Солтүстікқазақстандық және павлодарлық полицейлер бірлесе әрекет ете отырып кезекті мал ұрлығын әшкереледі.
Уәлиханов аудандық ішкі істер бөліміне Мортық ауылының бір топ тұрғыны шағым түсіріп, 40 шақты жылқының жоғалып кеткенін жеткізген еді. Оқиға болған жерге АІІБ басшысының орынбасары Ержан Арғынбаев басқарған тергеу-жедел тобы келіп, іздестіру жұмыстарын жүргізгенімен, ауа райының қолайсыздығы, ұялы байланыстың жоқтығы жағдайды күрделендіре түскен. Соның салдарынан із кесуге полицияның қосымша күші жұмылдырылды. Аттылы екі адамның бір табын жылқыны Павлодар облысының Ертіс ауданына қарай айдап бара жатқанын көрген куәлердің хабарынан кейін жедел топ көрші облысқа беттеген. Ұрылар Майқоңыр елді мекенінде қолға түсті. Олар осы ауылдың тұрғындары болып шықты.
Тексеру амалдары барысында ұрланған жылқылардың бір бөлігі сойылғаны, бір бөлігінің ауылдастарының жоғалған малдарының орнына таратылғаны мәлім болды.
Динара САҒЫНДЫҚОВА,
ОІІД баспасөз қызметінің бас маманы.
Солтүстік Қазақстан облысы.