• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
08 Ақпан, 2014

Жаһанды жайлаған жұмыссыздық

1840 рет
көрсетілді

«Үшінші индустриялық революция» деген тақырыппен газетте жуықта ғана жарық көрген мақалалар топтамасында жұмыссыздықтың табиғаты, оның туындау себептері мен апарып соғар салдарларына біраз тоқталған едік. Тіпті халықаралық сарапшылар тұжырымдарына сүйене отырып, жұмыссыздық проблемасының әлемде қалайша шешілуі мүмкін екендігіне, оған қандай өзгерістердің әсер ететіндігіне болжамдар да жасап көргенбіз. Ал, «Дүние және дағдарыс» айдарымен жарық көріп отырған бұл жеке мақаламызда жұмыссыздықтың дәл қазіргі жағдайына тоқталмақпыз. Еуроаймақ жағдайы әлі оңалған жоқ Жұмыссыздық проблемасы қазіргі күні, әсіресе, Еуропалық одақ елдерін жан алқымынан алып тұрғаны белгілі. Өткен жылдың желтоқсан айындағы деректер бойынша еуроаймақтың 17 еліндегі жұмыссыздық деңгейі 12 пайызды құраған. Соңғы айлардан бері еуроаймақ елдерінде дағдарыстың қалың бұлты біршама кейін серпіліп, күн көзі сәл де болса ашыл­ғандай көрініс беріп еді. Бірақ соған қарамас­тан экономикадағы белсенділіктің артуы жұмыссыздық проблемасын кері ығыс­тырып әкете алмағандығы сезіледі. Өйткені, 12 пайыздық жұмыссыздық көрсеткіші оның ең асқынған рекордтық кезеңі өткен жылдың желтоқсанындағы көрсеткіштен бар болғаны 0,1 пайыз ғана төмендеген. Әрине, бұл проблема Еуроодақтың барлық елдерінде бірдей асқынып отырған жоқ. Австрия, Германия, Люксембургте жағдай біршама тәуір. Мәселен, Еуропалық одақтың Статистикалық басқармасының келтірген деректері бойынша жұмыссыздық деңгейі өткен жылдың желтоқсан айында Австрияда 4,9 пайызды, Германияда 5,1 пайызды, Люксембургте 6,2 пайызды құраған. Міне, жекелеген елдердің осындай жетістіктері нәтижесінде өткен жылдың желтоқсан айындағы көрсеткіш бойынша еуроаймақтағы жұмыссыздық деңгейі оның алдындағы аймен салыстырғанда 129 мың адамға, ал Еуропалық одақ бойынша 162 мың адамға азая түскен. Бірақ соған қарамастан еуроаймақтың жекелеген елдерінің жағдайы бұрынғы­сынша ауыр қалпында қалып отыр. Мәсе­лен, Испания экономикасындағы белсенділіктің артуына байланысты осы елдегі еңбек рыногындағы жағдай біршама жақсарды деп есептелгеніне қарамастан мұндағы жұмыссыздық деңгейі 25,8 пайыз­ды құраған. Ал Грекияда өткен жылдың қазан айындағы жұмыссыздық деңгейі 27,8 пайызға жетті. Елдегі жұмыссыздық мәселесінің асқынуына байланысты грек үкіметі соңғы айларда бұл жөніндегі мәлі­меттерді жариялауды қажет деп те таппайтын секілді. Өйткені, қазан айының көрсеткіші мұндағы жұмыссыздық мәселесі жөніндегі соңғы көрсеткіш болып отыр. Франциядағы жұмыссыздық рекордтық көрсеткішке жетті Еуропадағы көш бастаушы ірі елдердің бірі Францияда 2013 жылдың желтоқсан айында ғана 10200 адам жұмысынан айы­рылған болатын. Ал, 28 қаңтар күні Би-Би-Си телеарнасы Францияның еңбек министрлігінің мәліметтеріне сүйене отырып, осы елдегі жұмыссыздық көрсеткіші рекордтық жоғары деңгейге жеткендігін жариялады. Мәліметке қарағанда, қазіргі күні 3,3 миллион француз ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген. Сөйтіп, Франциядағы жұмыссыздықтың ресми деңгейі 11,1 пайызға жеткен. Бұл деңгей 2013 жылғы жалпы көрсеткіштен 5,7 пайызға, ал желтоқ­сан айының көрсеткішінен 0,3 пайызға жоғары. Францияның президенті Франсуа Олланд өткен жылдың басында елдегі жұмыссыздық деңгейі 2013 жылдың соңында төмендейді деген мәлімдеме жасаған болатын. Өкінішке қарай, бұл мәлімдеме іске аспаған сөз күйін­де қалғандығын көріп отырмыз. Енді Ф.