3 қазан – Түркі ынтымақтастығы күніне орай Халықаралық Түркі академиясы мен Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ұйымдастыруымен шағын футболдан «Түркі кубогы» турнирі өтті. Доп додасы бірқатар түркі мемлекеттері тәуелсіздіктерінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр.
Нұр-Сұлтан қаласындағы «Астана-Арена» стадионында өткен жарысқа Әзербайжан, Қырғызстан, Мажарстан, Түркия, Түрікменстан, Өзбекстан елшіліктерінің, халықаралық ұйымдардың, атап айтқанда Халықаралық Түркі академиясы, Азық-түлік қауіпсіздік ислам ұйымы (IOFS), Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі (СICA) және Сыртқы істер министрлігінің құрама командалары қатысты.
Турнирдің ашылуында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Ал Түркі академиясының басшысы Д. Қыдырәлі биыл бауырлас елдердің тәуелсіздігімен бірге Түркі интеграциясына да 30 жыл толып отырғанын атап өтті.
Турнир қорытындысы бойынша бірінші орынды Мажарстанның Қазақстандағы елшілігі иеленді. Екінші орын еліміздің Сыртқы істер министрлігінің командасына бұйырды. Үздік үштікті Халықаралық Түркі академиясының командасы түйіндеді.
Айта кету керек, Түркі кеңесі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы, Түркі кеңесінің Құрметті төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2009 жылы 3 қазанда құрылған болатын. Бұл тарихи күн «Түркітілдес елдердің ынтымақтастық күні» ретінде аталып өтеді. Халықаралық ұйымның штаб-пәтері Ыстанбұл қаласында орналасқан. Ұйымға Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан елдері мүше. Ал Мажарстан бақылаушы мәртебесіне ие.