Жыл басынан бері адалдық пен парасаттылықты ту еткен «Саналы ұрпақ» клубтары облыс бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытта 500-ден астам түрлі форматтағы іс-шаралар өткізіп, 15 әлеуметтік зерттеу және онлайн сауалнама жүргізді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жалпы, бұл клубтар өз жұмысын 2016 жылдан бастап, қазіргі таңда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді.
Жыл сайын бірінші кезекте аудандық және қалалық іріктеу, екінші кезеңде облыстық слетке 1 мыңнан астам студент қатысып, жемқорлықсыз болашаққа өз үлестерін қосуда.
Атқарылған жұмыстардың қорытындысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті және облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен 27 қазан күні Алматы облысының «Саналы ұрпақ» клубтарының слетінде бағаланып, ең үздік клубтар номинациялар бойынша бағалы сыйлықтар және мадақтау қағаздарымен марапатталады.
Сыбайлас жемқорлықпен күресу Қазақстанның бүгінгі күнгі күрделі мәселесі болып отыр. Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын ол саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық елдердің қай-қайсысын да қатты алаңдататыны анық. Жастар арасында жемқорлыққа қарсы сана қалыптастыру, құқықтық мәдениетті дамыту, сондай-ақ елдің әлеуметтік хал-ахуалын жақсартып, экономикалық дамуын жоғарғы деңгейге көтеру үшін сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту - әрқайсымыздың азаматтық борышымыз екендігін түсіну қажет.