Дүние додасының дүбірі
Ақ Олимпиаданы ақпараттық қолдау
Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Сочиде жалауын көтеретін қысқы Олимпиаданы отандастарымыздың тамашалауы жайында брифинг өтті. Басқосудың бұл жолғы қонақтары Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқығы комитетінің төрағасы Абзал Естаев пен Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы Болат Қалиянбеков болды. «Биыл Сочи қаласында байрағы көтерілетін ХХІІ Қысқы Олимпия ойындарын көрсету құқына «Хабар» және «Қазспорт» телеарналары ие болып отыр. Дүбірлі доданың ашылу салтанаты 7 ақпан күні Астана уақыты бойынша 22:00-де аталған телеарналарда тікелей эфирде көрсетілетін болады. Ашылу салтанатының хронометражы шамамен 3,5 сағатқа созылады. Ал сайыстың жабылу салтанаты 23 ақпанда жергілікті уақытпен 22:00-де өтеді. Алғашқы трансляция «Қазспорт» телеарнасынан 6 ақпан, бейсенбі күні сағат 11:55-тен бастап көрсетіле бастайды. Онда сноуборд жарысынан көрсетілімдер ұсынылады. Жалпы, көрермендерге ыңғайлы болу үшін республикалық «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерінің 5 ақпан күнгі санының соңғы беттерінде жарыс кестесі берілген. Онда қазақстандық спортшылар қатысатын барлық жарыстар белгіленген», деді Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы Б.Қалиянбеков. Сонымен қатар, ол дүйім жұрт көз тіккен дүбірлі жарысқа елімізден 47 журналист аттанғанын және оның 15-і сол жерден сайыс біткенше хабарлар тарататынын да назардан тыс қалдырмады. Эфирге шығатын тікелей көрсетілім мен жазылым арқылы көрсетілетін эфирлерді қосқанда барлығының жалпы уақыты 350 видеоконтентті құрамақ. «Хабар» телеарнасы 51 трансляция көрсетсе, оның 34-і тікелей болмақ. Ал «Қазспорт» телеарнасы 140 көрсетілімнің 78-ін тікелей эфир арқылы ұсынбақ. Ақ Олимпиада кезінде «Қазспорт» телеарнасы өзінің эфирін толықтай дерлік аталмыш шараға арнамақшы. Қазақстандық телекөрермендер Олимпия ойындарын дер кезінде тамашалауға мүмкіндік алып отыр. Барлық көрсетілімдерді комментаторлар қазақ және орыс тілдерінде жүргізеді. Сондай-ақ, көрсетілімге комментаторлардан бөлек белгілі спорт саңлақтары мен ардагер спортшыларды тарта отырып, көрермендер үшін сайысты тартымды беруге барынша назар аударылған. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, «Егемен Қазақстан».«Сынға дайынмын!»
Сочидегі ақ Олимпиадада бақ сынайтын Қазақстан ұлттық құрамасының сапында Қарағанды өңірінен жалғыз-ақ спортшы бар. Ол –мұздың үстінде желмен жарысқан жүйрік жерлесіміз Екатерина Айдова. Бұл күнде әлемдік деңгейдегі тісқаққан конькишілердің қатарынан саналатын Екатерина – ел үміт артып отырған санаулы саңлақтардың бірі. Екатерина 2010 жылы Ұлттық құрама сапында Ванкувер Олимпиадасына қатысты. Сол Олимпиададан кейін ол Берлин қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Әлем кубогы сынының абсолютті жеңімпазы атанған болатын. Сондай-ақ, 500 және 1500 метрлік қашықтықтарда ересектер арасындағы Қазақстан рекордын жаңартқан талантты спринтер. Туған қаласы Қарағандыға анда-санда бір келетін, оның өзінде бір-екі күн ғана аялдайтын Айдовамен тура ақ Олимпиаданың қарсаңында әңгімелесіп қалудың сәті түскен еді. – Екатерина, Сочи Олимпиадасына дайындық қалай өтті? – Оқу-жаттығу жиындары негізінен Германия, Канада және АҚШ-тың биік таулы аймақтарындағы мұз айдындарында өтті. Қысқы маусым Әлем кубогы сынының төрт кезеңімен басталды. Бұл жарыстарда біз Олимпиадаға жолдама беретін ұпайларды сарапқа салдық. Мен үшін маусым сәтті басталды. Алдыма қойған мақсатыма жетіп, үш қашықтық бойынша лицензия жеңіп алдым. – Саған Сочи қаласындағы мұз айдыны таныс па? – Иә. Алдыңғы жылы әлем чемпионаты Сочиде өткенде болдым. Мен сол додада өнер көрсеттім. Шынын айтқанда, Сочидің мұз айдыны Астанадағы біздің кешенге қатты ұқсайды. – Екатерина, Сочи Олимпиадасындағы өз мүмкіндігіңе