• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
07 Ақпан, 2014

Халықаралық күрішшілер форумы өтеді

258 рет
көрсетілді

Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалық етуімен аймақта күріш кластерін дамыту мәселелері бойынша кеңес өтті. Кеңесте өңір басшысы былтыр облыста ауылшаруашылық саласында оң нәтижелер болғанын атап өтті. «Басты жетістік – күріштің рекордтық өнімі – гектарына 49 центнер. Бұл әлі мүмкіндіктің шегі емес, мысалы, Ресей Федерациясының Краснодар өлкесінде   өнім – гектарына  70 центнерден болған, – деді облыс әкімі. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев өңірдегі күріш саласын дамыту және алдағы уақыттың жоспарлары жөнінде баяндама жасады. Тыңайтқыш пен тұқым сатып алу, техника мен селекциялық жұмыстарды дайындау барысына назар аударылды. Бүгінде «Agrotehnica Astana» АӨ астаналық компания­сы Қызылорда облысына күріш өсірудің италиялық технологиясын енгізуді ұсынуда, бұл өнім көрсеткішінің саны мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді. «Күріш шаруашылығының Ы. Жақаев атындағы Қазақ ҒЗИ» ЖШС бас директоры Серікбай Өмірзақов басты дақылдың ­сор­тын және өнімділігін жақ­сарту бойынша атқарылып жат­қан шаралар туралы хабарлама ­жасады. Күріштің 50-ден аса ­сор­ты­ зерттелді, бұдан басқа дән және күріш қауызын қайта өңдеу мүм­кіндігі қаралуда. Сонымен қатар, ҒЗИ басшысы жергілікті ғалымдардың күрішшілердің тұрақты өтетін Ирандағы Батыс және Орталық Азия халықаралық форумына  қатысқаны туралы ақпарат берді. Оның айтуынша, ағымдағы жылы осы форумды «Алтын күз» мерекесі аясында Қызылордада өткізу жоспарлануда. Кеңесті қорытындылаған Қырымбек Көшербаев барлық мүдделі тұлғаларға егіс науқанына дайындықты, сондай-ақ,  ита­лиялық  технологияны енгізуді және күріш өсірушілердің халықаралық ғылыми форумын ұйымдастыруды  жүктеді. Со­нымен қатар, көктемде Қы­зыл­орда облысының делегациясы краснодарлықтардан тәжірибе алмасуға баратындықтарын атап өтті. «Қызылорда облысы рес­пуб­ликалық индустриялық-инно­вациялық даму рейтингі бойынша орташа деңгейде, ал өсу қар­қыны бойынша екінші ­орында тұр, бұл Сыр елінің маңызды жетістіктерге қол жеткізуге мүм­кіндігі бар деген сөз. Сондықтан бізге даму қарқынын төмендетуге болмайды», – деді, Қырымбек Көшербаев. Әлімжан ЖАРЫЛҚАҒАНОВ, журналист.
Соңғы жаңалықтар