Қалай десек те, қазір өмір өзгерді. Бұрын таланттардың танылуы үшін бұқаралық ақпарат құралдарын, әсіресе, телевизияны не алмастыра алатын еді?! Үлкен таралыммен жарық көретін беделді басылымның бір ғана мақаласы дарындардың даңқын жаятыны кеше ғана емес пе еді?! Бүгінде бәрі де басқаша. Әлеуметтік желілер кез келген оқиғаны әп-сәтте айдай әлемге таратып жібереді. Ғаламтордың көмегімен елең еткізер жаңалықтың бәрі гаджеттерден гаджеттерге қас пен көздің арасында ауысып жатыр.
Мәселен, Қызылөзек деген ауылдан шыққан қазақ әншісі Ғалымжан Молданазардың «Ақпен бірге» дейтін бейнебаянын жыл соңында YouTube арқылы бір ғана Ресейде бір аптаның ішінде 33 мың адам тыңдаған. Орыстардың әлеуметтік желілерін дүр еткізген өзіндік дарын иесі туралы Ресейдің өнер тақырыбын қозғайтын сайттары сындарлы пікірлерін білдіріп жатты. Бізде музыка өнері қалай дамып жатқанынан көршілеріміз аса хабардар бола бермесе де, Қазақстанда рок та, поп та, рэп те бар екеніне және ол еуропалық деңгеймен пара-пар екенін көріп, таңданыстарын жасырған жоқ. Әлемдік музыка сапасынан бір мысқал да кем көрінбеген өзгеше клип өзге ағайындарға ұнағаны шындық.
Ең қызығы, қызылордалық жігіттің қазақ тілінде шырқаған әндерін түсінбей қалдық деп тыңдамай жатқан жандар тағы жоқ. Фанктік негіздегі сәнді бір әуендер құлаққа жағымды құйылып, жаныңды сиқырлы сезімге бөлейтіні әйтеуір бір ақиқат.
Ғалымжан Молданазардың ТМД-дан табылған тыңдармандары оған «қазақ Дорны», «қазақтан шыққан Tesla Boy» деген лақап ат беріп, көпшілігі «Хипстержан» деп те атап жүр.
Мысалға, әншінің атын алысқа шығарған «Ақпен бірге» дейтін бейнебаяны сонау 90-жылдардың жастарын көз алдыңа әкелетін, жергілікті КВН-шылармен түсірілген, иронияға толы дүние.
Ауылдан шыққан талант 10-сыныпта оқып жүргенде-ақ әндер жаза бастаған. Қызылорда қаласынан мәдениеттің ордасы Алматыға ауысып, Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясында жоғары білім алған жігіт Айса дейтін жергілікті орындаушының студиясында бірнеше тректер жазады. Осылайша, Orda Brothers продюсерлік орталығынан бір-ақ шығады. Ол «Орда» тобынан бөлек, Айса, Қайрат Түнтеков, Әсем, Асыл Беделхан, Rin’go тобы орындаған бірқатар әндердің авторы. Ал қазақ жеріндегі тыңдармандарға ол рок әншісі Әсеммен бірге шырқайтын «Жылайды жүрек» атты туындысымен таныс.
Хипстер Ғалымжан қазір «Орда» тобымен әріптестікті тоқтатқанымен, әлі байланыстары үзілмеген сынды. Өйткені, жыл басында аталмыш топтың қатысуымен «Тыйым салынған билер» атты картина түсірілген-ді. Бұл фильм неше түрлі кереғар пікірлер туғызғанын өнер тақырыбынан құлағдар жандар білетін болар. Осы картинада оның «Алыстама» дейтін трегі шырқалады.
Ең қызығы, қазақ ауылында туып-өскен жігіт ағылшынша айтып тыраштанбай-ақ, орысша әндетпей-ақ, ана тіліндегі жаныңды қопарған жұмбақ әуендермен аты шығып келеді. Еуропалық промоутерлердің де іздегені осы. Өзгеге ұқсамайтын өнер иесі.
Ал шындап келгенде, біздің көптеген әншілеріміз шет мемлекеттерде танылу үшін қолдан келгенін жасап-ақ жатады. Мысалы, осыдан бірнеше жыл бұрын ресейлік сайттар алматылық «Buhar Jerreau» («Бұқар жырау») рэп-триосы жайлы жарысып жазды. Олардың Санкт-Петербургте түсірілген «Мост» деп аталатын клипі A-One мен MTV-дан ротацияланып, яғни біраз көрсетілді де ғайып болды. Ресейді жаулауға бағытталған бұл жоба онсыз да өз өнерпаздары жыртылып-айырылып жатқан мегаполисте жұтылып кете барды десек жаңылыса қоймаспыз.
Ал Ғалымжанның қазір ғаламтор кезіп жүрген тректері – синти-поп, фанк стилінде, кейбір музыкалары үйінде отырып-ақ жазылған. Әнші алдағы уақытта өз тыңдармандарына ағылшын тілінде шырқауға уәде берсе де, оған аса қайыл болып отырғандар некен-саяқ. Ресейліктердің көпшілігі қазақша әндер әлдеқайда жанды тербейтін жұмбақтау естіледі екен деп есептейді. Қазақ хипстерінің әндерін әлемдік трендтердің безбеніне салып жіберсек, Каурисмяки мен Балабановтардың фильмдеріне тән, ұлттық бояуға бай деп білетіндер де жеткілікті.
Фейсбукта отырған орыс ағайындар егер басқа да қазақ музыканттары Ғалымжан Молданазардың үрдісін жалғастыратын болса, онда қазақстандық синти-поп бір кездегі канадалық построк немесе фин психофолкы сияқты интернационалдық брендке, яки халықаралық құбылысқа айналуға мүмкіндігі бар деген пікірлерін алға тартады.
Ал енді тыңдармандардың бір тобы «Ақпен бірге» әнінде 1976 мен 1980 жылдар арасында дәуірі жүрген Joy Division-нің мәнері бар екендігін айтады. Сол сияқты «Жылайды жүректің» жартысы жарнама деп жақсы сөзін қимағандарға айтатын уәж табуға болады. Бұл клипті қырық рет айналдыра келе, жарнама таба алмадық.
Не десек те, Ғалымжан Молданазар ешкімге ұқсамайтын жаңа сөз, жаңа әуендерімен елді елеңдетті. Ең қызығы, ол он жылға жуық музыка жазып жүрсе-дағы, «Ақпен біргені» Интернетке салғаны сол еді, синти-поп стиліндегі музыка тыңдарман жүрегінің есігін қақты. Қызылөзектен шыққан хипстердің орысшасы «онша» болмаса да тыңдарманның тілін тапты.
«Мен музыканың барлық жанрын сыйлаймын, бірақ, той-бизнес пен шоу-бизнес үшін өз стилімді өзгертпеймін», дейді Хипстержан.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.
http://youtu.be/Dd_z2lHEgQQ
http://youtu.be/jpy0Hjai7m4