• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
07 Ақпан, 2014

Адамның күні адаммен халықтың күні халықпен

700 рет
көрсетілді

Қазақстанның бүгінгі табыстары – интеграция игілігі

«Осы бір жылдың ішінде-ақ мемлекет құрудың қандай қиын, қандай күрделі іс екеніне көзіміз анық жетті. Шүкіршілік етейік. Бүгінде Қазақстан әлемдік аяда экономикалық қуаты үлкен, болашағы зор республика ретінде ғана емес,  қоғамдық-саяси ахуалы тұрақты, болашағы сенімді мемлекет ретінде сый-құрметке бөленіп отыр. Біз бұл құрметтің қадір-қасиетін бағалай білуіміз, ішкі-сыртқы саясаттағы әр қадамымызға ерекше жауапкершілікпен қарауымыз керек». Бұл сөздерді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осыдан 22 жыл бұрын, Дүниежүзі қазақтары бірінші құрылтайының салтанатты мәжілісінде айтқан еді. Содан бергі уақыт Елбасының саясаттағы әр қадамға ерекше жауапкершілікпен қарайтынын ұдайы дәлелдеп келеді. Президентіміз қазақтың «Адамның күні адаммен» деген даналығын мына жаһандану заманы «Халықтың күні халықпен» деп толықтырғанын кемелдікпен дер кезінде көре білді. Бүкіл әлем экономикасы алып бір базарға айналып бара жатқан бұл күнде өзімен-өзі томаға-тұйық өмір сүру – тығырыққа тірейтін жол. Әсіресе, Шығыс пен Батыстың арасындағы алтын көпірдей қазақ даласының жан-жағындағы елдермен, бірінші кезекте тарих табыстырған, тағдыр тоғыстырған Ресей мемлекетімен сан салалы ықпалдастыққа түсуі небәрі 17 миллион халқы бар Қазақстанға экспорттық мүмкіндіктерді молайту үшін де, ел экономикасын әлемдік нарыққа кіріктіру үшін де өте пайдалы екендігі талассыз. Осыдан 20 жыл бұрын Мәскеу мемлекеттік университетінде айтылған Еуразиялық одақ идеясы кезінде елестей көрінсе, жылдар өте келе алдымен Кеден одағының, одан кейін Бірыңғай экономикалық кеңістіктің құрылуы, сол арқылы елдер арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың айрықша қарқын алуы Қазақстан басшысының алыстан ойлаған алымдылығының айқын айғағына айналды. Мұның даусыз дәлелі Кеден одағына қосылуға ниет етіп отырған елдердің қатары кейінгі кезде қалыңдай түскендігі. Көзіқарақты адамның бәрі де бұл интеграцияның тек экономикалық мүддеден туындағанын анық біледі.   «Егемен Қазақстанның» бүгінгі арнаулы бетінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразия кеңістігіндегі интеграциялық үдерістерді кеңейту бағытында жасаған бастамаларының баяндылығы жайында әңгімеленеді. Газет алдағы кезде бұл тақырыпты бұрынғыдан да жүйелірек жазуды мақсат тұтып отыр. 

Кәсіпкер, Ресейдің Бірінші дәрежелі «Ұлы Петр-І» орденінің иегері Алашыбай БАЙМЫРЗАЕВ:

