• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 14 Қазан, 2021

Білім беру ұйымдарына 7 мыңға жуық маман жетіспейді

421 рет
көрсетілді

Еліміздің жалпы білім беретін мектептеріне 6 900-ден астам педагог-психолог қажет. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің жауабында айтылған, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Жалпы білім беретін мектептерде 7 652 педагог-психолог жұмыс істейді. Өңірлерде 1 876 психологиялық қызмет жұмыс істеп тұр, онда 11 мыңнан астам маман қызмет атқарады. Білім беру ұйымдары Мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгі штаттарына сәйкес педагог-психологтың штат бірліктерімен қамтамасыз етіледі.

2021-2023 жылдар аралығында республикалық бюджет есебінен «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ базасында 97 672 млн теңге сомасына 1 535 педагог-психологтың біліктілігін арттыру жоспарланған», делінген министр жауабында.

Ұсынылған деректерге сәйкес, 2021 жылы – 500, 2022 жылы – 500, 2023 жылы 535 адам аталған орталықта біліктілігін арттырады. 2019 жылғы 1 қыркүйектен бастап ұлттық тестілеуден сәтті өткен жағдайда педагог-психологтерге педагогикалық шеберлік санаты беріледі және қосымша ақы төленеді.

«Сонымен қатар білім беру ұйымдарында психологиялық қызмет жүйесін одан әрі дамыту үшін қолда бар деректер бойынша қосымша 6 900-ден астам педагог-психолог қажет.

Жоғарыда баяндалғанды ескере отырып, баланың құқықтарын қорғауды күшейту, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және жасөспірімдер арасында суицидтің көбеюі мәселелерін шешу жөніндегі 2020-2023 жылдарға арналған жол картасының аясында мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгілік штаттарына өзгерістер енгізу көзделген. Бұл педагог-психологтер штатын ұлғайтуға мүмкіндік береді», деді ол.

Министрдің айтуынша, аталған жол картасы аясында педагог-психологтердің қызметін әдістемелік сүйемелдеу бойынша іс-шаралар көзделген.

«Жергілікті деңгейде педагог-психологтердің қызметін әдістемелік сүйемелдеуді және үйлестіруді қамтамасыз ететін оқу-әдістемелік орталықтар жұмыс істейді. Педагог-психологтердің қызметін әдістемелік сүйемелдеу бөлігінде Министрлік шетелдік әріптестермен (UNICEF) және үкіметтік емес ұйымдармен тығыз жұмыс жүргізуде», деп атап өтеді Асхат Аймағамбетов.