Павлодар облысында екі жасар қыз бала асқазанын шайғаннан кейін комаға түсіп, есін жимастан қайтыс болды. Бұл туралы «Қазақстан» телеарнасы хабарлады.
Қыз баланың анасы Расима Шекенованың айтуынша, баласының жүрегі айнып, құса бастаған. Сосын ауыл фельдшері келіп, оған жүрек айнуын басатын дәрі салған көрінеді. Ал бір күннен кейін қыз баланың жағдайы нашарлап, Железі аудандық ауруханасына түсіпті. Ондағы дәрігерлер сәбидің асқазаның шайғанымен, нәтиже болмады. Көп ұзамай есін жимаған күйі көз жұмды. Бұған қатысты ата-ананың жазылған арызына сәйкес, Денсаулық сақтау министрлігі медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің облыстық департаменті тексеру жұмысын бастап кетті.
Осының алдында бұқаралық ақпарат құралдары бетінде осы өңірдегі туберкулезден емдеу шипажайында 3 жасар Марк Фроловтың қайтыс болғаны туралы жазылған болатын. Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен комиссияның қорытындысына жүгінсек, әлгі шипажайда ем алған бала дәрігер жоқ кезде ішек тазарту клизмасын дұрыс қоймаған медбикенің кесірінен қайтыс болған. Сол кезде бала өліміне кінәлі дәрігерлер рақымшылықтың жариялануына байланысты жазаға тартылмаған еді...
Әмірхан Алмағанбетов.
Дереккөз: «Қазақстан» телеарнасы.
Фото: Moe – online.ru