Бейжің қысқы Олимпиадасының билеттерін Қытайдағы жанкүйерлер ғана ала алады. Бұл туралы Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Қысқы Олимпиада ойындарын залдан көргісі келетін көрермендер коронавирусқа қарсы хаттама талаптарын орындауға тиіс. Билет сатылымының ережелері әзірленіп жатыр, кейінірек көпшілікке жарияланады.
Коронавирусқа қарсы вакцинацияның толық курсын аяқтаған барлық спортшы мен қатысушы Қытайға келгеннен кейін жабық цикл жүйесінде болады.
Вакцина салдырмаған спортшылар ҚХР астанасына келгеннен кейін 21 күн карантинде болуы керек. Ал екпе алмауға медициналық себептері бар спортшылар бөлек қаралады.
Спортшылар мен оларды ертіп жүретін делегациядан басқа барлық қатысушы ұйымдастырушылар белгілеген қонақүйге орналастырылады. Ойынға қатысушылар мен қызметкерлер күн сайын ПТР-тест тапсырады.
Бейжіңдегі Қысқы Олимпиада ойындары 2022 жылдың 4-20 ақпанында, ал қысқы Паралимпиада 4-13 наурыз аралығында өтеді.
Бұған дейін хабарланғандай, Пекин 2022 Олимпиада алауын жағу рәсімі көрерменсіз өтеді.