Өңірге танымал «Eco Milk» ЖШС жаңа ірімшік цехын іске қосты. Қазір мұнда дайын өнім тесттік сараптаудан өткізілуде.
Өткен жылдың желтоқсан айында құрылысы аяқталған өндіріс ошағында Германияның озық технологиясына негізделген заманалық жабдықтар орнатылды. Астананың азық-түлік белдеуін нығайту мақсатындағы жобаға 740 миллион теңге инвестиция жұмылдырылды. Бұл қаржы өндіріс орнын құруға, сүтті қайта өңдеу және сақтау жабдықтарын сатып алуға, дербес зертхана ұйымдастыруға, газбен, электрмен және сумен қамтамасыз ету құрылғыларын орнатуға жұмсалған. Сондай-ақ, СанПИН талаптарына сәйкес санитарлық өткізгіш, гигиеналық станса жабдықталды.
Көп ұзамай жобалық қуатына енетін өндіріс ошағында 110 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Цех өнімдерін Астана қаласымен бірге Қарағанды, Көкшетау, Петропавл, Павлодар қалаларының сауда нүктелеріне жөнелту жоспарланып отыр.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы,
Ақкөл ауданы.