• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Қазан, 2021

Павлодар облысы Нұр-Сұлтандағы жәрмеңкеге 550 тонна өнім әкелді

278 рет
көрсетілді

Елордада ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр. Осы демалыс күндері «Хан Шатыр» СОО жанындағы алаңда Павлодар облысы 550 тонна өз өнімін ұсынды. Мұндағы баға нарық құнынан 10-15%-ға төмен, деп хабарлайды Egemen.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Павлодар облысы ылғи да көкөнісімен, етімен танымал болған. Елорда тұрғындарына қажетті азық-түлік осы демалыс күндері таңғы 9-дан 18:00-ге дейін сатылады.  

«Біз 550 тонна ауылшаруашылық өнімдерін әкелдік. Негізінен бұл картоп, сәбіз, ет және т.б», деді Павлодар облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрболат Мақашев. 

«Біз жәрмеңке туралы сан мәрте естідік. Бірақ баратын мүмкіндігіміз болмады. Ал бүгін уақыт тауып келіп отырмыз. Жәрмеңкенің апта сайын өтетіні жақсы»,  деді елорда тұрғыны Әсемгүл. 

Павлодар облысы тауар әкеліп қана қоймай, қазақ даласында танымал болған жәрмеңкелер жайлы тарихтан сыр шертті. Арнайы стенд ұйымдастырылды, онда талантты өнерпаздар өз өнерін ортаға салды, күмбірлеген күй орындалып, жәрмеңкелердің дәстүрі мен тарихы туралы айтты. 

«Павлодар картобымен танымал. Ассортименттің үлкен тобы – көкөніс тобы. Сондай-ақ, облыс бакалея, ет-сүт өнімдерін әкелді. Жәрмеңке барысында 3 мың тоннаға жуық өнім сатылды. Республиканың барлық өңірінен 420-дан астам кәсіпкер қатысты», деді Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіпкерлік басқармасының басшысы Руслан Ыдырысов. 

Мұндай жәрмеңкелер қала тұрғындары үшін тауарларды қолайлы бағамен сатып алуға тамаша мүмкіндік береді. 

Жәрмеңкеде санитарлық нормалар толықтай сақталған. Ыңғайлы болу үшін мұнда қозғалыс бағыты да көрсетілген, әлеуметтік қашықтықты сақтауға арналған белгілер де жоқ емес, ал турникеттерде қол гигиенасына арналған санитайзерлер орнатылған. Сондай-ақ, келушілерге карантиндік шараларды, оның ішінде маска режимін сақтауды еске салатын баннерлер бар. 

Елордада биыл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру үшін көкөністер мен жемістердің пісу уақытына сай 14 жәрмеңке өткізу жоспарланған. Ауыл шаруашылығы өңірлік жәрмеңкелерінің маусымы Нұр-Сұлтанда 31 қазанға дейін жалғасады. 21 тамыздан бастап елордадағы жәрмеңкелерде Түркістан, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Алматы, Атырау, Маңғыстау, Жамбыл, Ақтөбе және Қарағанды облыстарының ауылшаруашылық тауар өндірушілері өз өнімдерін ұсынды.