Қостанай облысында 86 мектепте Covid-19 анықталып отыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, коронавирус жұқтырған оқушылардың саны 463-ке жеткен. Қазір облыс орталығындағы инфекциялық ауруханада 20 бала емделіп жатыр, ал қалған науқастар амбулаториялық режімде ем шараларын қабылдауда.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Анжела Бексұлтанованың айтуынша, Қостанайға таяу күндері балалар мен жүкті әйелдерге арналған Phizer вакцинасы келеді. Артынша Германиядан неміс вакцинасы да жетіп қалуы мүмкін. Сонымен қатар осы вакциналарды сақтайтын арнайы тоңазытқыш құрылғылар да әкелінеді.
– Вакцина мен тоңазытқыш құрылғылар біздің арнайы медициналық қамту орталығына келіп түседі. Phizer вакцинасы минус 60-тан 90 градусқа дейінгі температурада сақталынуға тиіс. Қазір осы вакцинаны егуге қатысатын медицина қызметкерлерін оқыту семинарлары мен тренингтер өтіп жатыр. Біз бұл вакциналарды алған соң, температуралық режімді сақтай отырып, облыстың барлық өңіріндегі екпе пункттеріне тарататын боламыз, – деді А.Бексұлтанова.
Қостанай облысы «сары» аймаққа көшіп, індеттің таралу қарқыны сәл бәсеңдегендей болды. Өңірлік жедел штаб 27 қыркүйекте облыстың 102 тұрғыны Covid-19 жұқтырғанын мәлімдеді. Есесіне, екпе алғандар күн санап еселеніп келеді. Бұл жағынан тұрғындарының 70 пайыздан астамы вакцина қабылдаған Қарабалық, Б.Майлин, Алтынсарин және Ұзынкөл аудандары көш бастап келеді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің айтуынша, аймақта коронавируспен ауырған 48 жүкті әйел тіркелген. Бір әйел ауыр жағдайда жатыр.
Қостанай облысы