қандай баға бересің? Бапкерің алдыңа қандай міндет қойып отыр? – Олимпиадаға қатысатын спортшылардың қайсысы болсын үмітсіз болмайды ғой. Төрт жылда бір өтетін мұндай додаға әлсіз спортшының келмейтіні белгілі. Әлбетте, сәттілік дегенді жоққа шығаруға тағы болмайды. Өзіме келетін болсам, дайындығым жаман емес. Додаға түсерде өзімнің нағыз спорттық бабымда болам деген сенімдемін. Бапкерім жарыс жолында қателікке бой алдырмай, бәрін де аспай-саспай дұрыс істеуді құлағыма құйып жатыр. – Олимпиада сынында басты қарсыласым болады деген спортшыларды атай аласың ба? – Негізі, мен үшін бәрі де басты қарсылас. Бірақ, азиялық конькишілерді – Жапония, Корея және Қытай спортшыларын бөле-жара айтар едім. Неге десеңіз, бір құрлықтан болған соң біздің арамыздағы іштей бәсекелестік қашанда бұрқ-сарқ қайнап жатады. – Екатерина, коньки спортымен жалпы қай кезден бастап айналыстың? – Қарағандыдағы №83 орта мектептің 4-сыныбында оқып жүргенімде конькимен жүгіру спортына балаларды іріктеп алды. Солардың қатарында мен де болдым. Алғашқы жаттықтырушым Венера Талғатқызы Гриневецкая болды. Содан кейін 11 жасымда қазіргі бапкерім Сергей Степанович Лоскутниковтің қарамағына ауыстым. – Спортшылар отбасынан шыққан боларсың? – (Күлді) Жоқ. Әкем Қарағандыдағы Күзембаев атындағы шахтада жұмыс істеген, қазір басқа кәсіппен айналысады. Анам – музыка маманы. Максим есімді ағам Қарағандыдағы Қазақстан-Ресей университетінің экономика факультетін тәмамдаған, қазір жұмыс істейді. Жалпы, өзімнің кеншінің қызы екенімді мақтан етемін. Серік Сәпиевтің, Геннадий Головкиннің де әкелері кенші емес пе?! Ал өзім Қарағандыдағы Әлия Молдағұлова атындағы спортқа бейімді, дарынды балаларға арналған облыстық спорт-интернатты бітірдім. Бұл жерде мені екінші бапкерім Владимир Владимирович Левченко жаттықтырды. – Алғашқы ірі табысың туралы айтсаң... – 2006 жылы Алматыдағы Медеу мұз айдынында Қазақстан чемпионаты өтті. Сол жарыста мен чемпион атанып, Қытайдың Чан-Чун қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына жолдама алдым. Бұл жеңіс мен үшін өте маңызды болды. Ұлттық құрама команда сапына қабылданып, Сергей Валерьевич Сургутинов сынды білікті бапкердің қарамағында жаттыға бастадым. Бір сөзбен айтқанда, Медеудегі жеңіс спорттағы карьерама жол ашып берді. – Сочи-2014 қысқы Олимпиадасына арналған спорттық киім үлгісі ұнады ма? – Шынымды айтсам, біздің спорттық форма үлгілерін көріп, оның әдемі дизайнына таң-тамаша қалдым. Жаңа заманға сай, өзіндік сән мәнері бар екен. Меніңше, біздің форма үздіктердің қатарынан орын алуы тиіс. – Дастарқан мәзірінен не ұнайды? – Менің сүйікті асым – қазақтың ет тағамы. Мейрамханаларға бара қалғанда, көбіне осы асқа тапсырыс беремін. Жалпы, біз, конькишілер соншалықты диета сақтап жатпаймыз, көңіліміз қалаған асты жей береміз. – Саған басқа мемлекеттің атынан өнер көрсетуге шақырған ұсыныстар түсіп жатса қайтер едің? – Білесіз бе, маған осындай сұрақтар жиі қойылады. Мұндай сұраққа беретін жауабым да дайын: мен тек Қазақстанның туы астында ғана өнер көрсетемін. Қазақстан сияқты жан-жақты дамып келе жатқан елде өмір сүретініме шүкіршілік етемін, салиқалы саясат ұстанатын Президентіміздің барлығын мақтан етемін. Мен – еліміз Тәуелсіздігінің төл құрдасымын. Сондықтан, Тәуелсіздік деген ұғымның мен үшін маңызы зор. Бір сөзбен айтқанда, мен – өз Отанымның патриотымын! – Екатерина, өзің көптеген елдерде болып жүрсің. Салыстырмалы түрде, біздің елдегі спорттың даму барысы туралы не айтар едің? – Біздің спорт ілгері дамып келеді. Қазіргі таңда бізді халықаралық аренада жұрттың көбі таниды, бізбен санасатын болды. Расын айтқанда, біздің осы дәрежеге жетуімізге спортшыларымыздың Лондон Олимпиадасындағы тамаша жетістіктерінің сеп болғаны сөзсіз.Әңгімелескен
Айқын НЕСІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
ҚАРАҒАНДЫ.