Олландтың өзі «еңбек рыногындағы тұрақ­тандыру ісі біздің ойлағанымыздай болмады» деп мұны мойындауға мәжбүр болды. Франсуа Олланд өзінің халыққа арнаған бағдарламалық сөзінде 2013 жылдың бас­ты басым бағыты деп жұмыссыздық проб­лемасымен күрес мәселесін атаған еді. Бұл күресте белгілі бір нәтижелерге қол жеткізе алмағандықтан ел басшысының ел ішіндегі беделінің де төмендей түскені сезіледі. Мұны рейтингтік агенттіктердің халықпен жүргізген сауалдамаларының қорытындылары көрсетіп отыр. Осы жағ­дайға орай Францияның еңбек министрлігі қазіргі қалыптасып отырған жағдайды аздап та болсын жұмсарта көрсету мақсатында өзінің статистикалық есебінде бірқатар жағымды деректерді алға тартпақ болған көрінеді. Сондағы табан тіреп отырған басты дерек – 2013 жылы жұмысынан айырылғандар санының 2012 жылмен салыстырғанда аз да болса азайғандығы. Министрліктің атап көрсеткеніндей, 2012 жылы 283 800 адам жұмысынан айырылса, 2013 жылы бұл көрсеткіш 177 800 адамды құраған. Бірақ елдің бірқатар беделді сарапшылары бұл деректің өзін мүлдем іске алғысыз етіп тастады. Өйткені, елдегі жұмыстан қағылғандардың азайғанынан гөрі, жұмысқа орналасқандардың молай­ғандығын атап көрсетіп жатса, бұл әлдеқайда орынды болған болар еді. Мәселен, Француз экономикалық зерттеулер обсерваториясының экономисі Эрик Хайердың айтуынша, 2012 жылға қарағанда 2013 жылы жұмысынан айырылғандар санының азаюы тіпті де экономиканың қайта қалпына келе бастауын көрсетпейді. Өйткені, 2013 жылы құрылған жұмыс орындары көбінесе ел қазынасындағы қаржыны осы іске молынан жұмсау нәтижесінде, яғни бюджет қаржысының есебінен құрылған болатын. Э.Хайер осы жағдайға байланысты Франсуа Олландтың жаңа жұмыс орындарын ашқан адамдарға салық жеңілдігін беру жөніндегі жоспары 2016 жылға дейін нәтиже бермейді деген болжам жасаған. Демек, елдің еңбек рыногынан оңға басқан жедел өзгерістер күте қою мүмкін емес. «Жеке секторда жұмыс орындарын құра бас­тау үшін экономиканың жылдық өсімі кем дегенде 1 пайыздан асуы қажет. Ал, үкімет болса бар болғаны 0,9 пайыз өсімді жоспарлап отыр. Мұндай алға басумен үкіметтің жұмыссыздықпен күрес жоспарын орындап шығатындығына ешбір сенім жоқ», деп есептейді француз экономисі. Президент Франсуа Олланд үстіміздегі жылдың қаңтар айында қызметкерлерді неғұрлым көбірек жалдаған компанияларға салық жеңілдігі берілетіндігін жариялаған еді. Э.