• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
06 Ақпан, 2014

Жер – елдің ерен байлығы

750 рет
көрсетілді

«Қазақстан-2050» Стратегиясы – жол көрсетер шамшырағымыз

Мемлекетіміздің ең басты саяси құжаты болып табылатын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауын ел тұрғындары жыл сайын асыға күтетіні баршамызға аян. Себебі, Елбасы өз жолдауларында еліміздің саяси-экономикалық, әлеуметтік дамуын, алдағы тұрған мақсаттары мен міндеттерін, алынатын асуларын, халқымыздың әл-ауқатын арттыруға арналған іс-шараларды айқындап, нақты бағыт-бағдар береді. Елбасы Жолдауындағы басты бағыт­тың бірі – ауыл шаруа­шылығын дамыту. Н.Ә.Назарбаев өз сөзінде «Бі­рін­ші кезекте, әсіресе, баға қалып­тас­ты­рудың ашық тетіктері арқылы тиім­ді жер нарығын құру маңызды. Ауыл­ша­руашылық жерлерін инвестиция тарту және озық технологиялар енгізуді ескеріп жалға бергенде ғана бәсеке күшейеді. Ауыл шаруашылығында бизнестің дамуына, фермерлер кооперациясы үдерісіне, жерді тиімді пайдалануға бөгет жасайтын барлық кедергіні жойған жөн», деп атап кетті. Жер – ел байлығы. Сондықтан да жер бүкіл елге қызмет ететіндей, өнім­ді­лігі мен құнарлылығын жыл сайын арттырып отырып, тиімді пайдалана­тын шаруаның қолында болуы тиіс. На­рық жағдайында жер өзінің бал бони­те­тіне, құнарлылығына, суармалы немесе тәлімі жерде, елді мекендерге, қала­лар­ға, ірі көлік жүйелеріне алыс-жақын орна­ласқанына байланысты бағаланып, екінші деңгейдегі банктерге кепілдікке қабылданатын болуы тиіс. 2000 жыл­дар­дың басында қабылданған Жер ко­дексінде жер нарығын қалыптастыру үшін жерді респуб­лика азаматтары сатып алатындай, кепілдікке қоятындай жағдай қарастырылған болатын. Алайда, көп жағдайда ауыл шаруашылығы жерлері арзан бағамен жалға беріліп, игерілмей, бос жатқан фактілер жеткілікті. Сондықтан да, жалға берілген, игерілмей жатқан жерлер кері қайтарылып, қолынан іс келетін, жер қадірін білетін шаруаларға берілгені өте дұрыс та әділетті шешім болар еді. Елбасы Жолдауында ауыл шаруа­шы­лығын мемлекеттік қолдау алдағы кезде ауыл шаруа­шылығы тауар өндірушілерін ұзақ­мерзімді қаржыландыру мен олардың қарыздарын кепілдендіру және сақтандырудың тиімді жүйе­сін құру арқылы шешілуі керек екені айтылды. Бүгінде елі­мізде шаруалар мен ауыл кәсіп­керлерін несие ресурстарымен қамтамасыз ету толық шешіл­меген. Екінші деңгейлі банк­тер көп жағдайда шаруаларға несие беруден, кепілдікке жер мен олар­дың ауылдағы ғимараттарын, тех­ни­каларын алудан бас тартады. Соңғы жылдары екінші дең­гей­лі банктердің портфелінде ауыл шаруашылығы саласына бағыт­талған несиенің үлесі небәрі 3,3-3,5 пайыздан аспайды. Еліміздегі несиелеудің қазіргі ком­мер­циялық жүйесі капитал айналымы жоғары деңгейдегі саланың табысына есеп­телген. Оның талабы мен несиелік мөл­шерлемелері табысы төмен ауыл шаруа­шылығы тауар өндірушілерінің несие­лік ресурстар нарығында басқа рента­бель­ділігі жоғары шаруашылық жүргізуші субъектілермен тең­дей қатысуына мүм­кіндік бер­мейді. Сонымен қатар, ауыл шаруа­шылығын несиелеудің қазіргі теті­гінде бірыңғай жүйелілік сипат жоқ. Ол жыл сайын өзгер­тіліп отырады. Сондықтан да, ауылда агроөнеркәсіп кеше­нін мем­лекеттік қолдауды күшей­ту­дің негізгі бағыттарының бірі – ауыл шаруашылығы банкін ашу. Өйткені, ауыл­да ел халқының 45 пайызы тұрады. 