• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
06 Ақпан, 2014

Академик Мұхтарбай Өтелбаев: Ғылымға керегі – дарын, дарынға керегі – ғылым

1560 рет
көрсетілді

«Үш нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек», дейді Абай. Осы үш қасиет бойынан табылатын, «Бармысың бұлттан биік, ұлттан төмен, Қазақтың бетіндегі ұяттары» (Мұхамеджан Тазабеков), деп Алаш рухты ұлтымыздың бір мәшһүр ұлымен пікір бөліскен едік. Ол – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұхтарбай Өтелбаев еді. Ол қазір ел аузында жүрген, қазақ үшін «эврика» дейтіндей «мыңжылдық проблема», яғни әлемдегі күрделі жеті есептің бірін шешкенін аспай, таспай баян етеді. – Иә, осы есепті шешу жолына қырық жылға таяу өмірімді арнаппын. «Әй, қойшы!» деп жылы жауып қойған күндер де кездесті. Бірақ, айналып соға бердім. Бір тылсым күш еркіме жібермеді. Ақыры проблема шешілді, түбі қайырлы болды. – Әйгілі Клэи математика институты осы «жеті проблеманың» әрқайсысына 1 миллион АҚШ доллары көлемінде бәйге тіккен екен. Міне, сол есептің бірін Архимед пен Евклидтің елінің оқымыстысы емес, қазақ ғалымының шешуі шексіз абырой деп білеміз. Әлемге ұлтты, тәуелсіз халықты таныту деген осы болар деп ойлаймыз. – Әй, артықтау мақтау болып кетті ме?! Біраз өмірімді арнаған «Новье-Стокс теңдеулерінің мықты шешімінің болуы» деген еңбегімді жарияладым. Бұл – сұйықтық пен газдың қозғалысына арналған. Есепті ғылыми жолмен шешуге ұсынғалы да жүз жылға таяп қалды. Бұл теңдеу тайфун, цунами тәрізді табиғи құбылыстардың пайда болуын, қозғалыс қайдан басталып, қайдан аяқталатынын анықтауға мүмкіндік береді. Бүгінгі күнге дейін мыңжылдықтың жеті проблемасының біреуі ғана, яғни, Пуанкаре гипотезасы еді. Оны орыс ғалымы Григорий Перельман деген математик ше­шіп, Филдс сыйлығын алды. КСРО кезінде атақты ғалымдар А.Колмогоров, В.Арнольд, В.Монахов, өзгелер де талпынған. Мәселе мынада, теңдеу шешілді. Дегенмен, мен оны жай шешкен жоқпын. Шешу әдісін ойлап таптым. Ашылған жаңалықты жеткізу де оңай емес. Дәлеліңді, дәйегіңді айнадай анық етіп, түсіндіріп жазуың керек. Соған табандаған бір жыл уақытым кетті. Алғашқы анықтамаларымды талантты математик Махмұт Садыбековке түсіндірудің өзі қиын болды. Содан оннан аса түсіндіру нұсқасын әзірледім. Бір әріп, не бір саннан қате кетсе, бүкіл еңбегің еш, тұзың сор. Әлі жетілдіру үстіндемін. Ағылшын тіліне де аудартып жатырмын. Соның бәрі сауатты жүрмесе жаңалығың жетпей қалады. Ал бағалануы қалай деген сұраққа келер болсам, жақсы. Өзіміздің оқымыстыларымызбен қатар, Ресей ғалымдары қазақ үшін биік мәртебе деп жатыр. М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры Виктор Антонович Садовничий қатты қуанып, тілектес болуда. – Сөзіңіз аузыңызда, сол білімдар ғалым, білікті басшы В.Садовничий Отанымызға атізін салған бір сапарында «О, великий математик Утелбаев!» дегені бар еді. – Әй, ұлылық үлкен ұғым ғой. Оны кез келгеннің қанжығасына байлай беруге болмайды. Виктор Антоновичтің маған деген ілтипаты, еңбегімді бағалағаны шығар. Бірақ мен өзімді ұлы, тұлға дегенге келіспеймін. Ондай қасиетті сөз миллиондардың біріне ғана берілетін керемет ұғым. Әркімге тели беру артықтық етеді. Кім ұлы, кім тұлға – ол тарихтың еншісіндегі нәрсе. – Сіз бұған дейін де математикада елеулі жаңалықтарды ашып, ел игі­лі­гіне жараттыңыз. Әйгілі Штурм-Лиувилль операторының әмбебап функ­циясының шешімін таптыңыз. Бұл арқылы «q* – Өтелбаев функциясы» деген функция енгізілді. Әзербайжандық ғалым Ф.