• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Қазан, 2021

Қордаланған мәселелерге қозғау салынбақ

292 рет
көрсетілді

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өңірдегі құрылыс индустриясының дамуы талқыланған жиын өтіп, оған облыстағы құрылыс компанияларының басшылары мен мемлекеттік орган өкілдері қатысты. Кездесуде өңірдегі бірқатар маңызды мәселені шешу жолдары қарастырылды және тиісті орындарға тапсырма жүктелді.

Жиын барысында Н.Ноғаев қала салуда қарапайым талап­тар­дың сақталмай отырғанын сын­ға алып, Ақтау қаласының әкімі­не, облыстық құрылыс бас­қар­ма­сы мен қала құрылы­сы және жер­ді бақылау басқармасының бас­шы­ларына тексеру жүргізіп, құрылыс­т­ардың бас жоспарға сай орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

– Халық жекелеген шағын ау­дандарда құрылыстардың өте тығыз салынып жатқанын айтуда. Тұрғындардан жаңа ша­ғын аудандарда мектеп пен бала­бақ­шалардың жоқтығына қатыс­ты шағым да көптеп түсуде. Олар балаларын қайда апарады? Түсінемін, сіздер пайда тап­қы­ларыңыз келеді, бірақ олай бол­майды ғой. Бұл үйлерді тұр­ғызғанда не ойладыңыздар? Қала құрылысының ретсіз салынуы – бірінші кезекте халықты құр­меттемеу. Сонымен қатар өңір­де кейбір нысандардың жоба­лық-сметалық құжатынсыз салынып жатқаны туралы ақпарат бар. Қалаған жерге зәулім сарай көтере берсек, бас жоспардың қажеті не? Барлық құрылыс заң аясында жүргізілуі тиіс. Бұл жауапты органдардың өзара заңсыз келі­сімінің нәтижесі. Мәселені анық­тап, тиісті шара қабылдауды тапсы­рамын, – деді өңір басшысы.

Жиында көтерілген тағы бір өзекті жайт – үлескерлер мәселесі.

– Кейбір құрылыс компа­ния­ларының жауапсыздығынан тұрғындар зардап шегуде. Алаяқ компаниялардың арбауы­на түс­кен жүздеген адам баспана­сыз қала­­мыз ба деп қауіп­тенеді. Маған, менің әріп­тестері­ме құ­ры­лыс­шыларға үй­лерді аяқ­тау­ды міндеттеуді сұ­рап күні­не бірнеше адам хабарла­сады. Қол­мен жасағанды мойын­дары­ңызбен көтеріңіздер. Шама­ларыңыз келмесе міндет­теме алмаңыздар. Осындай мәсе­ленің алдын алу үшін жергілікті ат­­қа­рушы органдар мен құқық қор­­ғау органдарының басшы­ларын­да барлық мүмкіндік бар. Жұмыс жүргізіңіздер, – деді Н.Ноғаев.

Облыс әкімі сондай-ақ Пре­зидент тапсырмасына сай игеріл­мей жатқан жерлерді мемлекетке қайтару қажеттігін айтты. Осы орайда орынбасарына облыс көлеміндегі бос жерлерге мониторинг жүргізіп, кері қайтаруды тапсырды. Заң аясында әрекет етіп, бұл мәселеде босаңсуға болмайтынын мәлімдеді.

– Тұрғындар тарапынан Шетпе маңындағы карьерге қатысты да шағым түсті. Қиыршық тас өндіретін карьерлерден шаң көтеріліп, адам денсаулығына зиян келтіріп жатқанын айтуда. Тексеру жүргізіңіздер. Мұнда прокуратура өкілдері отыр, солармен бірлесіп, заң аясында тиісті шара қолданыңыздар, – деп қорытындылады Н.Ноғаев.

Жиында көтерілген мәселелер тұрғындар жылдар бойы шешімін таппай жүрген түйткілдер болатын. Берілген тапсырмалар қордаланған мәселелерге қозғау салады деп ойлаймыз.