200 мыңға жуық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен басқа білім беру, ден­саулық сақтау, мәдениет, спорт, тағы басқа салаларда жұмыс істейтін кәсіп­керлер бар. Бір сөзбен айтқанда, ауылдағы банк клиенттерінің саны 1 миллионнан асып жығылады. Ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту, елді азық-түлікпен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттырып, бюджетке қомақты қаржы түсіру – осының бәрі ауылда ауыл шаруашылығы банкі керек екенін дәлелдей түседі. Мұндай банк болса, мемлекеттен агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған миллиардтаған қаржы бөліп беріліп қана қоймай, оны пайдаланудың тиімділігі қатаң бақыланар еді. Кеден одағы аясында жұмыс жа­сап жатқан Ресей мен Беларусь шаруа­ла­ры­на жері мен мүлкін кепілдікке алып, ұзақ мерзімге арзан несие беретін, бөлім­шелері барлық аудан, қалаларда орна­лас­қан Агробанк жұмыс істейді. Бізде де шаруа­ларға қолайлы жағдай жасайтын осын­дай банк болуы тиіс. Осылайша, біз ауыл шаруашылығын қолдауды ба­рын­ша күшейтуіміз керек. Сонда ғана біз­дің аграрлық секторды шағын және ор­та бизнесті несие арқылы қолдап, фермер­лерді ұзақмерзімді қаржыландыра аламыз. Елбасы Жолдауында айтыл­ған­дай, біз фермерлерге өткізу нарықтарына делдалсыз, тікелей шыға алатын жағдай жасауы­мыз керек. Ол үшін ауыл шаруа­шылығы өнім­дерін тауар өндірушілер мен сату­шылардың арасында тығыз байланыс­ты ынталандыру шараларына көбірек көңіл бөлу, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, дайындау, өңдеу, тасымалдау, сақтау, сату мәселелерін кешенді түр­де дамыту, ішкі сауда нарығының инфра­құ­ры­лы­мын жетілдіру мәселелерін шешуіміз керек. Іс жүзінде, бұл тауар өндірушілердің өзде­рі құрылтайшы болатын дайындау-сату кооперативтерін ұйымдастыру арқылы атқарылуы тиіс. Сонымен қатар, аталған мәселені ұсақ шаруа қожалықтарын біріктіріп, оларды ірілендіру, кооперациялау саясатын жүргізу арқылы шешуге болады. Себебі, тек іріленген шаруашылықтар ғана озат тәжірибе мен жаңа тех­но­логияның, ғы­лым­ның жетістіктерін ендіре алады, техниканы тиімді пайдаланады. Еңбек өнімділігі жоғары болып, өндірілген өнімнің өзін­дік құны арзандайды, өнім бәсекеге қабі­летті болады және ірі қалаларда өзінің фир­малық дүкендерін ашып, «егістік-дүкен» қа­ғидасымен тұтынушыларға өнімді дел­дал­сыз сату жолдарын шеше алады. Сон­дықтан да ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін мемлекет тарапынан қол­дауда басымдық ірілендірілген ұжымдарға берілуі шарт. Субсидия, лизинг, несие, салық жеңілдіктері осылай бағытталуы тиіс. Бұл, әрине, ұсақ тауар өндірушілерді қолдауға болмайды деген сөз емес. Бұ­ларға да қолдау көрсетілуі керек. Аграрлық секторда толық шешімін таппай келе жатқан мәселенің бірі – ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеп, тұты­нушыға жеткізу, экс­портқа шығарып бюджетке қомақты қаржы түсіру. Біз – ірі аграрлы елміз. Елімізде экологиялық таза, арзан ет, сүт, көкөніс, жеміс-жидек, бақша дақылдары жеткілікті өндіріледі. Алайда, оны өңдеу өз дәрежесінде емес. 2013 жылы елімізде өндірілген көкөністің 2,8 пайызы, еттің 28,8 пайызы, сүттің 35,3 пайызы өңдеуден өтті. Бұл – өте аз. Сондықтан да, Жолдауда айтылғандай, ауылдық жерлерде шағын және орта бизнес түріндегі жаңа өңдеу кәсіпорындарын ашып, оларды ұзақмерзімді, қолжетімді, арзан қаржылармен қамтамасыз етіп, алғашқы жылдары салықтан босатылатын каникулдары бар жағдайлар жасауымыз керек. Елбасы Жолдауында егін шаруа­шы­лығында суды көп қажет ететін тиімділігі төмен дақылдар көлемін қысқарту, оларды көкөніспен, майлы және азықтық өнімдермен алмастыру жолына бет бұру туралы айтылды. Мемлекет басшысының қойып отырған міндеттерін орындау суармалы жерлерді тиімді пайдалануға тікелей байланысты. Өйткені, суармалы жер кепілді түрде мол өнім береді. Бүгінде сырттан әкелінетін азық-түлік өнімдерінің басым бөлігі, атап айтқанда, қант, өсімдік майы, көкөніс, жемістер мен жүзім және мал мен құс шаруашылығы өнімдерін өндіруге қажетті жоғары белок­ты жемшөп дақылдары суармалы жерлерде өндіріледі. Алайда, соңғы жылдары суармалы жерлерді пайдалану тиімділігі күрт тө­мендеді, жердің өнімділігі 2-3 есе ке­міді, сорланған жерлер көлемі артуда. На­рықтық экономикаға көшкен 1991 жы­лы елімізде 2 миллион 300 мың гектар суармалы жер пайдаланылған болса, бүгінде 1 миллион 200 мың гектар жер пай­да­ла­ны­лып отыр. Мұны қалай түсінуге болады? Суармалы жерлерді пайда­ланудың бас­ты проблемаларының бірі – су жүйелерінің дер кезін­де тазаланып, жөнделіп тұр­мауы. Магистральдық, шаруа­шы­лық­аралық каналдар мен кәріздік-дренаждық желілер, су қоймалары мен гидротехникалық құрылыстар физикалық жағынан да, моральдық жағынан да тозған. Мысалы, қолда бар 63 855 км. гидротехникалық құрылыстардың 42 812 км-сі, яғни 67 пайызы қана­ғаттанғысыз жағдайда. 3 159 км. магистральдық каналдың 59 пайызы, 4 582 км. шаруашылық каналдарының 63 пайызы, 8 411 км. ішкі шаруашылық каналдарының 80 пайызы жөндеуді керек етеді. Тиімсіз, ескірген ирригациялық жүйелерді пайдаланудан су ысырапқа ұшырауда. Суды айтарлықтай үнемдейтін тамшылатып суару мен жаңбырлатқыш қондырғылар аз пайдаланылады. Елбасы Жолдауында 2030 жылға қарай егіс алқаптарының 15 пайызы суды үнемдеу технологиясына көшірілетін болады деген міндет қойды. Бүгінде елімізде 1 гектар суармалы жерге ағын су нормадан артық жұмсалады, су пайдалану коэффициенті төмен. Республика бойынша су пайдалану коэффициенті 0,72 болса, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарында ол 0,62 ғана болып отыр. Егер еліміз бойынша су пайдалану коэффициентін 0,82-ге көтерсек 127 000 гектар жерді суландыратын 1 миллиард 272 миллион текше метр су үнемделеді екен. Дамыған елдерде 1 килограмм ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге 165-600 