Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басты бағыты болып қалыптасқан
Қазақтың арғы-бергі тарихын қарап отырсақ, ел бастаған ханы мен қостаған бұқарасының сан тарау өмір жолдарынан өткендігі жөнінде мол мағлұмат ала аламыз. Дегенмен, сол сан тарау жолда ұлттық қасиетімізді ұлықтап, жеке шаңырақ көтеріп, қазақ деген халықты сақтап қалу тек дана басшылардың ғана қолынан келгені сөзсіз. Арғысын айтпағанда, қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібек хандардан бері қарай ел тұтқасын ұстаған даналарымыздың білімі мен білігі, жауына бас имес қасиеті, саясаткерлігі өте жоғары болғандығы аян. Сол ел бастаған хандар мен билердің алып жүрген жүгін артық-кемсіз арқалау бүгінгі күні Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың иығына түсіп отыр. Абыроймен атқарылып келе жатқан бұл қызметте бүгінгі күні басқа ешкімді елестету мүмкін емес.
Нұрсұлтан Әбішұлының “Қазақтың бүкіл тарихы – бірігу тарихы, тұтастану тарихы. Қазақ тек бірігу, бірлесу жолында келе жатқан халық” деуінде үлкен мән жатыр. Өйткені, татулық пен бірлікті насихаттап қана қоймай, соның үлгісі болып келе жатқан Қазақстан – әлем тыныштығының тілекшісі. Тәуелсіз еліміздің өркениетті даму жолындағы ұлан-ғайыр ізденістері мен ұлы істері іргемізді бекітіп, керегемізді кеңейте түсуде. Табалдырығымыз тастай берік, маңдайшамыз көтеріңкі. Осының арқасында әр күнімізді бағалайтын салауатты өмірге жеттік. Қалың елі барын базарлап, бағы мен бақытын бөлісіп жататын Қазақстанның тіккен байрағы мен көтерген шаңырағы әлем елдері арасында жамандықтан аман-есен келе жатыр. Неге десеңіз, қазақтың бағына туған Нұрағаңдай нар тұлға өмірдің небір жауапты кезеңдерінен елімізді биік дәрежеде алып өтіп келеді. Жоғары тапқырлықпен, жүз ойланып, мың толғанып ақыл-ойын салмақтап, парасат сүзгісінен өткізе отырып қабылданған, Елбасы қол қойған әрбір құжат – Қазақстан болашағына жасалған қадам. Сол қаламның ұшында тұрған ел тағдыры, бүкіл ел атынан шешім қабылдау қаншалықты жауапты екенін барлығымыз да сезінеміз. Нәтижесін де көзбен көріп отырмыз.
Еліміздің еңсесі көтеріліп, белі бекіп, бұғанасы қатқан өсу жылдары да оңайлыққа түскен жоқ.
Қожа Ахмет Ясауидің бір сөзі бар: “Диқан болсаң, қолыңа кетпен ал да халқыңа нан бер, ғалым болсаң, қолыңа қалам ал да халқыңа мән бер”. Оған шығыс данасы Әл-Харизидің “сөз бар болғаны гүл ғана, ал іс – сол гүлден түйнеген жеміс” деген сөзін қосыңыз. Ғұламалар ойының астарлы түйіні халқыңды жеткіз, еліңе қызмет қыл, бағын аш дегенге саяды. Қазақстанның қазіргі жағдайына, халықаралық қауымдастықтағы орнына, экономикадағы, реформалық өзгерістердегі жетістіктеріне үңілсек, сөз жоқ, Елбасының парасатты істерінің жемістері көрініс береді.