Әлиев: «Мұхтарбай осы есепті шешті де, спектрлік теорияны мұсыл­мандардың теориясы жасады», депті. Сіз шешімін тапқан «мыңжылдық проб­лемасына» да бір ат берілетін болар? – Ғылым жолына түскен соң оған бүкіл саналы ғұмырыңды арнап, ізденесің. Теңдеуді шешу үшін алдымен оның әдісін табуың керек болады. Дәл әдісін тапсаң, есеп шешіледі. Математика әлемінде бұл жаңалық «Өтелбаев әдісі» деп аталатын болу керек. Мен кейбіреулер секілді жаңалықты «Мен ғана ашайын, қазақ ашпасын» деген пиғылдан аулақпын. Бәрі халқым үшін деген адаммын. Оны айтасың, мені шетелдіктер көп шақырады. Құдайдың құдіреті, қазақ жерінен шыққым келмейді. Осы арада мына бір байламымды айта кетсем деймін. Мен келешекке қажет есептегі теңдеулерді шешуге талпынумен бірге, өткен күндерге де көз жіберіп, бізге жол ашқан, үлгі болған ұлтымыздың мықтыларына ілтипат білдіріп, еңбектерін еске алып, шәкірттеріме: «Біз көктен түскеміз жоқ» деп отырамын. Қазақ – тәуелсіздікке дейін біраз азапты көрген халық. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы ойранда біздің математиктердің зардап шегуі былай тұрсын, ақыл иелерін саналы түрде жойған. Солардың бірі, зұлмат құрбаны, 1934 жылы Нобель сыйлығының лауреаты, атақты ғалым Леонид Канторовичтің жетекшілігімен «Интегралдық теңдеулерді жуықтау шешу» деген тақырыпта физика-математика ғылымдары бойынша кандидаттық диссертация қорғаған тұңғыш қазақ Ибадулла Ақбергенов еді. Сол запыранды заманнан кейін қазақ математиктері көпке дейін ес жия алмады. Математика ғылымы мүлдем тұралап қалмаса да, әлсіреді. Дегенмен, билікке Дінмұхамед Қонаев келген соң, қазақ ғылымы серпілді. Ғалымдар серги бастады. Асан Тайманов, Орынбек Жәутіков, Тө­ле­бай Аманов, олар­дың ізін басып Базар­бай Оразбаев, Құлжа­бай Қасымов, Өмірзақ Сұл­танғазин, тағы басқа алыптар шықты. 1970 жылдарға қарай өртеңге өнген балаусадай жас математиктер қау­лап өсті. Сексенінші жылдардың орта­сын­да қазақ математиктері таныла бас­тады. Тіпті, біраз республикалардың алдына шы­ғып кет­ті. Т.Кәлменов, Р.Ойна­­­­ров, М.Мұ­рат­­беков, А.Жұмаділдаев, У.Өмір­баев, Е.Нұр­сұлтанов, Н.Темірғалиев, өзге де аза­­маттар жарқырап шықты. 1991 жылы Дүние­­жүзілік конгресте жария болған айту­­лы мың математиктің 30-ға жуығы қазақ­­тар болды. Бұл өте жоғары көрсеткіш еді. – Қазір қалай? – Дәл ондай емес. Мыңның ішінде жиырма шақты болып қалар. Мұның себебін КСРО құлағаннан кейінгі басталған аласапыраннан іздеу керек секілді. Әлемдік ғылымның өзіндік даму дәстүрі, үрдістері бар. Жақсы ма, жаман ба мен бағасын беруге ұмтылмаймын, оған уақытымды қор етпеймін. Бірақ Кеңес дәуірінде сол дәстүр сақталып еді. Біз содан айырылып қалдық. Мен осыдан біраз жыл бұрын экономикалық дағдарыс он жылға созылса, ғылымдағы дағдарыс жиырма жылдан әрі кете қоймас деп ойлайтынмын. Сөйтсем, ғылымдағы дағдарыс ұзаққа кететін көрінеді. Сондай кезең адамдардың психологиясына қатты әсер етеді екен. Соның кесірінен, басқа саланы қайдам, математикаға келетін жас күштер азайды. Өткен ғасырдың 70-80-жылдары