• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Сайлау 28 Қыркүйек, 2021

Сайлаудың жағымды және жағымсыз тұстары

398 рет
көрсетілді

ПРИНСТОН. Жағымсыз жаңалықтан бастайық. Германияда федералдық сайлауда «Германияға балама» партиясы (AfD) жеңілді, бірақ 10 пайыз дауыс жинады. Өзіне қатысты дау-жанжалдарға қарамастан, партия неміс саяси алаңынан әзірге кете қоймайтын секілді. Жақсы жаңалық та бар. Бұл сайлау оңшылдарға қатысты дәстүрлі ұстанымның ескіргенін көрсетті. Енді Батыс демократиялары үнемі мәдени қақтығысты бастан өткермейді. Орталық-солшыл және орталық-оңшылдар арасындағы үлкен коалиция міндетті түрде саяси біржақтылыққа әкелмейді. Социал-демократиялық партиялар нативизм мен исламфобияға қарсы келмей-ақ тиімді жұмыс істей алады.

Көптеген байқаушы космополиттік либералдар мен «тамыры тереңге кеткен» коммунитарийлер арасындағы күрес (мүмкіндігінше бейтарап сөйлеуге тырыссақ) қазіргі дамыған мемлекеттердің саясатын айқындайтынын айтады. Кейбір қақтығыс «кез келген жерде» не «бір жерде» деп қарапайым түрде қарастырылғанымен, бәрін бұлай екіге бөлуге келмейтін басқа да көптеген мәселе бар. Германияда соңғы жылдары иммиграция басты алаңдаушылық туғызды. Осы сайлау қарсаңында азаматтар өздерін толғандыра­тын мәселелер ретінде зейнетақыны, әлеуметтік мемлекеттің болашағы мен климаттың жылынуын атап көрсетті. Партиялар бұл мәселеге қатысты түрлі көзқарасын білдірді, ал орта тарапты ұстанатын оңшыл мен солшылдардың классикалық бәсекелестігі әсіре оңшылдар үшін жағымсыз жаңалық айналды.

Азаматтар саясаттың екі балама нұсқасын таңдауы «негізгі» партиялардың бәрі бірдей деген популистік көзқарасты білдіріп, сыбайлас жемқорлыққа бейім элита «халыққа» зиян келтіру үшін бірдей саясат жүргізеді деген пікірдің қате екенін көрсетті. Сондай-ақ Социал-демократиялық партия (SPD) мен канцлер Ангела Меркельдің Христиан-демократиялық одағы (CDU) арасындағы үлкен коалиция экстремистік пиғылдағы партияларды қолдайды деген болжамды да жоққа шығарды. Сөйтіп, социал-демократтар солшыл бағытқа бет алып, Меркель дәуірінің аяқталғанын аңғартты.

Неміс билігінің пандемияға қарсы әрекетіне наразылық азаматтарды AfD-ге дауыс беруге итермелейді деген болжам жасалды. Себебі бұл наразылық көрсетудің бірден-бір әдісі болып есептелген. Оның үстіне, AfD – Германияның федералды жүйесінде билікке ие емес жалғыз партия.

Бірақ бұлай болмауының екі себебі бар. Біріншіден, көптеген неміс үшін AfD – тарихи ревизионизмге бейім партия, яғни фашистік өткеннен хабар береді. CDU-ның коронавируспен күресіне ренжіген кейбір қатал консерваторлар да неонацизмге байланысты нәрседен ауылын аулақ қондырады. Сондықтан AfD наразы электораттың қолдауын иелене алмауы құрметтеліп, радикалды болуға тырысу стратегиясы ұзаққа созылмайтыны аңғарылды.

AfD-ның көп дауыс жинай алмауының тағы бір себебі мынада. АҚШ-тағы республикашылар секілді партия пандемия кезінде «бостандықты» монополиялауға тырысты. Бірақ олардың талпынысын неміс либералдары бұзды. Еркін демократия­лық партия (FDP) пленарлық отырыстардағы бірқатар маңызды пікірталаста AfD-ге нақты балама ұсынд­ы. FDP қастандық теориясын алға тартпай, сая­сатты сынамай-ақ пандемияға байланысты шектеулерді сенімді қорғады.

Сондай-ақ SPD де, CDU да Еуропадағы негізгі үрдіске – оңшылдардың кей пікірі мен саясатын қабылдай отырып, оларға қарсы тұруға тап келді. Науқан кезіндегі әрекеттері сәтсіз аяқталды. Христиан-демократтардың Меркельден кейінгі үміткері Армин Лашшеттің «Талибан» ұйымының  (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) Ауғанстан­ды басып алуы кезінде «2015 жыл қайталан­бауы керек (миллион босқын қабылдаған уақыт)» де­ген сөзі қарсылыққа ұшырады. Өзін «AfD-lite» ретін­де көрсетуге тырысқан CDU сая­саткері Ханс-Георг Маассен де жеңіліске ұшырады.

Алайда босаңсуға болмайды. Бір сайлаудан көп сабақ алуға болады, бірақ CDU әлі де қате­ле­суі мүмкін. CDU өз тарихындағы ең нашар нәти­же­ден кейін оңшыл бағытқа бет алуы ықтимал. Қа­­­­зір­гі таңда оңшылдар Германияның шығыс бө­лі­­гін­де басымдыққа ие. Сондай-ақ Саксония мен Тю­­рингияда да жақтастарға ие. Олардың Гер­ма­ния­ның басқа бөлігінен айырмашылығы – жас­тар­дың қолдауына ие әрі экстремистік пікір ұста­на­тындар табылады. Алдағы уақытта олардың саны арта түсуі мүмкін. Сондықтан олар үшін осы сай­­лаудың нәтижесі жеңіліс ретінде көрінбеуі ық­тимал.

 

Ян-Вернер МЮЛЛЕР,

Принстон университетінің саясат профессоры, көптеген кітаптың авторы

 

Copyright: Project Syndicate, 2021.

www.project-syndicate.org