Нью-Йоркте БҰҰ жанындағы Қазақстан Республикасы мен Сальвадор Республикасының Тұрақты өкілдері Қайрат Әбдірахманов пен Карлос Энрике Гарсия Гонзалес Қазақстан Республикасы мен Сальвадор Республикасы арасында дипломатиялық қатынастар орнату жөніндегі Бірлескен коммюникеге қол қойды.
Сальвадор – Тынық мұхиттың жағалауында орналасқан, Орталық Америкадағы аумағы бойынша шағын, халқының саны көп мемлекет. Оның экономикасының негізін кофенің, қант құрағының, тамақ және теңіз өнімдерінің экспорты құрайды. Сальвадор БҰҰ-ның Дүниежүзілік сауда ұйымының, сондай-ақ, басқа да халықаралық және өңірлік ұйымдардың мүшесі болып табылады.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі елдің сыртқы саясатын әртараптандыру бойынша жұмысын жалғастыруда. Жаңа басымдықтардың бірі Латын Америкасы мен Кариб бассейні өңірі болып отыр. Халқының саны 600 млн.-ға жуық және ІЖӨ-сі 4,5 трлн. долларды құрайтын өңір халықаралық саясат және экономикалық қарым-қатынас жүйесінде маңызды рөл атқарады.
2013 жылы Қазақстан Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың Чилиге, Аргентина мен Бразилияға алғашқы сапары болып, оның барысында осы елдердің Қазақстанмен әріптестігіне, сондай-ақ, БҰҰ шеңберіндегі, жаһандық проблематика мәселелері бойынша сауда-экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға мүдделілігі анықталған еді.
Басталған үнқосулардың алғашқы нәтижелері жаман емес. Оңтүстік Американың бірқатар елдерімен визалық режімнің жеңілдетілуіне және жойылуына қол жеткізілді.
Өткен жылы Қазақстан мен Латын Америкасы және Кариб бассейніне жататын үш ірі экономикамен тауар айналымы жарты миллиард АҚШ долларын құрады.
Бүгінде Қазақстан Латын Америкасы мен Кариб бассейнінің 9 елімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатса, өңірдегі 33 елдің 31-імен дипломатиялық байланысы бар.
«Егемен-ақпарат».