мықты математиктердің жасы 40-тан төменгілер еді. Осы күндері 50-60 жастан асып кетті. Тәуелсіздік алғанда, патриот ғалым­дар қатты қуанды. «Орталыққа жалтақ­тамай, қазақ ғылымын дамытамыз, жас­тарды қатарымызға тартамыз» деп жігер­ленді. Бірақ, сол тоқырауды пысықай псевдоғалымдар өз мүддесіне тиімді пайдаланып кетті. Құзырлы мекемелердің тізгін-шылбыры көбінде солардың қолында еді. Таза ғылыми ізденіспен жүргендер былай қалып, шенеуніктер мен әкімдер, билігі барлар ғылым докторы, профессор болып шыға келді. Ғылым туралы сөзді солар айтты. Тіпті, ондайлардың қызмет үшін болған талас кезінде бүкіл бір саланы құрбандыққа шалып жіберетінін қайтесің. Ең бастысы, өздерінің жайлы орынға отыруы, отырмауы жолындағы тартыста халықтың мүддесін естен шығарып алады. Бұған Ұлттық академияның құлауы дәлел болады. – Қазір жастардың ғылымға келуі қалай? – Оралман деп жүрген бауырлары­мыз­дың балалары біздің салаға келе бас­тады. Өзімізден көп өспей тұр. Елуге жетпеген бір дарынды ғалымды ғана білемін. Оның өзі Моңғолиядан келген. Ой-санасы мықты, алымды жастар бар. Оның үстіне біраз білікті де білімді жасты шетелдерге оқуға жіберіп жатыр. Бұл да жөн. Әлемді таниды, бәсекелестікті көзбен көреді. Қолымен ұстайды дегендей. Бірақ, олар сол жақтан оқу бітіріп келген соң, ақшасы аз ғылымға келгісі келмейді. Мықты жерден орын алуға ұмтылады. Бойларында «Мен анау елдің атақты университетін бітіріп келгенмін, маған бірінші кезекте жағдай жасалуы тиіс» деген өркөкіректік (гонор) көш жерден көрініп тұрады. Оған сен ғылымға кел деп айта аласың ба? Жоқ. Мен кейде ондай азаматтарға: «Қазір сендерге жағдай жасалмаса, Елбасы қолдап, қолпаштап, қыруар қаржы бөліп сондай оқу орындарында оқытты. Енді сен, тәубе дейтін тәуелсіз елдің келешектегі буынына жағдай жасау үшін бар күш-жігерімді жұмсаймын, білім-білігімді осы жолға арнаймын» демейсің бе?» десем, олардың орысшалап айтқан сөзінің түбірі: «Пусть после меня трава не растет». Шетінен бәрі өзімшіл. – Сіздің бойыңыздағы Отан, ұлт, жұрт деген патриоттық ұғымның бастау басын білуге бола ма? – Неге болмайды. Болады. Бастау басы: ұлтымда, жұртымда жатыр. Дарын­ды адамның қай-қайсысы да жақсы мағынасында ұлтшыл болып келеді. Анау жақтыра ма, мынау жақтырмай ма демейді. Жылпостыққа, жылмағайлыққа жаны қас. Ақиқатты айтып қарап тұра береді. Мен батырлар жырын, термелерді қолтықтап жүріп оқыдым. Отаншылдық, батырлық, шешендік, ел мен жерді қорғау, ел болу, үлкенді сыйлау, кішіге қамқорлық жасау – бәрі сол халық жырларының ішінде. Менің қолымда билік болса: «Патриот бол, қазақ бол, тіліңді біл!» деп бос сөйлемей, күніне екі сағат әлгі батырлық, өзге де жырларды, ұлттық үлгілерді оқытып, үш сағат қазақтың байтақ даласында дене­шынықтыру сабағын өткізер едім. Әрине, кейбір «білгіштер» ол заман қайда, бұл заман қайда дер. Біз осындай сөзімізбен өзімізді ғана емес, жастарды да ұлтты сүю сезімінен айырып, бүлдіріп келеміз. Қазір не көп, реформа көп. Шенеуніктер сол реформалар арқылы бірден алға секіріп, бәрін дамытып жібереміз деп бар дәстүрді жоғалтты. Ол енді сынға ұшырап жатыр. – Сіз 9 жасыңызда мектеп табалды­­рығын аттапсыз. Осы күндері үш тілде 6 жастан оқыту қолға алынды ғой. – Қалалы жердегі білгір делінетін кей отбасылардың