QazExpoCongress ұлттық компаниясының басқарма төрағасы, ЕХРО-2020 көрмесіндегі Қазақстан секциясының бас комиссары Аллен Шайжүнісов ұлттық павильонның көрмеден кейінгі жағдайы не болатынын айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Оның айтуынша, бірнеше нұсқа қарастырылып отыр.
– Біріншіден, павильонды демонтаждауға болады. Яғни, жинап, қайта құрастыруға мүмкіндік бар. Демек, оны бұл жерден алып кетіп, Қазақстанға апарып құруға болады, – деді А.Шайжүнісов.
Сондай-ақ ЕХРО-2020 DUBAI көрмесінің ұйымдастырушылары біздің павильонға қызығушылық танытып отырған көрінеді. Олар оны осында қалдырып, сақтап қалуға бейілді.
– Павильон бірінші кезекте елдің әлеуетін паш ету үшін салынды. Демек, оны осы мақсатта алдағы уақытта да пайдалана беруге болады, – деді ол.
Еске сала кетейік, бүгін Қазақстанның ұлттық павильоны салтанатты түрде ашылды.
Дубай, Біріккен Араб Әмірліктері