Өркениетті елдер нарықтық қарым-қатынасты бетімен жіберіп отырған жоқ. Бәрі де мемлекеттік мүддені қорғау мақсатында экономиканы реттеу мәселесімен терең айналысады. Бұл – бүгінгі күннің талабы. Мұны кейнсшілдік дейді, яғни экономиканы мемлекет реттеуді жақтайтын экономикалық саясат.
Бұл бағыттың негізін қалаушы – ағылшынның көрнекті ғалым-экономисі Джон Мейнард Кейнс (1883-1946). Ол өзінің 1936 жылы шыққан «Жұмыспен қамту, ақша және пайыздың жалпы теориясы» деген еңбегінде экономикалық мәселелерді реттеудің макроэкономикалық негіздерін жасай отырып, микроэкономиканың біраз мәселесін талдап көрсетіп берді. Осы теория негізінде экономиканың екінші құрамдас бөлігі – макроэкономика қалыптасты. Кейнстің бұл теориясы әлемге кеңінен танылды.
Кейнс неоклассикалық ілімнің негізгі қағидаларынан бас тарта отырып, нарық өзін-өзін реттей алмайтын тетік екенін дәлелдеп берді. Кейнстің басты идеясы – экономиканы мемлекеттік реттеудің қажеттілігі. Өйткені таза нарық жағдайында экономиканың күрделі мәселелері, атап айтсақ, жұмыссыздық, инфляция, экономиканың кезеңдік ауытқуы, әлеуметтік қамсыздандыру, халықтың әл-ауқатын жақсарту сияқты күрделі мәселелер өздігінен шешілмейді, оны реттеу үшін мемлекет нарыққа міндетті түрде араласуы қажет. Кейнс ең алдымен экономиканың қозғаушы күші деп ұсынысты емес, сұранысты бірінші орынға қояды, демек, оның теориясы бойынша, жиынтық сұранысты көтеру немесе қолдау үшін алдымен мемлекеттің бюджет-салық және ақша-несие саясатын қолға алу керек.
Кейнстің макроэкономикалық теориясын Элвин Хансен, Пол Самуэльсон, Джон Хикс, Евсей Домар және Рой Харрод сияқты ғалымдар әрі қарай іліп әкетіп, неокейнстік бағыттың негізін қалады. Қазіргі жағдайда қай мемлекетті алсаңыз да экономиканың барлық саласын мемлекет араласуымен реттелгенін көреміз, бірақ реттеу тетіктері ғана әртүрлі. Басты қағидасы – халыққа жағдай жасау, мемлекет мүддесін қорғау, т.б. Айталық, Америкада экономиканы мемлекеттік реттеудің басты құралы – федералдық бюджет. Мұнда әлемдегі өнеркәсіптің 34%-ы шоғырланған, бүкіл елдердегі шикізаттың үштен бірін пайдаланады, сондықтан олар экспорттық саясатқа қолдау көрсеткенді тәуір көреді. Американың экспорт шығаратын елдері – Канада (23%), Жапония (10,3%), Мексика (10,1%), Великобритания (5,3%), Германия (3,7%), Оңтүстік Корея (3,4%) және Тайвань (3,2%).
Еуропалық одақ мемлекеттері аграрлық саланы мемлекеттік қолдауға көбірек көңіл бөліп келеді. Ондағы басты талап – азық-түлік қауіпсіздігін сақтау. Бұл елдерге азық-түлік экспорты бойынша бүкіл әлем көрсеткішінің 17%-ы келеді, сүт пен шошқа етінен жасалған өнімдерді экспорттауда екінші орында және құс өнімдері мен дәнді-дақыл бойынша үшінші орында. Бұл саланы мемлекеттік реттеу сан салалы. Мұнда 1957 жылдан бастап біркелкі аграрлық саясат қалыптасқан. Аграрлық саланы қаржыландыру Еуропа елдерінде өндірілетін өнім құнынан 1,5-2 есеге дейін көп. Еуроодақ өнімнің сапасына, азық-түліктің жеткілікті болуына, әлемдегі нарықта тепе-теңдік болуына ықпал етуге, ауылдық жерді өркендетуге, климат өзгеруі мен қоршаған ортаны сақтауға назар аударады. Сондай-ақ мемлекет баға белгілеу,өндіріске квота, экспорттық төлемдер, импорттық тариф және тарифке квота белгілеу мәселелерін қалт жібермей, реттеп, қадағалап отырады. Бұл елдерде фермерлерді тікелей қаржыландыру да жақсы жолға қойылған. Міне, осындай шаралардың негізінде Еуропа тұрғындарын өздерінен шығатын азық-түлікпен толық дерлік қамтып отыр. Мысалы, Франция өзінің өнімімен тұрғындарды 100% қамтыса, Германия – 93%, Италия 78%-ға жеткізген.
Ал Қазақстанда мемлекеттік реттеу механизмдері барлық саланы тиімді қамтып отыр деп айта алмаймыз. Экономиканы дамытуда әртүрлі мемлекеттік, салалық, жергілікті жерлерде көптеген бағдарлама қабылданып жатады, оның бәріне бюджеттен шығын көп, пайда аз. Айталық, шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламалары олардың ішкі жалпы өнімдегі үлесі есебінен қымбатқа түсуде. Қазір азық-түлік бағасының қымбаттығы да көпшіліктің көкейкесті мәселесіне айналғалы қашан. Тағам өнімдерінің құнын түсіру үшін импортпен келетін тағамдарға кедендік баж салығын көбейтіп, керісінше, өзімізден шығатын өнімдерге қолдау көрсету керек. Сол сияқты мерзімдік өнімдердің тапшылығы кезінде олардың экспортқа шығуына тыйым салына тұрса, нарық реттелер еді.
Сондықтан экономиканы бетімен жібермей, мемлекет өзі реттеп отырғаны жөн. Бұл – Үкіметтің жауапкершілігіндегі шаруа. Сондықтан «Адам Смит мырза демала тұрыңыз, Кейнс, қош келдіңіз» дейміз.