бір-екі баласына қарап «иә» деуге болар. Бүкіл ел көлемі, қияндағы ауыл – осыған әзір ме? Балалардың қабілетін, зерде-зейінін зерттедік пе? Үш ауысымды мектептерді түгел жойдық па, білім ұяларындағы база көңілді көншіте ме?.. Баланы оқытып-оқытып шаршатып, оқуды көрместей етіп жіберуге болады. Оның үстіне қала баласының көзі ойылғанша, қалжырағанша «тамашалайтыны» аз ба? Ауыл баласы әлі де болса оқуға, білімге ынталы. Көбі қалаға келгеннен кейін ала-құла тірліктен бүлінеді, содан кейін жаман атқа ұрынады. Ұл мен қыздың сегіз-тоғыз жасқа дейін еркін өскеніне не жетсін. Менің жылым – жылқы. Жетпіс екіге келіп қалдым. Ғылыми жұмысым өз алдына, мені соңғы кездері байқалып қалатын ұлт ұрпағы арасындағы оралымсыздықтар толғандыратын болып жүр. Алла сақтасын, дінге бөлінушілік жүрегімді сыздатады. Біз мойнымыздағы қарыз бен парызды ұмытып, жалғандыққа, өзімшілдікке ұрынып, тәуелсіздікті көбіміз бағалай алмай жүрміз. Бұл ойлану былай тұрсын, қасіретті қылық деп білемін. Былайғы жұрт, әсіресе, мектеп оқушылары өте намысшыл, ұлтшыл. Шетінен: «Менің елім, менің жерім!» деп оң қолын кеудесіне қойып, қасқайып тұрады. Ал, қалай екенін қайдам, студенттер арасында мұндай отаншылдық рух аз. – Неге? – Мен де осы «неге» деген сұрақты өзіме қойған кезде, түн ұйқым төрт бөлінетіні бар. Біздің бойымыздағы кейбір көргенсіздіктерді көрген соң солай ма, кім біледі. Көбі шенеунік болуды көздейді. Шенеунік болып алғандары ел дегенді ұмытып қалады. Кейде ойлаймын, жүз ­пайыз болмаса да, тоқсан пайыз қазақ патриот болса, ұтылмас едік деп. Біз өтпелі заманды желеу етіп, байлықты, мансапты айтамыз. Сөйтіп, ұлттық тәрбие жайына қалады. Бізді түптің түбінде опындыра­тын осы емес пе екен? Жоғары оқу орын­да­рындағы тәрбиені жақсарту керек. Рек­торлар, олардың төңірегінде есебі күшті пысықайлар бос шіренбей, тек жақсы атты болсам деп әркімнің аузын бақпай, өзі де тың байламмен, адал жұмыс істеуі керек-ау! – Өзіңіз де ректорлық қызметте болдыңыз емес пе? – Сұрақтың астарында сіз «Не бітіріп едіңіз демексің ғой». Иә, ректор болдым. Сол жұмысқа ұсынған азаматтарға әлі күнге рахметімді айтамын. Бірақ, ол орында көп отырмадым. Өйткені, жауапкершілігі күшті екен. Оның үстіне облыстың депутаты боласың деп жазып қойды. Студент пен оқытушыға қайтсем жақсылық жасай­мын деп, өзімнен жоғарыдағылармен айқа­сып жүргенде, сайлаушы халық сенімі қосылды. Бәрінің ниеті түзу. Шарапат күтеді. Жақсы сөз естігісі келеді. Біраз уақыт тырысып көр­­дім. Ақыры: «Менің алға қойған мақ­са­тым – ғалымдық еді ғой. Шенеу­нік болып жүре бер­сем бүкіл өміріме балаған ғылым қай­да қа­лады? Маған қызмет не үшін керек? Қой, адас­пай, алжаспай тұрғанда өз жолыма тү­сейін», деп өтініш беріп, ректорлықтан кет­тім. Содан бері тек ғылым саласында келемін. – АҚШ-тың үшінші президенті Томас Джеферсон (1801-1809) елді көтеру үшін жастарды Еуропаға оқуға жіберген. Білім алып келгендермен жүздескенде олардың көбі артына қарап, аңырып тұрғанын байқаған соң, «Енді Еуропаға оқуға жіберуді тоқтатып, мұғалімдер шақырып, маман дайындауды өз жерімізде қолға алайық», депті. Екі ғасырдан кейін біздің Елбасы да сондай көрегендікпен Назар­баев зияткерлік мектептері мен Назар­баев Университетін ашып отыр. Осындай дара даналық туралы