Алматы гарнизонында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-насихат тобы Елбасының «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шаралары шеңберіндегі жұмысын бастады.
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары – Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы, полковник Мұхамеджан Таласов жетекшілік ететін ақпараттық-насихат тобы Алматы гарнизонының әскери қызметшілеріне Жолдаудың негізгі басымдықтарын түсіндірді. Әскери бөлім командирлері, әскери оқу орындары мен мекеме бастықтары Елбасы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысының Жолдауын талқылады.
– Мемлекет басшысының Жолдауы – стратегиялық құжат, еліміздің 2050 жылға дейінгі даму жолын айқындайтын нақты тапсырмалардан тұратын бағдарлама. Еліміздің кез келген азаматы еңбегімен, жұмыстағы тәжірибесімен тәуелсіз елдің өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосуы керек, – деп атап өтті топ жетекшісі.
Алдағы күндері ақпараттық-насихат тобының мүшелері жергілікті билік органдарының басшылығымен кездесіп, Қарулы Күштермен өзара іс-қимыл ұйымдастыру және жастарды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеу мәселелерін пысықтайды. Сондай-ақ, олар әскери қызметшілердің тыныс-тіршілігімен, олардың отбасыларымен танысады.
Топ құрамындағы Қорғаныс министрлігінің Орталық ансамблі әскери бөлімдер мен оқу орындарында болып, өз өнерлерін көрсетеді.
Елбасы Жолдауын түсіндіруге арналған топтың Алматы гарнизонындағы жұмысы 8 ақпанға дейін жалғасатын болады.
«Егемен-ақпарат».