Елбасы Н.Назарбаевтың халыққа арнаған Жолдауы облыс бастауыш партия ұйымдары арасында кең қолдау тауып отыр. Нұротандықтар жиналыстарда білім беру, денсаулық сақтау, асыраушысынан айырылған мүгедектік бойынша әлеуметтік жәрдемақы алу, оның мөлшерін көбейту, ауыл шаруашылығын, кәсіпкерлікті дамыту мәселелері бойынша жан-жақты талқылаулар ұйымдастырды.
Сындарлы пікір алысулар «Мәмбетов және К» командиттік серіктестігі жанынан құрылған бастауыш партия ұйымында өтті. Ұйым жетекшісі Еркебұлан Мәмбетов өз сөзінде агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытқа түсіру, шағын және орта бизнес түріндегі жаңа өңдеу кәсіпорындар желісін құру, шаруа қожалықтарын қаржыландыру жайларына кеңінен тоқталды. Ол серіктестіктен нақты мысалдар келтіре отырып, мал шаруашылығын өркендетуге бизнесті несие арқылы қолдауға қолайлы жағдайлар туғызылғанын атап өтті. Ауылдық жерлердегі сапалы білім мәселесі нұротандықтардың назарына алынуы тиіс. Елбасының балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамту, оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеру жөніндегі тапсырмаларына жұмыла атсалысуымыз керек, деді жиында сөйлеушілер.
«Риэлт Сервис» ЖШС бастауыш партия ұйымының мүшелері мүгедектерді қолдау, сыбайлас жемқорлықпен күрес, медицинаны дамыту жайларын кеңінен сөз етті. Мен кәсіпкер ретінде шағын және орта бизнесті дамытуға арналған блогына ерекше назар аударғым келеді. Бұл мәселеге Жолдауда ерекше мән беріліп, ХХІ ғасырдағы Қазақстанды индустриялық және әлеуметтік жаңғыртудың басты құралы ретінде аталды. Ел экономикасында оның үлесі артқан сайын дамуымыз да орнықты бола түсетінін күнделікті тәжірибе көрсетіп отыр. Жаһандық рейтингке сәйкес, бизнесті жүргізуге ең қолайлы жағдайы бар елдер тобына кіруіміз бұл үрдісті кеңінен өрістетуге зор мүмкіндіктер береді. Міндетті медициналық сақтандыруды енгізу жайы тікелей жұмыс берушілерге де, қызметкерлерге де үлкен жауапкершілік жүктейді, деді ЖШС директоры Сайран Хамзин жиналғандарға арнаған сөзінде.
Ең ауқымдағы мұндай талқылаулар аудандарда да ұйымдастырылды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.