Хайер президенттің осы әрекетінен нәтиже шығатындығына күдік келтіреді. АвтоВАЗ арандап қалуы мүмкін Ресейдің статистикалық органының мәліметінше, жұмыссыздық мәселесіндегі жағдай біздің көршімізде де сондай бір мақтанарлық емес. Әрине, Ресейдегі жағдай дағдарыспен үш жылдан бері күресіп келе жатқан еуроаймақ елдеріне қарағанда біршама тәуір. Бұл елде аталған дерт соншама асқына қойған жоқ және алдағы уақытта да еңбек рыногының тұрақтылығы сақталады деп есептеледі. Өйткені, Ресей экономикасы жылдан-жылға көтеріле түсуде. Бірақ жұмыссыздық атты әлемді кернеп алған қара пәледен біздің көршіміздің де тыс қала алмайтындығы белгілі бола түсуде. Росстат мәліметіне қарағанда, Ресейдегі жұмыссыздық деңгейі өткен жылдың желтоқсан айында 5,6 пайызды құраған. Осы желтоқсан айында бұл елде 78 мың адам жұмысынан айырылған. Сөйтіп, өткен жылдың қараша айындағы көрсеткішпен салыстырғанда жұмыссыздық деңгейі 0,2 пайызға өсе түскен. Бұл елде жұмыссыздықтың артуы 2013 жылдың екінші тоқсанынан бастап байқала бастаған. Экономист Игорь Поляковтың айтуынша, Ресейдегі жұмыстан қысқартулар, әсіресе, өнеркәсіптік компанияларға тән болып отыр. Сондай-ақ, елдің білім мен денсаулық салаларындағы жұмыспен қам­тыл­­­ған адамдар саны да қысқара түскендігі сезіледі. Елдегі өнеркәсіп саласындағы аса ірі ком­паниялардың бірі АвтоВАЗ 2014 жылы 7,5 мың адамды жұмысынан қысқартатындығы жөнінде жоспары бар екендігін жариялаған еді. Игорь Поляков осы деректі келтіре отырып, «егер бұл қысқарту халық тарапынан ереуілсіз, ал үкімет тарапынан ескертусіз қалып, бейтараптылық көрсетілетін болса, онда АвтоВАЗ-дың соңынан әліптің артын бағып отырған Ресейдің басқа да өнеркәсіп алыптары еретін болады. Сөйтіп, елдегі жұмыссыздық проблемасы одан әрі ушыға түседі», деген қорытынды түйген. Чубайс пен Ахоның пікірталасы Өнеркәсіп алыптары адамдарды жұмыс­тан қысқартуға неге құштар? Біз мұның себебіне жоғарыда айтып кеткен «Үшінші индустриялық революция» атты мақалалар топтамасында біршама тоқталған болатынбыз. Мұндағы басты себеп, жаңа технологиялар өндіріске енгізіліп, өндірістің заман талабына сай жарақтандырылуы күшейген сайын автоматтандыру үдерісінің үдей түсетіндігіне байланысты болып отыр. Яғни өндірістегі адамдардың орнын машиналар мен автоматтар алмастырып, осының нәтижесінде жұмыстан босаушы адамдар саны көбейе бермек. Осы жағдайға байланысты Ресейде жуықта болған мына бір жағдайды баяндай кетейік. РФ Президенті жанындағы Ресейдің халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясында болған Гайдар оқулары форумы кезінде «Роснано» бас­қар­ма төрағасы Анатолий Чубайс пен Ресейдегі фин өнеркәсібі өкілдігі директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарып отырған Финляндияның бұрынғы премьер-министрі Эско Ахо пікірталасқа түсіп қалады. Пікірталас басында Эско Ахо таяудағы 10-20 жылдың ішінде Ресейдегі жұмыс орындарының жарым-жартысы қысқарады деген болжам айтқан. Ол мұндай болжамды Финляндияның ауыл шаруашылығы зерттеулер орталығының соңғы зерттеулерінің нәтижесіне сүйеніп айтқан. Аталған зерттеулер нәтижесі көрсет­кеніндей, дамыған елдер мен дамушы елдердегі қазіргі бұқаралық өндіріс түрлері бірте-бірте келмеске кететін болады. Өйткені, ондағы адамдардың орнын енді роботтар мен компьютерлік бағдарламалар