Кеше Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутаттар «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң жобасын бірінші оқылымда ілеспе түзетулерімен бірге мақұлдады.
Аталған құжат жөнінде баяндама жасаған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, өнеркәсіп саласының заңнамалық базасын жаңартудың қажеттілігі бірқатар басты факторға негізделген. Олардың қатарында өнеркәсіптік саясатты қайта қарау бойынша батыл шараларды талап ететін әлемдік экономика қысымы күшеюі, ұлттық экономиканың өзіндік жеткіліктілігін қамтамасыз ету үшін бизнестің нақты жүйелі проблемаларын шешу бар. Сондай-ақ энергетикалық ресурстар мен шикізатқа әлемдік бағалардың тұрақсыздығы жағдайында индустрияландыру саясатының рөлін күшейту көзделіп отыр.
«Осы факторларды назарға ала отырып, заң жобасының мақсаты айқындалды. Бәсекеге қабілетті, жоғары технологиялық, экспортқа бағдарланған өнім өндірісін ұлғайту арқылы сала дамуының шикізаттық моделінен кетіп, өңдеуші өнеркәсіптің тұрақты дамуын қамтамасыз ету керек», деді ведомство басшысы.
Заң жобасында 30-дан астам ұғым мен терминнің анықтамалары қарастырылған. Соның ішінде өнеркәсіп, өңдеуші өнеркәсіп, өнеркәсіптік саясат, Индустрия 4.0, шикізаттық емес экспорт және өзге де өзекті ұғымдар қамтылған. Қолданыстағы мемлекеттік реттеу бүкіл жеке кәсіпкерлік субъектілеріне бағытталған. Алайда өнеркәсіп кәсіпорындарына нақты назар аударылмаған. Осыған байланысты жаңа терминдерді регламенттеу тиімді өнеркәсіптік саясатты қалыптастыру үшін құқықтық негіз жасамақ.
«Заң жобасының басты жаңалығы – мемлекеттік ынталандырудың жаңа шараларын және инфрақұрылымның элементтерін бекіту бойынша Үкіметтің құзыретін енгізу. Бұл мемлекеттік аппаратқа икемділік пен жеделдікті береді және бизнес үшін қажетті маңызды шешімдерді уақтылы қабылдауды қамтамасыз етеді. Мемлекеттік ынталандыру өңдеуші өнеркәсіптің тиімді кәсіпорындарына бағытталады. Бұл үшін Басым тауарлар тізбесін қалыптастыру және бекіту бойынша уәкілетті органның құзыреті көзделген», деді Бейбіт Атамқұлов.
Министрдің айтуынша, қазіргі таңда қосылған құны жоғары 4 мыңнан астам тауар іріктелген. Өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шаралары тізбедегі тауарларды өндірушілерге ғана көрсетілмек. Осындай мемлекеттік ынталандыру шараларының тиімділігін қамтамасыз ету үшін өндіріс көрсеткіштерін арттыру жөніндегі талаптарды көздейтін қарсы міндеттемелер енгізіледі.
«Бұл міндеттемелердің орындалуына мониторинг жүргіземіз. Кәсіпорындар оны орындамаған жағдайда ережеге сәйкес бюджет қаражатын қайтаруға тиіс. Бұдан басқа, бәсекеге қабілеттілікті арттыру туралы келісім жасау арқылы кәсіпорындарға ынталандыру шараларының кешенді түрін алу мүмкіндігі көзделген. Келісім кәсіпорындарға өндірістік қызметті орта және ұзақ мерзімді кезеңдерге жоспарлауға мүмкіндік береді. Мемлекеттік ынталандыру шараларының барлық тізімі заң жобасын әзірлеу барысында да қайта қаралды. Өнімді технологиялық жаңғыртуға және ілгерілетуге бағытталған жаңа шаралар енгізілді. Жалпы алғанда, бизнес үшін ынталандырудың 20-ға жуық шарасы қолжетімді болады. Кәсіпорындардың сұрауы бойынша ынталандырудың жаңа әдісі – өнеркәсіптік грант енгізіледі. Өнеркәсіптік грант бірлесіп қаржыландыру жолымен өндірісті жаңғыртуға беріледі», деді министр.
