ішінде ипотека және бөлшек несие қарастырылған. Соның өзінде Қазақстан несие нарығы аса қуатты саналатын Швейцария (202,3 мың доллар), Аустралия (170,3 мың доллар), Норвегия (160,2 мың доллар), Франция (65,9 мың доллар) елдеріндегі адам басына шаққандағы несиелеу деңгейіне жете алмайды. Қытай (10,1 мың доллар), Ресей (4,1 мың доллар) және Армениядағы (2,3 мың доллар) деңгейге жету де біршама қиын секілді.
«Жан басына шаққандағы несие көлемі жоғары болу үшін ол адамның қарызды төлей алатын қабілеті жоғары болуы тиіс. Бұл бірінші кезекте несиенің орташа жалақыға қатынасына байланысты. Осы көрсеткіш бойынша да Қазақстан көп елден төмен тұр. Жеке тұлғалардың барлық несиелерін есепке алғанның өзінде Қазақстан 29-орында. Бұл жағдайда бір жұмыспен қамтылған азаматқа шаққандағы бөлшек несиелердің орташа көлемі 4 орташа жалақымен жабылады. Егер тек тұтынушылық несиелерді алар болсақ, онда бір жұмыспен қамтылушыға тиесілі орташа чек небәрі 2,3 орташа жалақыны құрайды.