• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 07 Қазан, 2021

Павлодар облысына қалың қар түсті

564 рет
көрсетілді

Павлодар облысы Қаражар ауылының тұрғындары әлеуметтік желіде қар басқан көшелер мен ауланың суреттері мен видеоларын жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz.

5 қазанда Баянауыл ауданында қолайсыз ауа райы болып, бірнеше ауылдық округке қар қалың түсті. Әсіресе Қаражар ауылын 20-50 сантиметрге жететін қар басып қалды. Мұнда бір жарым айда түсетін қар бір-ақ күнде жауған. Ауыл тұрғындары қазан айының басында жауған қардың мөлшеріне таң қалғандарын жасырмады. 

«Алдымен қар аралас жаңбыр жауды, содан кейін түн бойы боран болды. Қардың қалың жауғанынан ауланың есіктері жабылып қалған. Таңертең есікті аулаларды қазып ашуға тура келді. Қазан айында қардың осынша қалың жауған уақыты соңғы рет қашан болғаны есімізде жоқ», дейді жергілікті тұрғындар.

Адамдар бәрінен бұрын ауа райының қолайсыздығынан жайылымда қалған малға алаңдады.

Синоптиктердің мәліметінше, қазанның 5-нен 6-на қараған түні Баянауыл ауданына ғана емес, Екібастұзға да қар жауған.

Ал, 7 қазаннан бастап Павлодар облысында күн жылынады деген болжам бар. Алдағы күндері күндіз 10-12 градусқа дейін жылынады, ал түнде 0-ден 2 градусқа дейін болады деп болжанып отыр.