Осылайша, кәсіпорындарды технологиялық қайта жарақтандыру қамтамасыз етіліп, шығарылатын өнімнің сапасы арттырылмақ. Сондай-ақ заң жобасында Өнеркәсіпті дамыту қорының маңызды мәселелері реттелген. Қор жабдықтарды сатып алуға лизингтік қаржыландыруды, сондай-ақ 3 пайыздан аспайтын мөлшерлеме бойынша өнеркәсіптік-инновациялық жобаларға жеңілдікпен кредит беру секілді ынталандыруды жүзеге асырады.
«Өнеркәсіптік саясатты іске асыру мониторингі өнеркәсіптік-инновациялық жобалардың тізбесін айқындайтын Бірыңғай индустрияландыру картасы арқылы жүргізіледі. Бұл карта – қолданыстағы республикалық және өңірлік индустрияландыру карталарының біріктірілген жаңа түрі.
Бірыңғай индустрияландыру картасы жобаларды іске асыру процесін орталықтандырып, қадағалауға және туындаған проблемаларға уақтылы ден қоюға мүмкіндік береді. Өнеркәсіптік саясатты қалыптастыру және іске асыру процесіне жүйелілік пен кешенділік беру үшін қажетті құралдар жиынтығы құрылды.
Атап айтқанда, Индустриялық дамуды бағалау – өнеркәсіптің дамуына әсер ететін құқықтық, экономикалық, қаржылық және өзге де факторларды талдауды көздейтін жаңа құрал. Ынталандыру шараларын іске асырудың тиімділігін бағалау тәсілі әсері төмен ынталандыру шараларын анықтауға мүмкіндік береді, олар қайта қаралады немесе мүлдем алынып тасталады», деді Б.Атамқұлов.
Заң жобасына қатысты пікір білдірген Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин аталған құжат өңдеу өнеркәсібін дамыту және өнеркәсіп саласының инвестициялық тартымдылығы мен экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталғанын атап өтті.
Осы құжаттағы жаңалықтардың бірі – мемлекеттік қолдау шараларын алушы кәсіпорындар үшін қарсы міндеттемелерді белгілеу. Яғни мемлекет инвестицияланған қаржыдан нақты нәтиже күтуге құқылы. Бұл ретте Нұрлан Нығматулин мемлекеттік қолдау шараларын қолдану кезінде бизнеске мүмкін емес міндеттемелерді жүктемеу керектігіне назар аударды.
«Мәселен, мемлекеттен қолдау күткен кәсіпкер өз бизнесін қалай жоспарлайды? Өйткені ол өзінен не талап етілетінін білмейді ғой. Кәсіпкер қатаң талаптан құтылу үшін шенеуніктің алдына барып, өтініш жасауына тура келеді. Әрі қарай түсінікті. Шенеунікке ешқандай бақылаусыз шешім қабылдауға мүмкіндік беріліп, бірден сыбайластық құқықбұзушылыққа жол ашылады. Сондықтан бұл норманы үкіметтік нұсқа бойынша қалдыруға болмайды», деді Мәжіліс Төрағасы.
Сонымен қатар Нұрлан Нығматулин мемлекеттік қолдауға жүгінген кәсіпкерлерге талапты тым қатаңдатуға болмайтынына да назар аударды. Осыған орай, жұмыс тобына жауапты министрлікпен бірге екінші оқылымға дейін тиісті міндеттемелер жөніндегі норманы нақты, анық және түсінікті етіп толықтыру қажеттігін айтты.
Жалпы отырыста көрнекі ақпарат мәселелеріне қатысты түзетулер екінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасының мақсаты – орфография нормаларын және мәтіндердің тең түпнұсқалы аудармасын сақтау жөніндегі талаптарды белгілеу арқылы деректемелер мен көрнекі ақпаратты орналастыру мәселелері бойынша қолданыстағы заңнаманы одан әрі жетілдіру.
«Сайлаушылар жиі көтеретін тақырыптардың бірі – көрнекі ақпараттағы қазақ тіліндегі жазылатын мәтіннің сауатсыздығы, кейбір жағдайда тіпті қазақ тіліндегі мәтіннің болмауы. Осыған байланысты нақты талаптар енгізілді», деді Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы.
Жалпы отырыста депутаттар «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» заң жобасын және оған ілеспе заң жобаларын жұмысқа алды.
Бұдан бөлек, Мәжілістің комитеттері жұмысқа алған заң жобаларының қатарында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау органдары, прокуратура және сот арасында өкілеттіктердің және жауапкершілік аймақтарының ара жігін ажырата отырып, үш буынды модельді енгізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобалары бар.
Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдарын жолдады.