Бүгін Үкімет отырысында Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев Индустрияландыру картасының өңірлік жобалары туралы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Индустрияландыру картасының өңірлік жобалары екі негізгі бағыт бойынша еліміздің бес облысында шоғырланған. Мұнай және газ өңдеу саласында 113 млрд теңге құрайтын алты жоба бар», деді М. Мырзағалиев.
Оның ішінде: Ақтөбе облысында 7,9 млрд теңге сомасына төрт жоба іске асырылуда. Атап айтсақ, мұнай-химия реагенттерін өндіру, монтаж көбігі, минералды мақта бойынша, сондай-ақ ілеспе газды қайта өңдеу жобалары. Бұл жобалар биыл іске асырылып бітеді. Нәтижесінде, 300-ден астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Түркістан облысында 105 млрд теңге сомасына екі жоба іске асырылып жатыр. Биылдың соңына дейін мұнай өнімдерін өндіруге бағытталған жоба аяқталады деп күтілуде. Сондай-ақ, 2022 жылы мотор отыны мен мұнай-химия өнімдерін дайындайтын зауыттың құрылысы жоспарланып отыр. Осы жобаларды іске асырудың нәтижесінде 400-ден астам жаңа жұмыс орны пайда болады.
«Жаңартылатын энергия көздері саласында 87 млрд теңге сомасына 10 жоба жүзеге асырылып жатыр. Жиынтық қуаты 170 МВт болады. Атап айтсақ, Шығыс Қазақстанда, Алматы және Қостанай облыстарында 9 жел электр станциясы салынып жатыр. Бір гидроэлектро станциясының құрылысы Алматы облысында жүзеге асуда», деді министр.