сіз не айтасыз? – Мен Мемлекет басшысының өзің айт­қан көрегендігін шын ниетіммен қолдай­мын. Тек әлемдік деңгейдегі әдемі істі жетілдіре берсек, ол Мәңгілік Ел білім жүйесінің алтын арқауы болып қалары сөзсіз. Оған кейін тоқталайын. Шетелден үйренген дұрыс. Бірақ, менің топшылауымша, әлі оң-солын толық тани қоймаған мектеп оқушыларын, жаңа бітірген түлектерді, студенттерді бакалавр бойынша жіберуді қолдамаймын. Тапшы мамандықтардан магистратурада оқытқан абзал, PhD докторантура бойынша жіберу керек. Ал Президенттің озық идеясын жүзеге асырып, әлемдік талап деңгейінде жұмыс істеп жатқан Назарбаев Университеті мен Назарбаев зияткерлік мектептері үлкен жетістік. Осы арқылы ұлттық білім жүйесін біртіндеп қалыптастыру туралы идеясы да асқан көрегендік. Менен: «Қазақ елінің мықты ғалымдары сол университетте неге сабақ бермейді?» деп сұрайтындар бар. Ондай ой айтушыларға: «Шетелдіктерді қуып жіберіп, өзіміз оқытамыз десек, қанаттанып келе жатқан ол білім ордасын Еуразия университетіне қоса салу керек қой», деймін. Шетелдіктердің сабақ бергені дұрыс. Студенттерге бірдеңе үйретеді. Олардың психологиясы бөлек қой. Мен өзіміздің ғалымдармен, оқытушылармен байланыс жасап, қатыстыру қажет дегенге қосыламын. Түптің түбінде сол университет­ке өзіміз ие боламыз. Соған талпыну бізге парыз. Ол үшін ұлт интеллектісін көтеру керек. Ин­теллектісі жоғары ел, халық барды тиімді пайдалана алады. Бізде дарынды ғалымдар бар. Оған бір мысал келтірейін. Солардың бірі емес, бірегейі Уалбай Өмір­­­­­баев­ты атар едім. Сол ғұлама математик сырт­та жүр. Біздің шенеуніктердің тағы бір жаман жері бар. Мықты адамдардан қор­қады. Ор­нымды тартып алады дей ме, бір пә­лесі бар, әйтеуір. Олар өлермендік таны­­­тып ондай мықтылардан қорыққанша жағдай жа­саса екен. Нағыз ғалым шенеунік, шенеу­­ніктің қасынан қалмайтын көлеңке болу­ға бармайды. Менің шәкіртім Рысқұл Ойна­ров та керемет жаңалық ашты. Оны математиктерден басқалар біле бермей­ді. Ол – «Ойна­ров ядросы» деп аталады. Сол теория әлем­дегі айтулы ғылыми еңбек­­­­терде жүр. Мұндай мысалдарды тізе берсем, баршылық. – Көрнекті ғалым Асқар Жұмаділдаев бір мақаласында: «Ғылым шама-шарқынша дамып жатыр. Бірақ, сабақтастық жоқ, ғалымдардың ізін басушылар жоқ. Әңгіме сонда. Санаулы ғана ғалымдар бар. Ғылымға өңкей кедей, үйі жоқ келеді. Ғылымға бір миллионердің баласы келгенін әлі көргенім жоқ. Байлардың баласының ең жаманы жоқ дегенде банкте басшы болады. Бұл менің білетінім ғана», деп еді. Сіз бұған не дейсіз? Жалпы, ғылым беделі, ғалым абыройы дегенге қалай қарайсыз? – Мен Асқардың ойына қосыламын. Өз тұжырымымды да білдіріп жатырмын ғой. Ғылым да, ғалым да халыққа қызмет етеді. Ғылымның да, ғалымның да беделін кешегі тоқырау жылдарында жалған ғалымдар түсірді. Өзің айтқан Асқар Жұмаділдаев кейбір ғылымдағы ғалымдар 90 пайыз плагиаттар екенін айтып, «Олармен күресу керек» дейді. Қаптап кеткені рас. Қалай күресесің? Бір қуанарлығы атүсті қорғау тоқтады. Сол кездегідей лауазым иелері ғылыми атағын айтудан да, мен ғалыммен деуден де қазір тыйылған тәрізді. Өйткені, көбінің көрсететін еңбегі болмай қалды. Әркімнен бір көшіріп алған соң, қалай көрсетеді? PhD докторантураның ережесін жасағандар, тағы да шенеунік ғалымдар. Біраз