Алматы облысында есірткі сатушыны ұстау бойынша арнайы операция өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Облыстық полицияның мәліметінше, қыркүйек айында Талғар ауданындағы ауыл тұрғыны есірткі заттарын сатумен айналысатыны белгілі болды.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде 45 жастағы ер адамнан салмағы 5,07 грамм «гашиш» есірткі заты деп танылған зат сатып алынды.
Аталған факт ҚР ҚК-нің 297-бабы 1-бөлігі «есірткі заттарын ірі мөлшерде заңсыз өткізу» бойынша СДТБТ-де тіркелді.
«11 қазанда арнайы операция барысында тәртіп сақшылары күдікті жүріп бара жатқан жеңіл көлікті тоқтатты. Куәгерлердің қатысуымен жеке тінту кезінде одан ерекше иісі бар, 4 полиэтилен түйіншекке өлшеп оралған, өсімдіктен алынған жасыл түсті зат алынды. Сараптама бұл затты салмағы 228,14 грамм «гашиш» есірткі құралы деп таныды», деп мәлімдеді ведомствода.
Күдікті бұлтартпау шарасын таңдау туралы мәселеге дейін УҰИ-ға қамалды. Өзге ақпарат ҚР ҚІЖК 201-бабына сәйкес тергеу мүддесінде жария етілмейді.