Ақкөл ауданында биылғы көктемгі дала жұмыстарына 17 жауапкершілігі шектеулі серіктестік пен 87 шаруа қожалығы қатысады. Агломерациялық аймақта орналасқан өңір үстіміздегі жылы 140 мың гектардың дәнді дақылдары мен көпжылдық екпе шөп алқабын күтіп-баптайтын болады. Мұнда жаңа технологияны ендіріп, ауыл шаруашылығын әртараптандыруға айрықша назар аударылып отыр.
Жауапкершілік жүгін айқын сезінетін диқандар қауымы ертеңгі қарбалас науқанға тиянақты дайындық жасады. Жоғары сапалы тұқым қоры жасақталып, қысқы агротехникалық шаралар тиянақты жүргізілуде. Мемлекет тарапынан минералды тыңайтқыштар мен зиянкестерге қарсы дәрілер жеткілікті қорланған. Ауданның 12 шаруашылығында техникалар түгелге жуық жаңартылғанын үлгі етіп көрсетуге болады. Ал озат шаруашылықтар қатарындағы «Новорыбинский және К» ЖШС бұл мақсатқа 370 миллион теңге қаржы жұмсап отыр.
Осы ретте Ақкөл ауданы «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» акционерлік қоғамы тарапынан алынған несие қаржысының жүз пайыздық қайтарымын қамтамасыз еткен өңір екендігін айта кеткен жөн.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.