18-25 қазан аралығында Жапонияның Китакюсю қаласында спорттық гимнастикадан әлем чемпионаты өтеді. Аталған сынға Милад Карими бастаған қазақстандық гимнастар да қатысады. Бас бапкер Александр Ким әлемдік сынға аттанатын спортшылар тізімін атады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Әлем біріншілігіне Қазақстан командасынан бес спортшы қатысады. Жекелеген снарядтарда әр командадан үш гимнастан бақ сынауға мүмкіндік беріледі. Еркін жаттығуда Милад Карими, Ілияс Азизов, Фарух Набиев сынға түседі.
Гимнастикалық ат снарядында Нариман Құрбанов, Ілияс Азизов пен Милад Каримиге сенім артамыз. Шығыршық пен қол тіреп секіруден Карими және Набиев бақ сынайды. Қоссырықтағы жаттығуға Карими мен Набиевтен бөлек, Ильфрат Имарджанов қатысады.Ал гимнастикалық кермедегі жаттығуда Карими, Набиев және Азизов ел намысын қорғайды», дейді бас бапкер.
Ал көпсайыста Милад Карими сынға түседі.
«Команда мүшедері Ресейдің Пенза қаласында кішігірім дайындықтан өтті. Біздің мақсатымыз – көпсайыстан, еркін жаттығу, гимнастикалық ат және кермедегі жаттығудан финалға өту. Әрине, негізі міндетіміз – медаль алу.Әлем чемпионаттарындағы жалғыз медальді 1997 жылы иеленппіз. Сол жылы Сергей Федорченко қол тіреп секіруден алтын алған болатын. Әлем чемпионатына 56 мемлекеттен 300-ден аса спортшы қатысады. Әлі де толығуы мүмкін», дейді Александр Ким.