Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады, деп жазады Egemen.kz.
Заң жобасының бірінші оқылымы 2021 жылғы 24 ақпанда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында мақұлданған еді.
«Заң жобасының мақсаты – сыртқы жарнамалар мен әртүрлі маңдайшалардағы, басқа да реквизисттер мен көрнекі ақпараттардың мемлекеттік тілде дұрыс жазылуы және мәтіндердің түпнұсқалы аудармасы бойынша қосымша талаптарды белгілеу», деді Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы.
Заң жобасында:
- әкімшілік-аумақтық бірліктердің, елді мекендердің құрамдас бөліктерінің, сондай-ақ басқа да географиялық объектілердің дәстүрлі тарихи қалыптасқан қазақ атауларын мемлекеттік тілде жазуға;
- мемлекеттік емес ұйымдардың бланкілері мен маңдайшаларын мемлекеттік тілде, қажет болған кезде ғана орыс және (немесе) басқа да тілдерде жазуға;
- жол белгілеріндегі жазбаны мемлекеттік тілде жазуға;
- хабарландыруларды, жарнаманы, прейскуранттарды, баға көрсеткіштерін, ас мәзірін, нұсқағыштар мен басқа да көрнекі ақпаратты мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс немесе басқа да тілдерде орналастыруға қатысты түзетулер бар.