Президенттің көтеріп жүрген жүгі ең ауыр жүк. Мен Елбасымызды 1980 жылдардың басынан бері білемін. Ол кезде Жаңаөзен қалалық пария комитетінің екінші хатшысы қызметін атқарып жүргенмін. Ал Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің өндіріс жөніндегі хатшысы болатын. Содан бері Елбасымызбен көптеген жиындарда кездесіп жүрдім. Кейінірек, 1984 жылы Мұнайлы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы ретінде біз Бозашыдағы Қаламқас, Қаражанбас кеніштерінде Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге келген (ол кезде Н.Ә.Назарбаев – Министрлер Кабинетінің төрағасы) одақтық дәрежедегі 7 министрді қабылдадық. Делегация құрамында КСРО Мемлекеттік жоспарлау комитетінің басшысы Байбаков та бар. Сол жолы Бозашының болашақтағы даму мәселелері қаралды. Кездесуден есімде қалғаны, Нұрсұлтан Әбішұлы осы Бозашыны игеруге ел азаматтары, әсіресе жергілікті ел азаматтары, тұрғындар қалай араласады, жастардан қалай мықты мамандар жасап шығаруға болады, міне, осы мәселелерге қатты маңыз бере отырып, қадағалаған болатын. Өйткені, бастапқыда Бозашыға жұмысшы мамандар Краснодардан, Ресейдің басқа да аймақтарынан ұшақпен әкелінді. Осы жағдайды көрген Нұрсұлтан Әбішұлы сол жолы маған өз жастарымызды іске тартуға, олардан жұмысшы маман даярлау қажеттігін баса айтқаны әлі есімде. Елбасының осы тапсырмасының маңызы күні бүгінге дейін өзекті. Білікті қазақстандық мамандар дайындау жолындағы “Болашақ” бағдарламасынан бастап жыл сайын көтеріліп жатқан интеллектуалды мектептер орталығы мен заманға сай университеттердің ашылуы осының дәлелі.
Сол жолы Нұрсұлтан Әбішұлы жергілікті тұрғындардың әлеуметтік жағдайына, баса назар аударып, қатты көңіл бөлді. Әсіресе, денсаулық сақтау саласы мен ауысымдық жұмыста істейтін мұнайшылардың тағамдық құрамы қандай, қарапайым жұмысшыға тиісті жағдайлар жасалған ба, т.б. Бір қарағанда елеусіз көрінетін мәселе сол кездің өзінде Елбасы назарында болып еді. Бұл ел болашағын әуел бастан ойлайтын азаматтың ісі екендігіне қандай дау бар?!
Тағдырдың жазуымен бұйырған Мәскеудегі КОКП ОК аппаратындағы қызмет мен үшін үлкен бір мектеп болды. Орталық Комитетте бұдан бұрын ұлт республикаларынан болған өкілдер өте сирек, саусақпен санарлықтай. Әсіресе, Орталық Азиядан. Орталық Комитеттегі Сібір мен Қиыр Шығыс секторының жауапты ұйымдастырушысы қызметін атқара жүріп, сыншыл ортаның сынына шыдап, қазақ атына кір келтірмеуге тырысып-ақ бақтым. Бұл кез Қазақстанда Г.Колбин бірінші хатшы боп тұрған шақ. Өзге республикалардың бірінші басшылары Мәскеудегі жерлестерімен тонның ішкі бауындай болуға тырысатын. Ал Г.Колбиннен ондай ниеттестік байқамадық. Бұл жағдайды орыс жолдастарым да сырттай аңғарып жүреді екен. Бір күні солар құпиялап қана Колбиннің күні біткенін айтып қойды. Ол хабарды өзім де естігенмін. Бірақ ішіме бүгіп жүрген едім.
– Орнына кім болады екен? – дедім ақырын сыр тарту мақсатымен.
– Нұрсұлтан Әбішұлы! Басқа кім болмақ енді?! – деді олар.
Орталық Комитеттегі жастар жағы сол кездің өзінде-ақ Нұрсұлтан Назарбаевты құрметтеп, қадірлейтін. Колбинді кездейсоқ біреу деп бағалайтындықтарын жасырмай айтып та қалатын.
Көп ұзамай жаңалық расқа шықты.
Осылайша Нұрсұлтан Әбішұлын бас хатшыдан шыға берген сәтте оны күтіп тұрған тілектес жігіттердің арасынан табылып, Елбасымыздың ел тұтқасын қолға алған алғашқы күндерінің куәсі болдым...
Ақ түйенің қарны жарылды.
Қазақстан басшылығына Н.Ә.Назарбаевтың келуі бейне егемендіктің жыл құсындай болды да шықты.
Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан басшылығына келуінің алдында таратылған Маңғыстау облысы қайта құрылды. Елбасының шақыртуымен мен облыста жаңа қызметке кірістім. Облыстың қайта ашылуы сол кезеңде үлкен серпіліспен пара-пар болатын.
80-ші жылдардың аяғына қарай КСРО халықтарының съездері болғандығы тарихтан белгілі. Үш рет қатарынан өткен сол съездерге мен ұйымдастыру комитетінің мүшесі ретінде қатыстым. Бұл маңызды жиындар Н.Ә.Назарбаевтың алмас қылыштай жарқылдап, көзге түскен сәттерінің бірі-тін. Өйткені, үлкен айтыс-тартыста оның байсалды ойы мен батыл шешімдері кім-кімді болмасын бейжай қалдырмайтын. Айта кететін тағы бір жәйт – Мәскеудегілердің Н.Ә.Назарбаевты Одақтың Үкімет басшылығына құп көргендігі. Егер Кеңес Одағы таратылмаған жағдайда Нұрсұлтан Әбішұлы Одақ Үкіметінің басшылығына баратынын, бармайтынын кім білген, бірақ, сол лауазымға оның лайықты екендігі кәміл болатын. Ал оның бірден бір себебі, Нұрағаңның бойындағы шешім қабылдау деңгейінің жоғарылығы, батылдығы мен білімділігі көптің көз алдында көрінуінде еді.
КОКП тарап, абыр-сабыр басылған соң, Елбасы ұсынысымен сол кездегі республикадағы жас мамандар тобымен АҚШ-тағы Массачусетс штатына оқуға аттандым. Бостон қаласындағы Массачусетс университетінде дәріс алдым. Бұл жылдар жаңа нарықтық салаға бейімделген қазақстандық кадрларды дайындаудың алғашқы қарлығаштары секілді болатын. Осы жылдарымды елге қызмет етуге қажетті білім мен білік жинақтаған жарқын кезеңім ретінде көремін. Осы орайда тағы бір жақсы естелікті айтудың реті келіп тұр.
Қазақстанның АҚШ-тағы елшісімен бірге АҚШ-тың 41-ші президенті үлкен Джордж Буштың қабылдауында болдық. Ол кез баласы, кіші Джордж Буш сайлауға түсіп жатқан кезең болатын. Уақытының тығыздығына қарамастан Джордж Буш бізді қабылдап, Елбасымызбен елдегі мемлекеттік саясат туралы салиқалы әңгімелер айтқан еді. Асығып отырса да өзінің досы Н.Ә.Назарбаев туралы жылы лебіздерін айтып қана қоймай, оған қоса үлкен ілтипат білдіруі мені мақтаныш сезіміне бөледі. Алып держава саналатын АҚШ елінің беделді басшысы Қазақстан турасында жағымды ой білдіріп, құрметтеуі Н.Ә.Назарбаевтың халықаралық дәрежедегі беделі өте жоғары екендігінің, олармен достық қарым-қатынаста болғандығының бір ғана дәлелі.
Әлем берекесі ең алдымен қауіпсіздікте, тыныштықта екені айтпаса да түсінікті. Дегенмен, осы байлықты адамзат баласы жеткілікті түрде бағалай бермейді. Өйткені, дүниені жаулаған өзімшілдік пен эгоизм бұдан басым түсіп жатады. Көршілерімен сыйыспай, бір-бірінің мазасын алып, оның соңы үлкен дау-дамайға соғып жүрген жағдайлар да орын алуда. Екі ортада қарапайым халық жапа шегеді. Осы орайда ежелгі көршілеріміз, Шығысымыз бен Солтүстігімізді барынша қауіпсіздендіру мақсатында шекарамызды айқындап алуымыздың өзі неге тұрады?! Аюдай айбатты Ресеймен және аждаһадай айбарлы Қытаймен тең дәрежеде мемлекетаралық қарым-қатынас орнатып, қазақтың көк байрағын бүкіл дүниеге мойындату ата-бабаларымыздан армандап келе жатқан ұлы мұратымыз екендігін ешкім де жоққа шығара қоймас деп ойлаймын.