айырбастайды. Осындай жағдайға, яғни цифрлық технологиялардың күрт дамуына байланысты 2025 жылға таман Финлян­диядағы жұмыс орындарының саны үштен бір бөлікке қысқара түсетіндігі анықталған. – АҚШ-та да осындай зерттеулер жүргі­зіліп, соның қорытындысында жұ­мыс орындарының 50 пайызға жуық қысқа­ратындығы белгілі болып отыр. Осы үде­рістен Ресей де тыс тұра алмайды. Мұндағы жұмыс орындары да таяудағы болашақта жарым-жартылай қысқаратын болады, – дейді мейман. – 50 пайыз – бұл тым күшейтілген цифр! – дейді оның сөзіне сенбеген Анатолий Чубайс. Басқаратын компаниясының атауының соңына «нано» деген сөз тіркесін қосып алып, жаңа синтетикалық материалдарды өндіріске енгізуді өзі де белсене насихат­тап жүргенімен Чубайс осы жаңа технологиялардың өндіріске белсенді түрде енгізілуі Ресейдегі еңбек рыногындағы жағдайға күрт әсер ете қояды деп мүлдем ойламаса керек, Эско Ахоның сөзіне сенім­сіздік танытып бағады. Оның түсінігінше, батыста енді ғана пайда болып жатқан қайдағы бір 3D принтерлері таяу болашақтың өзінде ғасырлар бойы қалыптасқан фабрикалар мен зауыттарды өмірден қалайша ығыстырып шығармақ. Бұл, шамасы, тек Чубайсқа ғана емес, жалғанды жалпағынан басып келе жатқан, заман осындай жағымды қалпында тұра берсе екен деп тілейтін алпауыт компаниялар басшыларының көпшілігіне тән түсінік болса керек. – 3D принтердің маған әбден ұнайтындай көңілге қонымды бәтеңкені жасап шығара қоятындығына бәрібір сенгім келмейді. Сонда мен интернетке барып маған түсі қара, сәнге киетін әдемі туфли керек деп айтып, принтердің кнопкасын басып қалуым керек пе? – дейді Чубайс. Сол кезде оған Сколковский ғылым жә­не технологиялар институтының вице-прези­денті Алексей Пономарев көмекке келеді. –  Мұнда түсінбейтін несі бар! Сіз сканерге аяғыңызды саласыз да, Миланда отырған дизайнерді кеңесуге шақырасыз. Соның нәтижесінде өзіңіздің қалауыңыз бойынша дайын болған бәтеңкені 3D принтерінен шығарып алып, асықпай тексеріп, айналдырып қарайсыз. Өзіңіз айтқандай, егер ол сіздің көңіліңізден шықпай жатса, «Жоқ, миландық дизайнердің бұл бәтеңкесі маған оншама ұнамай тұр, одан да мен Ивановаға барайын» дейсіз де, бізге келесіз. Сөйтіп, сіздің қалаған бәтеңкеңізді біз шығарып беретін боламыз, – деп қалжыңдайды Алексей Пономарев. Жалпы, бұл қалжыңның астарында Чубайстың кезіндегі батысшылдығын меңзеген астар да болуы мүмкін. Пономаревтің қалжың-шыны аралас сөзі жиналғандар арасында, әсіресе, Ресейдің өнеркәсіп министрі Денис Мантуровқа әбден ұнап қалса керек, ол қызу қол шапа­лақтап жібереді. Сол кезде ұтқыр әзілге мығым Чубайс та тек тұрмай: – Ендеше, Мантуров басқаратын біздің өнеркәсіп министрлігін бұдан былайғы уақытта 3D министрлігі деп атау керек екен, – деп әзілге әзілмен жауап беріп, жоқ жер­ден қол шапалақтап шыға келген министрді бір қағытып өтеді. Сөйтіп, өзі тап болған ыңғайсыз жағдайдан шығып кетуге тырысады. – Бұл тіпті де қалжың емес, – деп тақымдай түседі Чубайспен пікір қақты­ғысын одан әрі жалғастырғысы келген Эско Ахо. Оның айтуынша, жаңа цифрлық дәуір шын мәнінде әлі де келе қойған