• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Қазан, 2021

Ұлы тұлғалар есімдері беріледі

635 рет
көрсетілді

Қостанай облыстық мәслихатының кезекті сессиясында аймақтағы 9 мектепке қазақтың ұлы тұлғаларының есімдерін беру жөніндегі ұсыныс мақұлданды.

Жиын барысында об­лыс­тық Тілдерді дамыту басқар­ма­сының басшысы Гүлжан Мең­декенова ұлы ақын Абай Құ­нан­бай­ұлының, Алаш кө­сем­­дері Әлихан Бөкей­хан­ұлы, Ах­мет Байтұрсынұлы мен Мір­­жақып Дулатұлының, ұлы ағар­­­ту­шы Ыбырай Алтын­са­рин­­­нің есімдерін мектеп­тер­ге беру туралы ұсыныс жасады.

– Өскелең ұрпақ ұлты­мыз­дың ұлы тұлғаларының есімдерін қадірлеп, олардың асыл мұрасын бойына сіңі­ріп өсуге тиіс. Мектеп – жас­тар­ға сапалы білім беретін ал­тын ұя ғана емес, сонымен қа­тар баланың бойында ел­шіл­дік рухты, Отанға деген сүйіс­пеншілік сезімін қалып­тас­тыратын тәлім-тәрбиенің алтын бесігі, – деді басқарма басшысы.

Депутаттар баяндамашы­ның ұсынысын бірауыздан қолдап, бекітті.

Сонымен, мәслихат сессиясында Абай Құнанбай­ұлының есімін облыстағы 4 білім ордасына, атап айтқанда Қостанайдағы №27 мектепке, Жітіқарадағы №3 мектеп-лицейге, Рудныйдағы №18 және Лисаков қаласындағы №3 мектепке беру туралы шешім қабылданды.

Алаш көсемі Әлихан Бө­кей­ханның есімін Қоста­най қа­ласындағы №29 мек­теп, Арқалықтағы «Родина» орта мектебі және Қашар кентіндегі №2 мектеп иеленбек. Ал Рудный қала­сын­дағы №19 мектепке Ахмет Бай­тұрсынұлының, осы қала­дағы №15 мектепке Мір­жақып Дулатұлының есімі бері­летін болады. Сондай-ақ таяу­­да ғана Қарасу ауданында ашыл­ған қазақ орта мектебіне Ыбырай Алтынсариннің есімі берілмек.