• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 11 Қазан, 2021

Жігітке жігерлі болу жарасады

296 рет
көрсетілді

Әттең, жаттығу жасайтын залдың жоқтығы. Жыл бойы үзбей жаттықса, тірек-қимыл аппараты зақымданған және көру қабілеті төмендеген спортшылар жеңіске деген құштарлықты, сайып келгенде өмірге деген шынайы махаббаттың шексіз екенін көрсетер еді.

Жиырмаға енді іліккен жа­сында көлденең кеселге кезік­кен. Сол қолына жара шы­ғып, иықтан сәл төмен кесу­ге тура келгенде мынау жал­ғанның түк қызығы қал­ма­ғандай, түн артынан күн шық­пастай қатты налыған. Уақыт та тоқтап қалғандай. Әлдекім­нің алдында кешірімге жатпайтын күнәсі болғандай кісі көзіне түсуге қымсынды. Бей­та­ныстар көз сұғын қадап, таңыр­қап қарайтындай. Қара­ғаны ештеңе емес қой, көптің көзінше тақақтап, өздеріне түк қатысы болмаса да мәселенің мән-жайын білгісі келіп сұ­рай­тындары қинады. Ескі жа­раның аузын тырнайтындар да бар екен. Бірте-бірте еті үйренген. Әйтсе де әлі күнге дейін бейтаныс топтың ішіне түскісі келмейді.

Көңілін аулайын деді ме, кім білсін, алғашқы бетте ет жақын туыс пен жанашыр жора-жолдас қонаққа көп шақы­ратын. Аузына түскен себебін айтып, ат-тонын ала қашатын. Тағдырдың салған ісіне шара бар ма, көнді, көндіктірді. Кейін қысылмайтын болды. Сөйтсе өмірдің өзі осындай қатыгез сынақтан тұрады екен ғой. Бұл да бір ер жігіттің басына келген, төзімі мен жігерін сынамақшы болған емтихан іспетті. Күн өткен сайын қарағайдың қарсы біт­кен бұтағындай беки түсті. Спортт­ы серік етуге бел бу­ды. Спорт денсаулығы кем­нің ғана емес, тепсе темір үзе­тін атпал азаматтарға да қа­жет екеніне дау жоқ қой. Ал тірек-қимыл аппараты за­қым­дан­ғандар үшін тіпті ауадай қажет. Тек жағдай жасала бер­мейтіні жанға батады. Рес­пуб­ликалық сайыстарға облыс­тан команда жинақтағанда көзбояушылықтың орын алатынын көріп жүр. Жаттығып жүрмесе де, спорттық құрал-жабдықтары  талапқа сай болмаса да қатысты деген аты болсын деп көгендеген қойдай мұрындарынан тізіп апара береді. Жарыстан кейін жан баласы іздемейтіні тағы бар.

Республикалық алтыншы спартакиададан оралған, командалық есеп бойынша топ жарып, спорт шебері атан­ған Ержан Жақановпен кез­десіп, жеңісіне құтты болсын айтып, аз-кем сөйлестік. Үс­тел теннисінен өткізілген жарыс­қа тірек-қимыл аппараты зақым­данған 10 спортшы қатысты.

– Екі жұмадай қалғанда жұрт­тың бәріне жалынып жүріп жаттығу залының кіл­тін сұрап алдым, – дейді Ер­жан Қа­йыр­гелдіұлы, – жат­тық­­тыру­шымыз жоқ. Бұл арада айта кететін бір жайт, жат­тық­тырушының еңбекақысының аздығы. Былтыр Ақтөбеден жат­тықтырушы келгенде бөр­кімізді аспанға атып қуан­ған едік, көпке шыдамады, кетіп қалды. Кейін білсек, жалақысы небәрі 100 мың теңге төңірегінде екен. Оған да кінә жоқ, баспанасы бол­ма­­ғандықтан пәтер жал­дап тұруға мәжбүр болды. Жал­дау құны 100 мың теңге шамасында. Бізге қанша бүйрегі бұрып тұрса да, адамды тұр­мыс билейді емес пе? Респуб­ли­­калық үстел теннисі феде­ра­циясы аздап көмек қолын созғанымен, ғимарат жеке­мен­шіктікі. Облыстық спорт бас­қармасы жалға алып отыр. Ондағылар біз тәрізді адамдар­дың жаттығуын хош көре бермейді. Айтатын уәждері: «доңғалақты арбаларыңмен еденнің төсенішін жыртасың­дар». Осы жолы спартакиадаға барғанда басқа облыстардан келген өзіміз тәрізді спорт­шылардың хал-ахуалын сұрас­тырдық, оларда дәл осындай спартакиадада жүлделі болып, бірінші орын алған спортшыларға 200, екінші орынға 150, үшінші орынға 100 мың теңге стипендия таға­йындалады екен.

Дәл осындай қолдау болып жатса, спортшылардың да күнкөрісі көп-көрім жақса­рып қалар еді. Айтпақшы, Көк­шетаудан барған коман­да­ның ішінде нысана көздеушілердің арасында қолына мылтық ұстап көрмегендері де бар екен. Тіпті, электронды таблоның не көрсетіп тұрғанын айыра алмайды. Соның өзінде бір спортшы финалға іліккен. Ай­туларына қарағанда, елдің бәрі, әр команда біркелкі ине-жіптен жаңа шыққан спорт костюмдерін киіп, жарқырап жүргенде, бұлар әрқайсысы әртүрлі, ала-құла киіммен қатысып, көңілдері пәс болған. Әйтсе де, намысқа тырысып бағыпты.

– Асхат Тәжмиев екеуіміз Қазақстан Республикасының чемпионы атандық, – дейді Ержан Қайыргелдіұлы, – арнайы форма сатып алуға қаражат тапшы. Қолтығыңнан демер демеуші іздеуге намысымыз жібермейді. Өзі арзан да дүние емес. Ракетканың өзі 90 мың теңгенің төңірегінде.

Бүгінде облыстық кітапха­на­ның ұйымдастыру бөлімі­нің жетекшісі болып қыз­мет ететін кейіпкеріміз облыс орта­лығында Абай Мырзах­метов атындағы университетті бітірген экономист төрт бір­дей перзентін тәрбиелеп отыр. Ендігі арманы облыс орталы­ғында өзі тәрізді тағдыр тәл­кегіне ұшыраған адамдарға аздаған жанашырлық жасалса.

Пендені алға жетелейтін үміт шырағы. Әзірге лаулап жанып тұр.