Қаңтардың соңын ала күшіне мінген аяздың салдарынан 1-11сынып оқушылары мен колледждің 1-2 курс студенттеріне сабақ тоқтатылды. Бұл туралы «Қазақстан» телеарнасы хабарлады . Қарлы бұрқасын мен қатты аяздан республика төңірегіндегі бірнеше жолдар жабылды. Мәселен, Ақтөбе облысында «Ақтөбе-Астрахань», «Ақтөбе-Орск», «Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз» бағыттары бойынша көлік қозғалысы тоқтатылды. Сондай-ақ «Алматы-Екатеринбург», «Қызылорда-Павлодар», «Жезқазған-Петропавл» бағыттары бойынша да жолдардың жабылғаны хабарланды. Ал Қостанай облысында көліктердің барлық түрлерінің «Қарабұтақ-Денисовка-Рудный-Қостанай», «Жезқазған-Петропавл», «Жетіқара-Қамысты-Лермонтовка», «Денисовка-Жетіқара-РФ шекарасы» бағыттары бойынша көлік қозғалысы шектелді. «Арктикалық ауа массалары ықпалының Қазақстанға енуіне байланысты қаңтар айының соңғы күндері батыс аймақтарда түнде температура -28, -36 градус, солтүстік және орталықта -35, -40 градус, Қызылордада және Оңтүстік Қазақстан облыстарында -23, -28, шығыста -25 -36 градусқа дейін төмендеді. Жамбыл және Алматы облыстары оңтүстік циклонның әсерінде болғандықтан, бұл аймақтарда қар жауып, бұрқасын соғып, жел күшейді, түнгі температура -10 -15 градусқа дейін жетті», - деді «Қазгидромет» РМК жетекші инженер-синоптигі Нұрсәуле Қуандықова. «Қазгидромет» мамандарының болжауынша, қатты аяз ақпанның ортасына дейін сақталады. Сондықтан төтенше жағдайлар қызметкерлері жеке бастың қауіпсіздігі үшін боранды үскірік аязды күні алыс жолға шықпау керектігін айтады. Өйткені, Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан мен Ақмола облыстарының кей жерлерінде бұрқасын болып, жел тұруы ықтимал.Сонымен бірге, Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында күн күрт суытады. Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Атырау мен Маңғыстау облыстарының кей жерлерінде де аяз күшейеді. Әмірхан Алмағанбетов. Дереккөз: «Қазақстан» телеарнасы. Фото: Trend.az.