Қаңтар-қыркүйек айлары аралығында мемлекеттік бюджетке 7,9 триллион теңге түскен. Бұл туралы ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Үкмітеттің кезекті отырысында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Министрдің айтуынша, 9 ай ішінде мемлекеттік бюджетке 7 триллион 912 миллиард теңге көлемінде кіріс түсіп, жоспар 104%-ға орындалған. Соның ішінде республикалық бюджетке 5,1 триллион теңге түсіп, жоспар 100,1%-ға орындалған.
«Жалпы, кірістер бойынша жоспар 7 миллиард теңгеге асыра орындалды. Оның ішінде салықтар 22 миллиард теңгеге атқарылса, салықтық емес түсімдер 17 миллиард теңгеге атқарылмады. Салықтар бойынша асыра орындаудың негізгі сомалары корпоративтік табыс салығына, пайдалы қазбалар өндіруге салынатын салыққа және ішкі өндіріс тауарларына салынатын қосылған құн салығына тиесілі болды», деп атап өтті ведомство басшысы.
Ол, сонымен қатар, корпоративтік табыс салығының жоспары 672 ірі салық төлеушінің мәлімделген аванстық төлемдері 66,4% ұлғаюына байланысты асыра орындалғанын хабарлады.