күресіп, ережеге өзгеріс енгізбек болғанбыз. Министрліктегілер есе бермеді. Дегенмен, кейбір тұстарын дәлелдедік. Ол жеміссіз емес. Бір қызығы, соңғы кездері PhD докторлығын алуға пысықай псевдоғалымдар кірісіп кеткен секілді. Аяғы не боларын қайдам. Ғылым, ғалым беделін көтеріп жүрген тәуелсіз елдің Мемлекеттік сыйлығы. Әр жылдары бір-бірден төрт математик мәртебелі сыйлықты алдық. Ал кей салалардан топ-топ болып, иеленгендердің ішінде шенеунік те, бизнесмен де жүреді. Бұл күмәнді ойға қалдырады. Үштен асқан соң бұл қалай, деген сұрақ менің көкейімнен кете қоймайды. Мұны неге қозғап отырмын, қалай десек те, Мемлекеттік сыйлық – Отанымыздың бас сыйлығы. Көңілге қарап, мәртебесін төмендетіп алмасақ екен. – Сіз бір әңгіме үстінде: «Біз автомашина жасап Жапониядан, компьютер жасап Америкадан, ұялы телефон жасап Финляндиядан оза алмаймыз. Бір ерекше жаңалығымызбен олардың алдын орауымыз керек. Ол дамып келе жатқан робот дәуірі», деп едіңіз. – Жақсы есіме салдың. Сол айтқаным – айтқан. Өткен ғасырдың ортасында Хрущев бұл атом ғасыры деп айқайға басқан болатын. Сөйтсек, атом ғасыры емес, компьютер ғасыры болып шыға келді. Енді робот ғасыры келді. Мен ана бір жылдары есептеу бағдарламаларын компьютермен шешуді ұсындым. Бұған біреулер сенбеді. «5 миллион доллар берсе, 5-10 жылдан кейін 1 миллиард, одан да көп қаржы өндірер едім. Амал не, қол қысқа», дедім. Осы ойымды енді робот туралы айтсам деп отырмын. Ғылымда талпынбай, ізденбей болмайды. Қай уақытта да «Неге» деген сұрақтың төңірегінде ойланып жүруге тиістісің. Ізденбеген, талпынбаған жерде ғылым тоқырайды. Робот туралы ерте қимылдасақ, бірдеңе шығарар едік. Біздің шенеуніктер менің бұл сөзіме кекесінмен жымия қарап, таяуда қозғалмауы мүмкін. Олар Елбасы айтпаса, бұл не сөз дей қоймайды. Президент «Жасыл экономика», «Таза экология» туралы айтып еді, бәрі бірауыздан қолдап кетті. Біз жел қондырғыларын ойлап тапқан едік. Онымен энергия көзін алуға болатынын әлдеқашан дәлелдегенбіз. Енді сол іске асатын түрі бар. Қолға алынды. Мен Алладан сұрап жүремін, робот жайлы айтқаным Елбасыға жетіп, биліктегілерге жалтара алмайтындай тапсырма берсе екен деп. – Мемлекеттік тіл, жер туралы да ойлы пікірлер айтып жүрсіз. Тіл, ел қадірі, жер қасиеті есті адамның не саналы ұрпағының көкейінде шерменде болып қатып, артынан ол оянғанда түп тамырын іздемей қоймайды екен. Соның бір дәлелі сонау Еуропадағы Мажардан келіп, қазақ топырағынан мәңгілік жай тапқан Иштван Қоңыр Мандоки еді. Қоңырдың жары Айшамен бір жолы тілдескенде, Қоңыр жұмыс бөлмесіне ағаштан жасалған атты ерттеп қойып, кең далада келе жатқандай күй кешеді екен. Тіпті, он екі өрме қамшысын құлаштап сермейтін көрінеді. Қазақ елінен алдырған жылқының қазысы мен жал-жаясының бір кесегін астырып, соны әлгі жасанды аттың үстінде отырып, бір тамшысын қалдырмай ішетін болған. «Бабаларым байтақ жерін осылай ат үстінде ас ішіп жүріп-ақ қорғаған», дейді екен. Біз қолда бар алтынның қадіріне жетпей жүргенде, қиянда күн кешкен Қоңырдың ондай рухты оятар ісі сабақ алуға тұрарлық емес пе? – Әрине, бұл жай тәмсіл емес, үлгі алар нәрсе екен. Алла қазағымды сондайдан сақтаса екен. Өзім қазақ болсам, неге ел сөзін айтпауым керек. Оның үстіне Нұрсұлтан Назарбаев Мәңгілік Елдің