Кеден одағы кепілдік береді

Алашыбай БАЙМЫРЗАЕВ Тәуелсіздік жемісін терген елімізге белгілі кәсіпкерлердің бірі. Осы саладағы бірнеше жетістіктері үшін Қазақстан Президентінің Алғыс хатын алған. Сонымен бірге, Ресей мен Қазақстан арасындағы достық пен ынтымақтастықты, экономикалық байланыстарды нығайтқаны үшін Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің Жарлығымен Бірінші дәрежелі «Ұлы Петр-І» орденімен марапатталған. Бұл кісінің кәсіпкерлікті ілкімді жүргізуіне экономика ғылымдарының кандидаты болуы да септігін тигізгені анық. – Алашыбай Әбдіғазыұлы, кәсіпкер ретіндегі қазіргі жетістіктеріңіз бір күнде келе қалған жоқ шығар. Алғашқы қадамдарыңызбен таныстыра отырсаңыз. – Кеңес Одағы ыдыраған тұс­та мен «Ақбөбек» деп аталатын Қазақстан-Италия біріккен аяқкиім фабрикасын аштым. Әлем­ді шарпыған экономикалық дағдарысқа қарамастан, бір жылда оны ілгері бастырып жатқан кезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы келіп, фабриканың аяқа­лы­сымен танысқан еді. Сонда Мем­лекет басшысы біздің ісі­мізге­ риза болып тұрып: «Бұл біздің экономикалық саясатымыздың оңды нәтижесі әрі алғашқы қарлығашы!» деп баға берген болатын. Нұрсұлтан Әбішұлының осы бір ауыз жылы лебізі бойыма қуат құйды. Елбасының сол сенімі алдағы биік қияларға жетелегендей болды. Одан кейінгі жылдары басшылардың қалауымен біршама уақыт мемлекеттік қызметте жүрдім де, жүрек қалауымен қайтадан кәсіпкерлікке оралып, осы уақытқа дейін бизнес әлемінде еңбек етудемін. – Ол кездерде елімізде кәсіп­керліктің дамуына кедергі келтіретін қиыншылықтар да болды емес пе? – Қиыншылық қай істе де, қай уақытта да болады ғой. «Жер сүмесін емген халықпыз» демекші, Қапшағай маңындағы Шеңгелді ауылында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен айналыса бастадық. Картоп, пияз ектік. Әуелі 50 гектар жерді игеріп, кейін келе 850 гектарға дейін ауқымын кеңейтіп, шаруамызды жүргізе бердік. Сол тұста Елбасы БАҚ арқылы жергілікті басқару орындарына «Жерді кепілге алу керек, жеке шаруаларға қаржы беру керек» деген мәселелерді үнемі айтып жататын. Сондағы бір қиын жағдай, банктер жерді ешбір кепілдікке алмай қойды. Міне, алдыңда осындай кедергілер тұрған кезде кәсіпкерлікпен айналысу қиынның қиыны еді. Ең алғаш сол жылдары Елбасы бас­тамасымен құрылған, кейіннен «Даму» деп аталған кәсіпкерлікті қолдау қорынан несие алып, ісімізді әрі қарай жүргізіп алып кетуге оңтайлы мүмкіншіліктер туды. Тапқан-таянған қаражатқа техника, басқа да керек-жарақтар алдық. Осы арада алдан екінші кедергі шықты. Енді жаңағы 50 гектардан өндірген өнімімізді өткізу қиындығымен бетпе-бет келдік. Өнімді шетелге шығару үшін кедендік ресімдеу жұмыстарында көптеген қиыншылықтар кездесті. Қатты тауқымет шегіп, жүйке жұқарып, түрлі оралымсыздықтар аяқтан шалып, шығындалып жүрсек те, тауарымызды Ресейдің Новосібір, Барнаул секілді аймақтарында орналасқан әскери базаларға өткізіп жүрдік. – Осылайша Елбасы қол­дауын сезіне жүріп кәсіпкерлік са­ласында шыңдалған екенсіз ғой? – Елбасының әрбір сөзін, алға қойған мақсаттары мен жоспарларын мұқият тыңдап жүреміз. Мысалы, Кеден одағы туралы мәселе көтеріліп, сол ізгі ниет жеріне жеткізіліп, жан-жақты іскерлік байланыс жүзеге асқаннан кейін біздің де жұмысымыз ілгері басты. Бұл арада қадірменді Нұрсұлтан Әбішұлының түпкі терең ойын дұрыс түсінгеніміз абзал дер едім. Ол кісі отандық кәсіпкерлердің, отандық тауар өндірушілердің шынайы бәсекелестікте шынығып, ширыға шыңдалуын қалайды. Кеден одағы қазақстандық кәсіпкерлерді құрыштай қайната шыңдайтын қара қазан десек те артық емес. Осындай бәсекеде шыңдалмасақ, әлемдік экономикаға қалай кірігеміз? Әне, біз Елбасы нұсқаған осындай биіктерге көз салуымыз керек. Кеден одағының бір пайдасы – кәсіпкерлерді кеденнен өту, құжат ресімдеу секілді көптеген кедергілерден құтқарды. «Кеден кеден