жоқ. Сондықтан, ол туралы түсінік те қазір таяз болып отыр. Бір кездері АҚШ пен Ұлыбританияның Үндістанға жөнелтетін басты экспорттық тауары кәдімгі мұз болатын. Мұнан кейін тоңазытқыштар пайда болды да, бәрін де өзгертіп жіберді. Ахоның сөзінше, қазіргі күні әлемдегі смартфон пайдаланушылардың 43 пайызы оны ойын үшін, 20 пайызы әлеуметтік желілерде хабарласу үшін, 10 пайызы музыка тыңдау үшін қолданады екен. – Мұны да цифрлық дәуір деп түсінеміз бе?! Жоқ олай емес. Бәлкім біз 2020 жылға таман смартфондарды білім алу, қаржы қыз­меті, денсаулық сақтау мен өндіріс үшін пайдаланатын болармыз. Міне, сол кезде барып цифрлық дәуір орнығатын болады, – деп болашаққа үлкен үмітпен қарайтындығын жеткізеді Ахо. Осы пікірталасты түйіндеген Ресейдің өнеркәсіп министрі Денис Мантуров финдердің жоғарыдағы жұмыссыздықтың күшейе түсетіндігі туралы қаупі негізсіз емес екендігін айтады. «Бізде қазір жұмыс­шы мамандарға деген тапшылық бар. Бірақ бір жағынан алғанда, жұмысшылар көп секілді. Өйткені, біз оларды жұмыстан қысқартып жатырмыз. Екінші жағынан алғанда, өнеркәсіп үшін қажетті заман талабына сай маман жұмысшылардың аз екендігін көріп отырмыз. Бұл ненің белгісі? Бұл – адамдардың заман ағымына, өмір өзгерістеріне ілесе алмай келе жат­қандығын көрсетеді. Себебі, жаңа технологиялар жасау мен шығару ісі өте жылдам қарқынмен дамуда. Бірақ, жалпы халық оған дайын болмай шықты. Сөйтіп, адамдар қолымен атқарылатын көптеген жұмыс түрлері қазір­дің өзінде тиімсіз бола бастады», дейді ол. Жастар арасындағы жұмыссыздық Бүкіләлемдік экономикалық форумның деректері бойынша, әлемдегі жастар ара­­сындағы жұмыссыздық деңгейі 12,5 пайыздан асқан. Бұл – 73 миллион қыз бен жігіт. Ал жастардың жүзеге аспай жатқан әлеуеті бұдан да жоғары. Өйткені, халықаралық еңбек рыногын зерттеп жүрген мамандардың пікірінше, қазіргі күні әлемдегі жастардың төрттен бір бөлігі немесе 300 миллион адам өздеріне ұсынылатын кез келген жұмысқа, тіпті олардың білімі мен мамандығына сәйкес келмейтін жұмыстарға баруға әзір тұрған көрінеді. Бұған енді тұрақты жұмыс орны жоқ жас­тар мен аграрлық сектордағы мау­сымдық жұмыстармен қанағаттанып отыр­андарды қосайық. Сонда планета жас­та­рының жарым-жартысы өз өмірлеріне қажетті қаржымен қамтамасыз етілетіндей жұмысқа зәру болып отырғандығына көз жеткіземіз. Статистика бойынша жастар ара­сындағы жұмыссыздықтың ең өршуі Сол­түстік Афри­ка мен Таяу Шығыс елде­рінде кез­де­­­седі. Мұн­дағы жастар арасын­дағы ­жұ­мыс­сыздық деңгейі 27 пайызды құрайды. Сарап­шылардың пікі­рінше, нақ осы жағдай «араб көктемінің» оянуына елеулі ықпал етіп отыр. Азияда жағдай бұған қарағанда біршама тәуір бол­ғанымен, бұл құрлықтағы жастардың алған білімі мен мамандықтары еңбек рыно­гындағы жағдаймен сәйкес келе бермейді. Ал, Еуропада жұмыс іздеген жастар дайындығы мен еңбек рыногындағы жағдай айырмашылығы барған сайын ұлғая түсуде. Өйткені, жаңа кәсіптерге сай оқу үшін, жаңа білім алу үшін ақы төлеу керек. Бірақ, осындай қадамға барған жастардың өзінің ертеңгі күні қызметке орналасып кететіндіктеріне, білім