мәңгілік тілі, қасиетті жері туралы айтып жатыр. Ол бізге де, кейінгі ұрпаққа да жүктелген жүк. Шын мәнінде мемлекеттік тіл – мемлекеттің қажетін өтеп отыр ма? Оның тірегі біз болмасақ кейінгілер «е, орысша сөйлей берсе болады екен» деп арқасын кеңге салып жүре береді. Қазақ екенімізді ұмытпайық. Үйімнің төрінде, жұмыс бөлмеде қазақтың киелі домбырасы тұрады. Сырлы сыбызғы да бар. Кейде қолға алам, керемет қуат, шабыт береді. Ел ақсақал деп айта бастағанда, аталы сөзімді батыл, батырып айтуға құқылы шығармын. Мемлекет тілін үлкен-кішінің түгел білу үрдісін КСРО көрсеткен. Ол бәріміздің жадымызда. Соны көріп, біліп отырып, мемлекеттігін алған елдің тіліне немқұрайлылық таныту, былдыр-былдыр, шүлдір-шүлдір ету кешпес күнә. Мен: «Басты тіл қазақ тілі болғанда, орыс тілінде сөйлей бер», деп өз тіліме, еліме дұшпандық танытқым келмейді. Мен кім болса, ол болсын: «Мені сыйламасаң да мемлекетті, сол мемлекеттің тілін сыйла», деймін. Қорықпай жаза бер, мен айтпағанда, сен айтпағанда мұны кім айтады. Ешқашан да қазақ тілі, орыс тіліне, өзге тілге енді өз есесін жібермейді. Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясында, соңғы Жолдауында «Қазақ тілі бүгінде ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналды. Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар, ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болады» деп ерекше атап өтті. Осыдан кейін де серпілмейміз бе? Ежіктеп отыратындар, менсінгісі келмейтіндер ойлануы керек. Біздің шенеуніктер құлағының тыныш­тығын ойлап, «болашағы жоқ ауыл» деген желеумен жұртты қазірден-ақ қалаға көшіріп жібермек ойда. Сонда оларды бос қалатын жер тағдыры ойландырмай ма? Санадағы ұлттық рухты нарық заманы өшіріп тынған ба? Сөзім жалаң болмасын. Бір мысал айтайын: мен туып-өскен колхозда екі бөлімше болып еді. Бірі – орталық, екіншісі – тау бөктеріне орналасқан менің құт мекенім. Сол ауыл тұрғындары қазір жаппай көшіп жатыр екен. Өткенде бір азамат айтады, пәленнің үйін бір өзбек алды, мал бордақыламақ, тағы бір үйді басқа жақтан келетін туысына дүнген дайындап қойды деп. Ерсілеу естілсе де бұл біртіндеп басталған колонизация емес пе? Әрине, елге ұйытқы, тірек, ашына айналып, тоғына толғануы тиіс шенеуніктер ескі сарынмен халыққа бәрін итере салары хақ. Тіпті қазақ жалқау деген жауыр болған кінәні арта салар. «Сол жұртқа сендер ие емессіңдер ме?» десем не дер екен. Қандастары кеткен ауылға ертең басшы кім болады? Өздері қызметсіз қалып жүрмей ме? Қазақ колонизацияны бұрын бастан өткерген. Жоғарыда айтқан екі қазақтың үйден, жерден айырылуын мен қасірет деп түсінемін. Кейбіреулер қайдағы қасіретті сөз етіп отыр дер. Сақтанбасақ, мысқалдап кірген дерт батпандап басып, ұлтымызға зиянын тигізуі мүмкін. Жерден айырылсаң біттің ғой. Атамекенді бұлай босатуға болмайды. «Природа не любит пустоту» дейді орыстар. Сенің бір жазғаныңнан оқып қалғаным бар. «Бос жер жау шақырады» депсің. Біз көп нәрсеге елеусіз, бірлі-жарым деп қараймыз. Сондай бірлі-жарымнан «әттеген-ай» деп сан соққан тұстарымыз аз ба? Көкжиекті көріп өскен ұрпақ талантты да талапты, дарқан да дара болады. Тас қаланың баласы өзімшіл, өркөкірек келеді. Көрші Ресейдің зиялы жандары дарынды ұл-қызды ауыл-ауылды аралап тауып, ірі