Қазақстан мен Ресей Президенттерінің XVII Өңіраралық ынтымақтастық форумында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел аумағында орман алқабын арттыру жұмыстары туралы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Президент форум барысында Қазақстан орманы аз мемлекеттер қатарында екенін еске салды. Орман қоры алаңы 30 млн гектарды құрайды немесе аумақтың 11 пайызы шамасында.
«Биыл елді жасылдандыру бойынша ауқымды бағдарлама бастау алды. 2025 жылға дейін 2 млрд ағаш отырғызу жоспарланған», деді Қ. Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Арал теңізінің құрғауы ірі экологиялық апат болғанын, осы орайда тұзды шөлейттер пайда болғанын айтты. Шаңды дауылдар атмосфераға ірі көлемде зиянды тұздарды шығарады. Сондықтан Аралдың құрғаған жерінде сексеуіл отырғызуды арттыру бойынша бөлек бағдарлама қабылданған. 2025 жылға қарай 1,5 млн гектар қамтылмақ.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Көкшетауда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путиннің қатысуымен екі елдің XVII Өңіраралық ынтымақтастық форумы онлайн форматта өтіп жатыр.