Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары мен ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Павлодар облысында қала әкімінің орынбасары мен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің лауазымды тұлғаларына қатысты соталды тергеу жүргізіліп жатыр.
Олар мемлекеттік сатып алу және орындалған жұмыстар актісіне кедергісіз қол қойғаны үшін мердігерлік ұйымдардан жүйелі түрде пара алды деген күдікке ілінді», деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аса маңызды істері бойынша тергеушісі Қайсар Баржақсынов.
Антикор мәліметінше, күдіктілердің кінәлілік дәрежесін анықтайтын түпкілікті шешімді сот шығарады. Өзге ақпарат ҚІЖК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесінде жариялауға жатпайды.
Бұған дейін Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары мен әкімдік бөлімінің тағы екі қызметкері ұсталғаны туралы хабарланған болатын. Үшеуі де куәлік беру үшін ұсталғаны айтылды.