болды, кедергі неден болды?» деген дана бабалар сөзінің мәнісін де осы орайда тереңнен түсінгеніміз дұрыс. Қазір біз тауарымызды Барнаулдан бас­тап, Алтайдың ішіне дейін, Омбы, Том, Новосібірге, одан әрі Владивосток, Сахалинге дейін апарып, пайдамызға сатып жүрміз. Міне, өніміміздің таралу ауқымы ұлғайған сайын бізге сұраныстар да көптеп түсуде. Жуырда бізге Оңтүстік Кореядан тапсырыс түсті. Оларға Ресей арқылы біздің тауарды өткізу қиыншылық тудырмайды екен. Кеден одағына мүше болғалы біздің өнімдеріміз вагондарға тиеліп, Владивостокқа жетеді де, айлақ арқылы алыс шетелдерге еркін тарайды. Демек, Кеден одағы бізге кәсіпкерлік қанатын кеңірек жаюға, әлемдік базарға шығуға септігін тигізуі сөзсіз. Кеден одағы деген сөзден қарадай шошып, қырын қарайтындар осы жайды ақылға салып екшесе екен. Сонда Кеден одағының пайдасы көл-көсір, көкжиегі кең екенін олар да көрер еді. – Ресей орденімен марапат­тал­ғанда қандай еңбегіңіз ес­керілді? – Бұл мен үшін күтпеген жағдай болғаны рас. Шамалы сырқаттанып, ауруханада жатыр едім, Ресей тарапынан ша­қыр­ту алдым. Сөйтсем, мені Бар­наулдың губернаторы бірін­ші дәрежелі «Ұлы Петр-І» орде­ні­мен марапаттауға ұсынған екен. Ұсынысы ең жоғары дәре­жеде мақұлданыпты. Ресейде әскерилердің денсаулығына сеп болатын сапалы өнімге деген сұраныс басым. Көршілес мемлекеттердің компаниялары ұсынған тауарлардың ішінде біздің өнім жоғары сапалы болып, ресейлік мамандардың көңілінен шығып отыр ғой. Сол себепті Ресейдің әскери құрылымындағы генерал-лейтенант В.Осипов дейтін кісі өздерінің жергілікті губерниясына мені марапатқа ұсыну туралы ниет білдірген көрінеді. Кейіннен осы кісінің өзі арнайы келіп, марапатты салтанатты түрде тапсырып кетті. – Кәсіпкерлік тәжірибеңізден тартып әріптестеріңізге қандай жөн-жоба, ғибратты кеңестер айтар едіңіз? – Жалпы, бәсекелестік жоқ жерде ілгері басу да жоқ екеніне іс басында жүрген кезімізде анық көз жеткіздік. Әрбір тауар өндіруші бәсекеге қабілетті болуы үшін жаңа технологияларды зерттейді, инновациялық тәсілдерді тәжірибеге енгізеді. Өнімінің өтімділігін арттыру үшін жаңашыл көзқарас пен заманауи ғылымды өндірісте пайдаланады. Өз басым жасым ұлғая бастаған соң кәсіпкерлігімдегі барлық иеліктерімнің тізгінін ұлым Алматтың қолына ұстаттым. Ол компьютерге де жетік, әріптестермен қатынастарды ғаламтор арқылы жүргізеді, бірнеше тілде еркін сөйлейді. Заманауи кәсіпкерге осылардың бәрі ауадай қажет қасиеттер емес пе?! Ұлыма ақыл-кеңесімді ұғындырып айтып та отырамын. Адам, негізі, өз басынан өткермей көп нәрсенің байыбына бара бермейді десек, аса қателеспейміз. Біз кәсіпкерлікпен әуел бастан айналысып, көптеген қиыншылықтар мен кедергілерді басымыздан өткердік. Шындығын айту керек, еліміз егемендік алып, экономикалық қатынастар тұрғысындағы өзіміздің жан-жақты заңдарды қабылдағалы, түрлі үдерістерден нәтиже шығарғалы бері біздің елдегі кәсіпкерліктің екінші тынысы ашылғаны рас. Міне, осы ретте де Елбасының еңбегі ерекше. Мемлекет басшысының әрбір Жолдауы шын мәнісіне келгенде кәсіпкерлікті қолдау болып табылады. Тағы бір айтарым, дайын тауарды шеттен әкеліп өткізу бір басқа да, сол тауарды өзімізде өндіру бөлек мәселе. Сырттан әкелген тауардың сапасына да, бағасына да сен тәуелді болсаң, өз өніміңді ойдағыдай өткізуге мүмкіндігің шектеусіз дер едім. Бұл жерде басы ашық бір мәселе – Кеден одағы отандық кәсіпкерлердің тауар айналымын арттырумен қатар, оны өткізудің өрісі мен ауқымын да кеңейтті. Мәселен, біз қазір тек Ресей арқылы ғана өзге мемлекеттерге шығып отырғанымыз жоқ, Елбасының бастамасымен ашылған Қазақстан – Түркіменстан теміржолы арқылы Иранға, Біріккен Араб Әмірліктеріне шығуға зор мүмкіндіктер туып отыр. Сол себептен мен Кеден одағы кәсіпкерлікке кепілдік береді деп батыл айта аламын. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.
Соңғы жаңалықтар