• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
07 Ақпан, 2014

Кәсіпорын қайта жарақтандырылуда

301 рет
көрсетілді

Ақтөбе мұнай құрал-жаб­дық­тары зауыты Қазақстандағы машина жасайтын ең үлкен зауыт­тардың бірі. Бүгінде бұл кә­сіпорын еліміздегі сорғы штангаларын шығарып отырған Қа­зақ­стандағы бірден-бір өнді­ріс орны болып табылады. Зауыт өнімдерінің Қазақстан нары­ғын­дағы үлесі 80 пайызды құрай­ды. Кәсіпорын импорттың орнын басатын мұнай құрал-жабдық­тарын өндіру мақсатында 2001 жылы пайдалануға берілген-ді. Бұл жоба алға қойған мақсатты орындауда қайта­рымдылығын дәлелдеп үлгерді. Еліміз­дегі ірі мұнай компанияларына қажетті сорғы штангаларын, штанга жалғас­­­­тырғыштарын, сорғы-компрес­сорлық құбырлар мен штангалық терең сорғы­ларды, т.б. құрал-жабдықтарды үздік­­сіз жеткізіп отырған зауыт өнімділігі жыл сайын артып, импортты ығыстырып келеді. Жылына 200 мың дана сорғы штангалары мен штанга жалғастырғыштарын шығара­тын зауыт 2012 жылы өнімділігін екі есе ұл­ғай­тудың алғышарттарын жа­сауда. – Өткен жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша өнімдерді өңдеуге арналған автоматты желілер сатып алдық. Бұл өнімнің сапасы мен санын арттыруға мүмкіндік береді. Қа­зір жылына 200 мың дана сор­ғы штангаларын шығаратын болсақ, бұл желілерді іске қосу арқылы сорғы штангаларының өнімділігін 400 мыңға, штанга жалғастырғыштарын 500 мыңға арттыру көзделуде. Швейцарияда шы­ғарыл­ған жаңа заманауи қондырғының жалпы құны 7,775 миллион доллар тұрады. Бұл құралды алу үшін «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша несие берілді және сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігі субсидияланды. Шынын айту керек, бұл бағдарламаның отандық өндірушілер үшін маңызы үлкен, отандық кәсіпорындардың серпінді дамуына, ел экономикасының ілгерілеуіне, жұмыс орындарының артуына септігін тигізеді, – дейді зауыт директоры Ғазиз Жандос. Оның айтуынша, жаңа құ­рал-жабдықтар толықтай компью­терлендірілген, яғни бұрын жиырма адам істейтін жұмысты енді екі-ақ адам атқара алады. Бірақ жұмыс­шы­лар саны қысқармайды. Бұрын станоктарда жұмыс істеген жұмысшылар өндірістің басқа буындарында еңбек ететін болады. Зауыт жұмысшылары жаңа жаб­дықпен жаңа жылдан бас­тап жұмыс жасауда. Қазір Швей­цариядан келген мамандар жер­гілікті жұмысшыларға жаңа жабдықпен жұмыс істеуді үйретіп, олардың жаңа технология­ны тез арада игеріп кетуіне көмектесуде. Осы кәсіпорын ашылғалы қызмет етіп келе жатқан тәжірибелі токарь Әміржан Жангелдиновтің айтуынша, бұлар өте жоғары дәлдікпен жұмыс жасайтын станоктар. Сондықтан да жұмысшыларға оның әр тетігінің қандай қызмет атқаратынын білу маңызды болмақ. Жұмысшылар кәсіби біліктілігі жоғары мамандар болғандықтан, оларға жаңа қондырғыда жұмыс істеуге дағдылану аса бір қиындық тудырып отырған жоқ. Қазірдің өзінде көп нәрседен хабардар болып қалған байырғы жұмысшылар жаңа технологиялық желіде еңбек етуге төселіп қалды. – Зауыт басшылығы құрал-жабдықтарды жаңарту үшін бар күшін салып жатыр. Себебі, біздің өнімдер еуропалық стандартқа сай, бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Кеден одағы аясында мұндай зауыттар саусақпен санарлық. Сондықтан ертеңгі күні біз басқа елдердегі кәсіпорындармен бәсе­келесе алмасақ, онда нарықта қалу-қалмауымыз екіталай. Екіншіден, токарь, технолог мамандар, машина құрылысы, бағдарламалық басқару тетігін білетін жас жігіттер өте қажет. Неге екенін білмеймін, жастардың бұл салаға келуі өте аз, – дейді тәжірибелі маман. Қазір жаңа технологияларды енгізудің бірінші кезеңі аяқталған. Бұл өнімнің өзіндік құнын азайтуға, өндіріс қуатын арттыруға, өндіріс шығынын және өнді­­­ріс циклін азайтуға мүмкіндік береді. Сон­дай-ақ, өндірістегі қол еңбегінің үлес сал­­­мағын азайта түспек. Кәсіпорын басшы­лығы өндірістік желілерді осылай бірте-бірте қайта жарақтандыра отырып, бәсекелес­тікке қабілетті өнім шығарып, өз өнімдерін экспортқа шығаруды да ойластыруда. Өндіріс орнында жұмысшы­лардың еңбек етуіне қолай­лы жағдай туғызылған. Жұмыс­шылардың еңбекақысы жоғары. Оларға әлеуметтік жеңілдіктер де қарастырылған. Облыста 32,5 мың бірлік ша­ғын және орта кәсіпкерлік нысандары жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі жобалық қуаттарына шығып, енді өнімнің бәсекеге қабілетті болуына назар аударуда. Ол үшін өндіріске заманауи озық технология­­­­­­ларды енгізу қажеттігі туындайтыны сөзсіз. Міне, сондай қадамға барып отырған кәсіпорындардың бірі «Ақтөбе мұнай құрал-жабдықтары зауыты» ЖШС-дегі ізденіс іздері осындай. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.
Соңғы жаңалықтар