Ресейдің Челябі облысында 36 мыңдай қазақ тұрамыз. Қазақстанда, атажұртымызда қандай жақсы істер болса, соған құлағымызды тігіп, қуанып отырамыз. Дүниежүзі қазақтарының соңғы құрылтайында Астана қаласын көрудің сәті түскен. Даланың ортасындағы сыланған тотықұстай қаланың сұлулығына, өз қандастарымыздың қонақжайлығына, елдің алға қарыштап дамып бара жатқан қадамына қуанып қайтқанбыз. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа биылғы Жолдауын ғаламтордан тауып алып, оқып шықтым. Тек мен емес, өзімнің отбасым, қоғамдық ұйым жұмысына белсене қатысатын қазақ жастары да танысты.
Өте маңызды саяси құжаттағы айтылған мәселелер мені таңғалдырды. Бұл құжаттан көбіне тек мамандарды, саясаткерлер мен экономистерді, мемлекеттік қызметкерлерді ғана қызықтыратын саяси-экономикалық, қарапайым адамдарға ауыр қабылданатын сандар мен мәселелер жиынтығы емес, бір жылы әкелік өсиетті ұғынғандай болдым. Әсіресе, «Мәңгілік Ел» идеясы мені қатты қызықтырды. Ұлттық басымдықтарға мән беру өте маңызды. Жаһанданудың иіріміне түсіп, алға ұмсына беру емес, дамудың әр қазақстандық үшін мән-мағынасын айқындап берген құжат екен. Өндірістегі, ішкі жалпы өнімге, жалпы экономикаға байланысты асқақ көрсеткіштердің өмірде шындыққа, ақиқатқа айналарына сеніп отырасың. Тарихи жұртымыздағы дамудың осындай тамаша жолына біз сыртта жүрсек те тілекшіміз.
Жолдаудағы әлеуметтік салада атқарылар жұмыстарға қалай ішің жылымайды, қалайша қызықпайсың?! Мысалы, мүгедектерге байланысты айтылған: «Мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек көңіл бөлу керек. Олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуға тиіс. Бізде аз емес ондай адамдарға қамқорлық көрсетілуге тиіс – бұл өзіміздің және қоғам алдындағы біздің парызымыз. Бүкіл әлем осымен айналысады. Мүмкіндігі шектеулі адамдар тұрмыстық қызмет көрсету, тағам өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында жұмыс істей алады. Мен барлық кәсіпкерлерге оларды жұмысқа орналастыруға көмектесіңіздер деп тағы да айтқым келеді», деген жолдар көңіл толқытады.
Өмір болған соң, мүгедек жандар барлық қоғамда, барлық елде бар. Бірақ олар туралы мұндай айқын айтылған тапсырма, айқын жоспар бола бермейтіні тағы бар. Білім, ғылым туралы айтылған тұстар біздің жастарды қызықтырды. Стипендияның көбейетіні нақты көлеміне, жылына дейін айтылған. Бұл жастарды жігерлендірері, олардың болашаққа деген сенімін нығайтары сөзсіз.
Міне, Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауы Қазақстан дамуының бағытын айқындаса, сырт көзге оның үйренер тұсы да көп екен. Осы айтылған мәселелер жүзеге ассын деп тілейміз.
Қарлығаш ИГЕМБАЕВА,
«Бірлік» қазақ ұлттық-қоғамдық
бірлестігінің төрайымы.
Ресей Федерациясы,
Челябі қаласы.