Ел жүгін бір өзі арқалап жүрсе де еш мойымаған, қайта жаңа креативті ойларымен көптеген саясаткерлерді жолда қалдыратын басшымызға қызыға да, қызғана да қарайтындар баршылық. Кейбір жағдайларда, әсіресе шет елдерге шыққанда байқаймын, сол елдердің Парламенттеріндегі әріптестеріміз Қазақстандағы саяси тұрақтылықты, экономикалық дамуды баса айтады, қызыға айтады.
Қазақстан үшін ғана емес, әлемнің көптеген елдеріндегі экономикалық тұрақтылықты шайқалтып кеткен жылдары еліміз көп нәрседе ұтты, оған қоса сындарлы кезеңде ЕҚЫҰ-ға мүше 56 мемлекет арасынан қара үзіп шығып, беделді ұйымға төрағалық етуінің өзі үлкен жетістікті білдіреді. Мұндай абыройға жеткен де бар, жетпеген де бар екенін ұқсақ деймін. Әлемнің дамыған елдерінің қатарына жетуі үшін елімізде индустриялық-инновациялық даму жолында 160 ірі жоба жүзеге аспақ. Ауыл шаруашылығы мен аграрлық сектор да даму алдында тұр. Азық-түлік өнімдерінің басым көпшілігі сырттан келетінін ескерсек, әлсіз тұсымызды нығайтуға көңіл бөлініп отырғандығы қуанта түседі.
Еуразияның дәл кіндігінен, кешегі еркін көсілген атамекен Сарыарқаның төсінде дүниенің өркениетіне тән жақсылықтың бәрін бойына жиған әсем де көркем қала Астанамыз көз алдымызда өсіп келеді. Кешегі елеусіз провинциалдық қаланың азғантай уақыт ішінде әлемнің әсем шаһарларының қатарынан орын алуы таң қалмасқа болмайтын жағдай. Солай болуы заңды да. Өйткені, Астана жобасы – бүгінде іске асқан Елбасының ұлы жобалары ішіндегі сүбелісі. Қазір Астана тек астаналықтардың емес, кең байтақ қазақ даласын мекендеген барша қазақстандықтардың мақтанышына айналды.
Бүгінгідей дүрбелеңге толы дүниеде төрткүл әлемнің тамыр соғысын тап басып, досы мен қасының қабағындағы кірбіңі мен ерніндегі емеурінін көңіл көзімен көріп, көрегендікпен көш бастау әсте де оңай емес. Оның үстіне айбынды мемлекеттер арасында орналаса отырып, олардан оқ бойы озып шығу үлкен қажыр-қайратты қажет етеді. Қазір біз экономикалық даму жөнінен ТМД елдерінің алдына шықсақ, ол Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың жүргізіп отырған сындарлы, сарабдал саясатының арқасы. Елдегі саяси тұрақтылық пен ынтымақтастық еліміздің еркін дамуына жол ашып отыр. Ал мұның ар жағында Елбасымыздың “Халқымды қалай аман сақтап, қалай бақуатты тұрмысқа жеткіземін? Қазақстанды қалай қабырғалы, қуатты мемлекетке айналдырамын?” деген жан-жүрекке салмақ салар терең ойлары, қайсар қайрат пен асқақ армандары жатқандығын ұғынар едік.
Бар қазақты бір тудың астына біріктіріп, ұлан-ғайыр елдің іргесін бекіту біздің ата-бабаларымыздың арманы еді. Бұл да, Алла тағала сәтін салып, Нұрағаңның тұсында және басшылығымен жүзеге асып отыр. Ғасырларға жүк болар еліміз үшін аса маңызды мәселелерді шешуде Елбасымыздың жеке азаматтық абырой-беделінің жоғарылығы да үлкен рөл атқарды. Елді, халықты үлкен іс, ұлы мақсатқа жұмылдыратын идея керек болса, Елбасының елді дамытудағы ойлары дәл соның өзі.
Ал біз – ел бастаған Елбасының ұлы істерінің қостаушысымыз. Мақсатымыз – айқын, жолымыз – анық.
Зейнолла АЛШЫМБАЕВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.
АСТАНА.