Теміржол машинасын жасауды дамыту мәселелері Нұр-Сұлтанда өткен Қазақстан машина жасаушыларының IX форумында секциялық отырыс барысында талқыланды.
Пікірталас алаңында уәкілетті мемлекеттік органдардың, ғылыми-зерттеу ұйымдарының өкілдері және машина жасау индустриясының 50-ден астам өндірушілері жиналды. Отырысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев ашты.
Қатысушылар отандық теміржол машинасын жасауды дамытудың негізгі бағыттарын талқылады. Теміржол өнімдерінің сапасын арттыру, цифрландыруды дамыту және ресурсүнемдеуші технологияларды енгізу мәселелері қозғалды. Теміржол көлігі үшін инженерлік кадрларды даярлауға назар аударылды.
Отырыста саланы дамытудың шешуші факторларының бірі ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық қызмет (ҒЗТКЖ) саласында ғылым мен өнеркәсіптің кооперациясын күшейту керектігі тілге тиек болды.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ бас инженері Батыр Котыревтың айтуынша, ҒЗТКЖ дамыту бойынша шаралар кешенін әзірлеу, ғылыми-зерттеу қызметін қаржыландыру көздерін анықтау, сондай-ақ ғылым мен бизнестің өзара іс-қимыл тетіктерін айқындау үшін «Самұрық-Қазына» Қорының портфельдік компанияларын ғылыммен, өнеркәсіппен ұштастыратын бірыңғай үйлестіру органын құру қажет.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ-да ҒЗТКЖ-ны қалыптастыруға және қолдауға үлкен маңыз беріледі. ҒЗТКЖ өнімдері өнеркәсіптік пайдалануға сәтті енгізілуде және айтарлықтай экономикалық нәтиже әкелуде. Бұл процеске компанияның Техникалық орталығы қызметкерлері белсенді қатысып келеді.
2018-2020 жылдар аралығында «ҚТЖ» ҰК» АҚ-да 194 тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар қаралып, 70-ке жуық техникалық тапсырмалар беріліп, 51 қабылдау және алдын ала сынақтан және 10 біліктілік сынағынан өткізілді. Бүгінгі таңда 63 өнім пайдалануды бақылау сатысында.
Техникалық орталық директоры Азамат Жангелдінің айтуынша, жақын арада орталықты қайта құру аяқталады. Бұл теміржол машина жасау кәсіпорындарымен «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бұдан басқа, болашақта тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды басқару үшін цифрлы платформа құру жоспарлануда.
Мәселелерді талқылау қорытындысы бойынша форумға қатысушылар шешімдер қабылдап, бірлескен ұсынымдар әзірледі. Теміржол өнімдерін өндіріске қою тиімділігін арттыру бойынша жұмыс жалғасады. Машина жасау кәсіпорындарына отандық ғылыми-зерттеу ұйымдарымен ҒЗТКЖ жүргізуді қолдауға баса назар аудару, конструкторлық бюроларды дамыту жөніндегі жұмыстарды күшейту және кәсіпорындағы бас конструктор мәртебесін көтеру ұсынылды.
Секциялық отырыс қорытындысы бойынша теміржол машина жасау кәсіпорындары мен отандық ғылыми-зерттеу институттары арасында ғылыми-зерттеу жұмыстары бойынша қанатқақты жобаларды іске асыру үшін келісімдерге қол қойылды.