литр су жұмсалса, бізде 1200-2500 литр су немесе 6-7 есе су артық жұмсалады. Сөйтіп, жыл сайын елімізде 100-150 миллиард теңге көлеміндегі ауылшаруашылық өнімдері өндірілмей қалуда. Суармалы жерлер жыл сайын кепілді мол өнім беретін, қайтарымы жоғары, ауыл шаруашылығының «алтын қоры» ғана емес, ол сол өңірлерде тұратын ха­лық­тың өмір тіршілігі, әлеуметтік жағ­дайы, тағдыры. Суармалы жерлердің жағ­дайы жөнделсе, елімізде азық-түлік молшылығы болады, агроөнеркәсіп кеше­нінің экспорттық әлеуеті артады, импорт азаяды, республика халқының, ауыл тұрғындарының жағдайы жақсарады. Еліміздің Кеден одағы мен Бір­тұтас экономикалық кеңіс­тікке енуі және алдағы кезде Дүние­жүзілік сауда ұйымына мүше болуы жағдайында жоғарыда атал­ған мәселелердің тез арада әрі өз деңгейінде шешілуі өте өзекті. Себебі, еліміздің Ре­сей мен Беларуське қарағанда клима­ты мен ауа райы қаталдау, ылғал аз, жер­лері­міздің құнарлылығы да төмендеу. Бұл біздің шаруа­лардың Ресей, Беларусь ел­дерінің ауыл шаруашылығы тау­ар өндірушілерімен бәсекеге түсу қабілетін төмендетеді. Оның үстіне, Белоруссияда шаруа­ларды мемлекеттік қолдау елдің агроөнеркәсіп кешенінде өндірілген өнімнің жалпы құнының 18 пайызын құраса, Ресейде 8 пайыз, ал бізде небәрі 4 пайызды ғана құрап отыр. Сондықтан да, отандық ауыл шаруашылығына мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетілуі тиіс. Жоғарыда айтылған Елбасы тапсырмаларын орындау үшін Үкімет үстіміздегі жылы бұрын қабылданған «Агробизнес-2020» бағдарламасына тиісті өзгерістер енгізуі керек. Президент жолдауларында айтылған көкейкесті мәселелерді іске асыруда біздер, Парламент депутаттары өз орнымызды тауып, өз үлестерімізді қосуымыз керек. Біріншіден, Жолдаудан туындайтын міндеттерді ел арасында, сайлаушылар арасында, әртүрлі кездесулерде бұқаралық ақпарат құралдары мен теледидар арқылы түсіндіру мен насихаттау жұмыстарын атқаруымыз керек. Депутаттар алдындағы екінші бас­ты міндет Үкіметпен бірлесе отырып, Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған нақты тапсырмаларды орын­даудың заңнамалық базасын қамтамасыз етуді уақтылы және сапалы шешу болып табылады. Жолдауда атап көрсетілгендей, депутаттар корпусы алдында геология саласындағы заңнаманы жеңілдету, вен­чурлік қаржыландыру, зияткерлік мен­шікті қорғау, зерттеулер мен инно­ва­цияларды қолдау, сондай-ақ, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру жөніндегі заңнаманы жетілдіру және жекеменшік институтын заңнамалық тұрғыда нығайту мәселелерін шешу мін­деттері тұр. Осыған байланыс­ты Үкіметтен заң жобаларын Пар­ламентке сапалы, уақтылы дайындап енгізгенін өтінген болар едік. Алдымыздағы мақсат айқын. Ендігі кезекте, әрбір қазақстандық, әрбір мекеме, кәсіпорын, мем­ле­кеттік қызметкер Президент Жол­дауына сай өз орнын таба білуі тиіс. Бәріміз осы жолда бір кісідей жұмылып, ел бірлігін, ынтымағын, ауызбіршілігін нығайтайық, еселі еңбек пен тынымсыз тірліктің үлгісін көрсетіп, аянбай тер төгейік. Қуаныш АЙТАХАНОВ, Парламент Сенатының депутаты.
Соңғы жаңалықтар