алу үшін алған несиелерін ақтап шыға­тындарына сенімі солғын. Сөйтіп, 2013 жылы бүкіл Еуроаймақ бойынша алғанда жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі тағы да 24 пайызға өсе түскен. Бұл реттегі ең төменгі көрсеткіштер Австрия мен Германияда 5 пайызды құрайды. Ал ең үлкен жұмыссыздық деңгейі Грекия мен Испанияда қалыптасып отыр. Ресейде 15 пен 24 жас аралығындағы адамдардың 14 пайызы жұмыспен қамтыл­маған. Мұның ішінде кеше ғана мектеп қабырғасынан шыққан түлектерді еңбекпен қамту қиын мәселеге айналуда. Бірақ соған қарамастан ТМД елдері мен көрші мемлекеттерден Ресейге жұмыс іздеп келіп жатқан мигранттардың қатарының да сейілетін түрі жоқ. Осындай жағдайларға байланысты әлемде жастар арасындағы жұмыссыздық неғұрлым тез арада шешілуге тиіс аса маңызды міндеттердің қатарына қойылып отыр. Мәселен, Еуроодақта осы іске қолдау көрсету үшін 2015 жылға дейін 45 миллиард еуро жұмсау көзделген. Соның ішінде 25 жасқа дейінгі Еуроодақтың әрбір тұрғынына жұмысқа орналасатындығы немесе өндіріс­тік практикаға қабылданатындығы туралы кепілдік беру мәселесі қозғалуда. Жастар арасындағы жұмыссыздық жыл өткен сайын күрделеніп келеді. Көп­теген мемлекеттер мен халықаралық ұйым­дар осы проблеманы қалай шешеміз деп бас қатыруда. Үстіміздегі жылдың қаңтар айында Давос қаласында өткен Бүкіләлемдік экономикалық форумның бас­ты тақырыптарының бірі осы жастар ара­сындағы жұмыссыздық проблемасы бол­ғандығын еске сала кетсек, артық болмас. Италия жастары қиындық үстінде Италиядағы жастар жұмыссыздығы – неғұрлым соңғы кездерде пайда болған құбылыстардың бірі. Мұндағы билік өкіл­дерінің айтуына қарағанда, үкімет бұл проб­лемамен осыдан бес жыл бұрын бетпе-бет кездесті. Содан бері аталған проблема шешімін табудың орнына өрши түсуде. Қазіргі ресми статистика бойынша елдегі еңбекке қабілетті жастардың жартысына жуығы жұмыссыз отыр. Сондықтан италиялық жастардың арасында көрші елдерге барып жұмыс іздеушілер қатары көбею үстінде. «Соңғы бес жылдан бері менің елімде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі өсіп келеді. Бұрын біздің елде бұл проблема осыншама асқынып көрмеп еді. Өйткені, экономикалық жүйеміз жаңа жұмыс орындарын туындатып тұратын. Бірақ соңғы экономикалық дағдарыс осы іске үлкен соққы жасады да, жастардың жұмысқа орналассақ деген үмітін кейін серпіп тас­тады», дейді Италия премьер-министрі Энрико Летта өзінің журналистерге берген сұхбатында. Осы жағдайға байланысты ол өз қызметінің ең маңызды бағыты ретінде жас­тар арасындағы жұмыссыздықпен күресу ісін алға қойған. «Қазіргі қалыптасып отырған көрсеткіш, яғни ел ішінде жас­тарды 40 пайызының жұмыссыз қалуы төзгісіз жағдай деп есептеймін. Сондықтан да, бұл мәселеде қолдан келгеннің бар­лығын істеуіміз керек. Өзім премьер-министр қызметіне тағайындала салысымен жастарды жұмысқа қабылдайтын компанияларды ынталандыру ісін қолға алып, осы жөнінде шешім қабылдадым», деген премьер-министр осы мәселеге ерекше мән беретіндігін жеткізген. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан».
Соңғы жаңалықтар