Ел іші – ұлттық дәстүрді «жауға да», «дауға да», сұрқай саясаттың сұқ көзіне де, мың құбылатын сөзіне де берілмей, қазақты өмір бойы тербетіп келе жатқан алтын бесік, санаға сәуле құятын, көңілге медеу болатын теңдессіз байлық. Ардақтылардан, ақылдылардан, оқымаса да тоқығаны мол тоқырамағандардан, тума таланттардан жеткен сөз сөлі тіпті бір әлем. Бір қарағанда алтын арқау үзілмесе де қысқарғандай, көнекөздермен бірге кеткендей көрінетіні бар. Бірақ зерделей алсаң олай емес. Ой елегіне салып қарасаң терең мәнді жауһар сөзбен кестелеген әзіл-оспақ, қағып түсер қалжың, әжуа-сықақ еттен өтіп, сүйекке жетеді. Тек соны естіп, «пай-пай» деп тамсанып қана қоймай: «Бұл да бүгінгі ұлт ұрпағының кейінге қалдырған ақыл-мұрасы ғой» деп жинап, хатқа түсіріп, одан соң тасқа басып жұртқа жеткізуге талпынсақ болғаны.
Көбінде біз ондай құндылықтарды «Ауыл айтқыштары», «Ауыл әзілдері» деп жүрміз. Дегенмен, ондай дүниелерді қарап отырсаң, ішінен сабақ алар керемет халықтық үлгі, өнеге, тапқырлық, алғырлық, шешендік, астармен айтып отырып-ақ шалқаңнан түсіретін, көкірек көзің ашық болса, бетіңді қызартатын, берекесіз күй кештіретін сәттер аз болмайды. Сондай құндылықтарды жинақтаған жақсы кітап жақында «Ауыл әзілдері» деген атпен жарық көрді. Құрастырған – әріптесіміз, белгілі сатирик қаламгер Берік Садыр.
Аз сөзбен көп мағына білдіретін дүниелердің басын қосқан жинақты парақтап отырғанда, ата-бабаларымыздан қалған асыл қасиеттерді, сөзге тоқтап, іспен тиянақтауда ұшқарлық танытпай ұтымдылық көрсеткен, жақсыны бірауыз сөзбен жарқыратып, келіссіздік пен кейіпсіздікті астарлы әзілмен түйреп өтетін үрдіске қанық боласың. Әсіресе, сөз ұстаған азаматтардың арасындағы майда желдей қалжың-қағытпалар езу тарттыра отырып, ой салады. Ел ішіндегі өрен жүйріктердің өрнекті байламдары ата жолын қуған ізбасарлардың «тірі» екеніне тәнті етеді.
Мысалы, Ақтөбе өңіріндегі балалар жазушысы Төрежан Мәндібаевтың мына бір әзілінің астары қорғасындай ауыр екен. Қарт қаламгер автобусқа кіргенде бір жанашыр інісі: «Төке, отырсаңызшы!» депті. Сонда Төкең: «Мен қазақ қыздарына қайран қалам, бермесе орындарын қалай алам» деген екен. Тағы бірде жазушы құрдасының балаларына қалдырған өсиетін есіне түсіріп, «Сен, өлгенде мені Аралға, туған ауылыма апарып жерлеңдер», депсің. Біз сені Ақтөбеге қоямыз. Өйткені, бұл жердің экологиясы дұрыс қой» демей ме әзілге жеңдіріп. Сонда құрдасы: «Өлген адамға экологияның керегі не» деп сөз тауып кетіпті.
Ал арқалықтық журналист Әбжан Әбілтай бірер жыл қалалық тіл бөлімінде қызмет атқарыпты. Бұл жұмыс қолайына жақпаған соң, жаныма жақын газетке барайын десе, әкім жібере қоймапты. Басшы қыпшақтың ішінде торы тармағынан болса, Әбжан ұзынына жатады екен. Амалы таусылған әріптесіміз әкімге былай деп өлеңімен үшбу хат жолдапты: «Қыпшақтың ұзыны не, торысы не, Көкжалдың күшігі не, бөрісі не? Шідерлеп ұстай бермей жібер мені, Өзімнің өскен ортам – өрісіме». Осыдан кейін басшы ақынды «өрісіне» қайтарыпты. Сол секілді Тарбағатайда өмір сүрген Ожырай шешеннің жары қайтыс болып, етек басты күйде отырғанда көңіл айтайық деп үйіне бір-екі жолаушы түсіпті. Келіні отырған орнынан қозғала қоймаса керек, сонда шешен қонақтарға қарап «Е, амандасқандарың жөн, Шайдың билігі келінімде, Қататын сүт сиырдың желінінде, Екі қатын өлтірген сорлы Ожырай, Шай қайнат деп айтпайды келініне», депті айласы құрып, әлсіздік танытып. Осы өлең жолдарының да астары қандай десеңізші?
Қазіргі күні елдің көз алдында жүрген айтыс ақындарының қанатты сөздері де осы жинақтан мол орын алған екен. Қазақ өнерінің айтулы тұлғалары М.Нұрекеевтен, Қ.Сұлтанбаевтан, өзге де танымал азаматтардан қалған сөздер де аз емес. Тағы бір айтыс ақыны Серік Құсанбаев көп жұрт майлы жіліктің басы деп жүретін МАИ қызметкерін былайша сын тезіне алыпты: «Армысың, азаматтар МАИ-дегі, Талайлар таяғыңнан зар иледі. Сіздерге сәлем жолдап келіп тұрмын, Шошынған шопырлардан әр үйдегі».
Тараздық Әкім деген жігіт лауазымы биік бір әкімнен көрген үстемдігіне шыдамай «Ей, көкірегіңді көп көтерме! Мен Әкім болып тудым, Әкім болып өлемін. Сенің әкімдігің уақытша», деп шалқалаған шенеунікті қақ маңдайдан сөзбен салып қалыпты. Сыр өңірінің бір айтқыш азаматы той басқаруға келеді. Бірақ тойдың «сәнін» кіргізетін экология жағында істейтін бір мықты кешігіп, халық иіріліп қалыпты. Ырғалып-жырғалып әлгі мықты жетіп, төрге жайғасқанда асаба ықпай-бұқпай: «Бұл кісіні сыр елі біледі екен, Табиғат тазалығы – тілегі екен. Фамилиясы Шапшаңов болғанменен, Мәшинесі кешігіп жүреді екен», деп қағытып өтіпті.
Кітапқа енген дүниелерді қарап отырып келген түйініміз, түсіне білген адам әзілден сабақ алады, түсінбеген түйсіксіз әжуаға қалады демекпіз.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан».