• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
06 Ақпан, 2014

Пайдаланылмай жатып қирады

290 рет
көрсетілді

Өткен жылдың аяғында Каз­талов аудандық Мәдениет үйі мен осы ауданға қарасты Жал­­пақ­тал ауылындағы мәде­ниет үйінің есіктері күрделі жөн­деу­лер жүргізілгеннен кейін қайта ашылған еді. Мұның алғаш­қысына республикалық бюджеттен 75 млн. 948 мың теңге, екіншісіне 77 млн. теңге бөлінген. Әрине ұқыпты, тиім­ді түрде пайдалана білсе аз қа­ражат емес. Мәдениет үйлерінің қайта ашылуына байланысты өт­кізілген салтанатты шаралар, оған облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің қатысқаны жер­гілікті БАҚ-та кеңінен көр­сетілді. «Жақсыны көрмек үшін» дегендей, Казталов ауданы ор­та­лы­ғындағы күрделі жөндеуден өткізілген Мәдениет үйін тама­ша­лаудың сәті биылғы жыл­дың 3 ақпаны күні түсті. Дәл осы күні аталған Мәде­ниет үйінде Казталов ауда­ны­ның әкімі Нұрлан Бекқайыр тұр­ғындар алдында есеп берді. Залға қызғылт түсті жаңа орындықтар қойылыпты. Ортаңғы қатарлар­дың бірінде отырғанбыз. Бір кез­де алдымыздағы ардагерлер орналасқан орындықтар бірі­нен соң бірі сынып, белдік ағаш­тары қирап түсе бастады. Олар жанбас­тарын сындырып алмағанымен залдағы лық толы халықтың алдында әжептәуір қолайсыздыққа ұшырады. Осының алдында ауыл тұр­ғындары тарапынан айтылған күрделі жөндеудің мүлдем сапасыз жүргізілгені, оның көз­ге айқын көрініп тұрғаны Мә­дениет үйіне қойылған кейбір бұйымдардың пайдаланылмай жатып сынғаны мен бүлінгені жөніндегі әттеген-ай дегізетіндей әңгімелерді естіген болатынбыз. Алайда, бұған онша мән бермеген едік. Енді тұп-тура көз алдымыздағы жоғарыдағыдай көріністерден кейін оған сенуге, илануға тура келді. Бұған не деуге болады? Пай­­даланылмай жатып қи­рай бас­таған сапасыз орын­дық­тар­дың өтеуін кім төлемек? Осын­дайда желге ұшқан есіл мемлекет қа­ражаты-ай, деп қынжылмасқа амалың қалмайды. Иә, өмір бір орында тұр­май­ды. Алдағы кезде де талай күр­делі жөндеулер өткізілер. Тен­дер­лер ойналар. Сол кезде мем­лекет қаражатының текке рәсуа болмағанына, істің сапалы жүр­зілгеніне не жетсін? Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». Батыс Қазақстан облысы, Казталов ауданы.
Соңғы жаңалықтар