қалаларға әкеліп оқытады. Қазір де олар сол үрдісті жалғастырып отыр. – Академик Асқар Жұмаділдаев: «Америкада 1-сыныптың оқушылары талап бойынша бір жылда 100 сөзді жатқа білуі керек, 2-сыныптағыларға тапсырма 200 сөзден аспайды. Ал біздің оқулықтар балаларды 6 жастан ақындыққа баулиды» дейді. Сіздің бұған уәжіңіз қандай? – Асқар – керемет білім иесі. Ақиқаттан аттамайтын жігіт қой. Оқулық туралы әңгіме көп. Жазатын адам бар. Бірақ соның ақ-қарасын, бармақ басты, көз қыстыға салмай әділ айтатын адам кемшін болып тұр. Неге дейсің ғой, менің бір жақсы шәкіртім Әбдіғани Шыныбеков түсінікті тілмен, баланың өлшеміне сай келетін оқулық жазды. Бірақ, шығара алмады. Бір псевдоғалым өзін авторлыққа қос депті. Бұл тірідей қанау ғой. Ол көнбеген. Ананың қолы ұзын болуы керек. Шығартпай тастады. Бұдан соң оқулық оңа ма? Әркім өзінің бойы мен ойын өлшеу керек емес пе? Оның үстіне оқулық – оқулық қана емес, тәрбие құралы. – Осыдан он жыл бұрынғы әңгі­­­­мемізде сіз Эйнштейннің салыстыр­малық теория­сына өзгерістер енгізу үстінде екеніңізді айтып, «Дүниеде қа­тып қалған ешнәрсе жоқ. Дамып, дамы­тып отыру – өмір заңы», деп едіңіз. Осы тұрғыдағы зерттеу, зерделеу қалай болып жатыр? – Тың байламдар бар. Атом ғасыры – компьютер ғасырына ауысты. Енді компьютер ғасыры – менің болжамымша роботтар ғасырына сөзсіз жалғасады. Сондықтан жаңа ғасырдан қазақ өз үлесін алуы тиіс. Осы идеям­ды Эйнштейн теориясын зерделеу барысында жетілдіру үстіндемін. Мен «Эйнштейннің салыстырмалық теориясын модель ретінде қате емес, бірақ нағыз физиканы түсіндіре алмайды» деймін. Бұған дауласушылар табылады. Сондықтан «Математикалық тұрғыдан» дегенді қосып қойдым. Физиктер «е, бәсе» деседі. Ішкі түйін қағазға түсіп жатыр. Бір білетінім, дүниені толық түсіндіріп беретін бірде-бір теория жоқ десем қателеспеймін. Орта ғасырда Исаак Ньютон өз теориясын ашты. Ол Галилей-Ньютон теориясы деп аталды. Алғашында дүниенің бүкіл болмысы сонда көрініс тапқандай болған. Артынан олай емес екені белгілі болды. Ол да әлемнің бір моделі екен. Мәселен, адам моделі – адам­ның суреті емес қой. Эйнштейннің салыс­­тырмалық теориясын ашқаннан кейін физиктер дүние дәл осылай мәңгілік деп ойлады. Сөйтсек, ол да дүниенің бір моделі екен. Бұл саладағы философиялық байламдарымды досым Ақберген Базарбаев екеуміз қазақшалап жатырмыз. Ол дін мәселелеріне қатысты. Қазір дін туралы әңгіме де, содан туындаған лаңкестік қатер де аз болмай тұр. Алланың ақиқатын адам біле тұра – сан құбылтады. Мен осы тұрғыдағы философиялық еңбектерімді зердеден өткізіп жатырмын. Жаратушы Ием пендесін өмірге әкелді. Кем болмасын деп ақыл берді, еркіндік берді. Біз соны түсіндік пе? Түсініп жүрміз бе? Берген ақылын орнымен пайдаланып, игілікке жарату жағы қалай? Ақылды аздырып, еркіндікті еркелікке айналдырып алмадық па? Жаратушым қаһарына мінсе, көзіңді ашып, сабаңа түсіреді. Мен осылайша Эйнштейн теориясын қазірше философиялық тұрғыда қарастыра беремін. Оның нәтижесі келер күндердің еншісінде. Ғылымға сүйенген ел дәуірдің ұлы көші­нен қалмайды. Сол ғылымға керегі не десең, мен – дарын, дарынға керегі не десең, ғы­лым, дарынсыз, дарақы ғылымның соры дер едім. – Мазмұнды әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан».
Соңғы жаңалықтар