ЛОНДОН. Эфиопияның солтүстігіндегі азаматтық соғыс өртінің тұтанғанына 11 ай болды. Тиграй аймағынан басталған қақтығыс көршілес Амхара мен Афар аймақтарын да қамтыды. Екі миллионнан астам адам бас сауғалап, қоныс аударды, аймақтағы инфрақұрылым айтарлықтай жойылды. Гуманитарлық мекемелер жүз мыңдаған адам аштық алдында тұрғанын айтып дабыл қағып отыр. Жаппай қатыгездік оқиғалары туралы да жиі айтылады.
Азаматтық соғыстардағы жағдай қайталанды. Қиыншылық әйелдер мен балалардың басына түсті. Әсіресе, қақтығыс аймағында және оған жақын аудандардағы мектеп оқушылары ауыртпалықтың астында қалды. Сондай-ақ олар Covid-19 пандемиясына байланысты шектеулердің зардабын тартып отыр. Билік қақтығыс салдарынан 7000-нан астам мектеп қирап, бүлінгенін хабарлады. Сөйтіп, оқу жылында 1,4 миллионнан астам бала сабаққа қатыса алмайды. БҰҰ-ның хабарлауынша, білім беруде шұғыл көмекке мұқтаж қыздар мен ұлдардың 4 пайызын ғана қамту мүмкін болып отыр. Сондай-ақ билік басқа да азаматтық міндеттерді орындауға мұғалімдерді жұмсайтындықтан, соғыс басқа аймақтардағы білімге әсер етуі мүмкін.
Қақтығыс салдарынан қорғаныс шығыны өсіп, білім беруге бөлінетін бюджет қаражаты сонда жұмсалады. Елде 2021-2022 жылға арналған бюджетте қорғаныс шығысының үлесі 0,5 пайызға өсті. Бұл әскери шығыстардың номиналды құнының үштен бір бөлігіне тең. Ал білім беруге жұмсалатын қаражат 0,2 пайызға төмендеді. Егер үкімет білім беруге жұмсалатын қаржыны сақтап қалуға тырысса да, ол жалақысы төмен мұғалімдер үшін жеткіліксіз. Өйткені, қаржыландыру мен ұсыныс қиындығы салдарынан инфляция 30 пайызға өсті. Бұл мұғалімдердің рухын түсіріп, жігерін жасытатыны сөзсіз.
Әлемде жасалған эмпирикалық зерттеулер қақтығыс білім мен сауаттылыққа айтарлықтай теріс әсер ететінін көрсетеді. Соғыс сондай-ақ білім берудегі айырмашылық, гендерлік алшақтық секілді теңсіздікті күшейтеді. Сайып келгенде, мұның бәрі білім мен экономикалық мүмкіндікті әлсіретіп, оның теріс салдары бірнеше ұрпаққа жалғасады.
Эфиопиядағы қазіргі қақтығысқа қатысы бар аймақтар ондаған жылдан бері азаматтық және мемлекетаралық соғыстарды бастан өткерді. Эфиопия – Эритрея соғысының балалар денсаулығы мен біліміне әсерін зерттеу жүргізілді. Онда мектептен қалып, дұрыс тамақтанбау зардап шеккен аймақтардағы балалардың білім беру нәтижелеріне айтарлықтай әсер еткенін көрсетеді. Өкінішке қарай, 80- жылдары балалық шағы мен мектепте оқитын кезі азаматтық соғысқа тап келгендер 33 жылдан кейін балаларының тура сондай сынақты бастан өткергеніне куә болды.
Қиындықтарға қарамастан, Эфиопияны бастауыш білімді баршаға ортақ еткені үшін мақтай аламыз. Бұл соңғы азаматтық соғыстан келген зардаптың өтемі іспетті. Өкінішке қарай, қазіргі соғыс көптеген мектепке зиян тигізіп отыр. Осылайша, оқу ордалары білім сапасын жақсартып, құрылымдық қиындықтарды еңсерудің, пандемияның балалар біліміне әсерін қалпына келтірудің орнына соғыспен әуре.
Қақтығыстың ұзаққа созылатын салдарын жоюдың бір жолы – зардап шеккен, осал топтардың білім алуын сақтауға инвестиция салу. Мұндай бағыттағы жұмыс көптеген баланың бұрыс бағытқа түсіп кетуінен қорғайды. Халықаралық қоғамдастық Эфиопиядағы соғыстан зардап шеккен аудандарға азық-түлік жеткізуін жалғастыра отырып, қақтығыс аймағындағы балалардың білім алу мүмкіндігін сақтауға кірісуі қажет.
Даму ұйымдары қақтығысты тоқтату барысындағы келіссөздерде білім беруге халықаралық қаражат бөлуді алға тартуы қиынға соғуы мүмкін. Бірақ 2005 жылғы даулы сайлаудан кейінгі зорлық-зомбылықтан кейін донорлар ел билігіне қаражатты тікелей бермей, орталықтандырылмаған мекемелер арқылы маңызды қызметтерге қаражат бөле алды. Бұл соғысты тоқтатуға бағытталған бүкіл әрекет балалардың өмірі мен білім алу мүмкіндіктерін қалпына келтіргенде ғана пайдалы, ал экономикалық санкциялар салынса, мектепке қаражат бөлінбей, инфляция күшейіп, мұғалімдердің нақты табысы төмендейді.
Бастысы, соғыс адам шығынының нақты санымен немесе аштыққа ұшыраған тұрғындар санымен шектелмейтінін бүкіл тарап ескеруге тиіс. Қазіргі қақтығыстың салдары болашақ ұрпаққа да теріс әсерін тигізеді. Себебі миллиондаған балалар білім алу құқығынан айырылды. Осы үшін саясаткерлер де жауап беруге тиіс.
Биниам БЕДАССО,
Лондондағы Жаһандық даму орталығының аға ғылыми қызметкері
Copyright: Project Syndicate, 2021.
www.project-syndicate.org