• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Қазан, 2021

Қыс келмей-ақ қалтырап отыр

375 рет
көрсетілді

Облыс орталығындағы 912 көпқабатты тұрғын үйдің 897-і ғана жылуға қосылған. Автоматтандырылған жылу бекеттерінде жұмыс істейтін маман жоқ. Балабақшадағы сәбилер қыс келмей-ақ қалтырап отыр.

Көкшетаудың күзі биыл сал­қын. Бозқырау да әдеттегіден ерте түсті. Кейбір күндері күндіз сәл шуақ болғанымен, түн суық. Оның үстіне өңменіңнен өтетін суық жел күн сайын үдете соғуда. Жылу берілмеген көпқабатты үйлердің тұрғындары қоңыр күзде-ақ жаурай бастады. «Көк­ше­тау жылу» коммуналдық кәсіп­орнының бас инженері Да­нияр Ақыбаевтың айтуына қа­рағанда, жазда қаланың бу қа­зандықтарына жөндеу жұмыс­тары жүргізілген. Жылу қала әкімінің тапсырмасы бойынша 21 қыркүйектен бастап ішінара беріле бастаған. Алғашқы он күн бойы жылу магистралінің бойындағы кем-кетік жөнделіпті. Жиырма тәулікке жететін 38,4 мың тонна көмір бар.

– Облыс орталығындағы 912 көп қабатты тұрғын үйдің 897-сін жылу жүйесіне қостық, – дейді коммуналдық кәсіпорынның жедел басқару қызметінің басшысы Валерий Мингулов, – білім және денсаулық сақтау саласы мекемелеріне жылу беріле бас­тады. Көпқабатты 6 үйде жылу есептегіш құралы жоқ. 9 қабатты тұрғын үйдің жертөлесі суға толып тұр. Сарыарқа шағын ауданында автоматтандырылған жылу бекеттері қойылған. Бұл жерде жұмыс істеуге тиісті ІТ мамандары жетіспейді. Мүлік иелерінің бірлестігі мен пәтер иелері кооперативтерінің басшылары қажетті маманды іздеп табу­ға асығатын емес. Бұл ша­ғын ауданның кейбір тұрғын үй­лерінде жылу есептегіштері де жоқ. Демек, бұл үйлерге жылу берілмейді.

Сондай-ақ Васильковка, Бірлік шағын аудандарының №1, 9, 33 және 35 көпқабатты тұрғын үйлерінде, «Жансая» тұрғын үй ке­шенінде, коттедждерге орналасқан балабақшаларда жылу жоқ. Себеп, жылу есеп­тегіш құралдары қойыл­маған. Бұл мәселе жаз бойы ойлас­ты­рыл­мағандықтан, таяу арада шешіле қояды деу қиын. «Өркен» балабақшасы да жы­луға жарымай отыр. Қыс қаба­ғын түкситіп келе жатқанда, әлде­қашан тозығы жеткен жылу құбырлары енді ауысты­рылып жатыр. Жылудың төлемақысы да жылдар бойы төленбей, қор­даланып қалған. Біз қарыз­дың қаншалықты екенін білгіміз келіп «Көкшетау жылу» коммуналдық кәсіпорнының басшыларынан қанша мәрте сұрағанымызбен, мардымды жауап ала алмадық. Қала басшылары айтуға рұқсат етпейді дейді. Қайта жаһанға жар салып борышкерлерден қордаланып қалған қарызды өндіріп алса, тәп-тәуір қаражат жинақталып, өздерінің қолдары ұза­рып қалмай ма?! Сол қара­жатқа жаз бойы жөндеу жұмыс­тарын жүргізуге әбден болар еді. Қазір қазандықтан жылу ай­дайтын сорғылардың тозығы жеткендіктен, қысым жеткіліксіз болып тұр.

– Бұрын біздің шағын аудан қазандыққа тікелей қосылушы еді, – дейді «Алтын» пәтер иелері кооперативінің төрағасы Адай Есентұров. Бұл жүйе неге екенін кім білсін, жаздыгүні бұзылып тасталды. Біздің кооперативке қарасты көпқабатты 35 тұрғын үй орталық жылу жүйесінің қайтқан желісіне қосылды. Қысым бол­мағандықтан, пәтерлерге жылу бере алмай отырмыз.

Кооператив төрағасымен бірге жертөлеге түсіп көрдік. Жылу беру жүйесінде қанжылым ғана жылу бар екен. Қысым болмағандықтан, соның өзі пәтер­лерге көтеріле алмай тұр. Қыс келмей-ақ қалтырап отырған бірер пәтерге бас сұқтық. Тұр­ғын­­дар арыз-шағымдарын ай­тып-ақ жатыр.