• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
07 Ақпан, 2014

74 отбасы қуанышы

366 рет
көрсетілді

Облыста «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы бойынша 115 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 1400 отбасы пәтер иеленді деген сөз. Жыл басталмай жатып жер­­гі­лікті жерлерде қоныс тойлары жалғасын таба бастады. Солардың бірі Тайынша ауданында аталып өтті. Салтанатты шараға аймақ басшысы Самат Ескендіров қатысып, мемлекеттік бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде кезекте тұрған тұрғындарға пәтер кілттерін табыс етті. Елбасының қолдауы арқасында тұрғын үйлер салу ісіне зор мән беріліп отыр. Мұндай әлеуметтік мүмкіндіктерге ел экономикасының тұрақты дамуы арқасында қол жеткізіп отырмыз, деді ол өз сөзінде. Сонымен, Тайынша қаласының тұр­ғын үй қоры жаңадан бой көтерген 74 пәтерлі екі баспанамен толықты. Олардың біріне Ұлы Отан соғысының ардагерлері, аз қамтылған отбасылар, бюджет саласының қызметкерлері мен ата-ананың қарауынсыз қалған жасөспірімдер қоныстанды. Батыстағы қанды соғыстың шеңге­лінен аман-есен келіп, бүгінде 100-ге аяқ басқан Балғожа Сұлтанов ақсақал Мемлекет басшысына деген ризашылығын ақтарыла айтты. Бұған дейін болашағы бұлыңғыр ауылда тұрып келген қария 8 ұл-қыз өсіріп, 27 немере, 10 шөберені қызықтап келсе, енді жайлы баспанаға қол жеткізгеніне шүкіршілік етеді. Оқ пен оттың арасында жүріп, 3 рет жаралансам да бейбіт өмір тіршілігінен қалған жоқпын, әлі тыңмын, дейді қарт жауынгер әзіл-шынын аралас­тыра сөйлеп. Ата-анасынан ерте жетім қалған Фарид Жүсіповке бір бөлмелі пәтер тиді. Білім саласында қызмет атқаратын Черниевскийлер отбасы кезекте 5 жыл тұрып келген. «Жас отбасы» бағдарламасы бойын­ша баспана алған 24 жас шаңырақ иелерінің де қуаныштарында шек болмады. Кең сарайдай 3 бөлмелі пәтер тиген Қайыр Қаппасов «Агробизнес» колледжінде, зайыбы СЭС мекемесінде еңбек етеді екен. Енді, міне, жас маман бағдарламасы аясында 4 жылдың ішінде басты мұқтаждығы шешілгеніне сенер емес олар. Сәнді де көрікті екі үйдің тұрғызылуына 800 миллион теңге жұмсалған. Облыс басшысы іргетасы қаланып, қабырғалары тұрғызыла бастаған 50 пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс барысымен танысты. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы.
Соңғы жаңалықтар