Бразилия сенаты үкіметтің COVID-19 пандемиясына байланысты әрекеттерін зерттеп, келесі аптада ұсынылатын қорытынды баяндамасында президент Жаир Болсонаруға 11 қылмыстық айып таққалы отыр.
Ренан Калейрос сұхбаттарының бірінде сәуір айында басталған тергеу нәтижесі бойынша Болсонаруға елдің байырғы тұрғындарына қарсы геноцид, лауазымдық қылмыстар, мемлекеттік қаражатты жүйелі пайдаланбау, санитарлық шараларды бұзу, қылмысқа арандату және жеке құжаттарды қолдан жасау секілді айып тағылатынын мәлімдеген.
Өзі 2020 жылдың шілдесінде коронавирус жұқтырып, емделіп шыққанына қарамастан, оңшыл президент оқшаулау, карантин шараларына қарсы шығып, дәлелденбеген ем түрін алға тартқан, сондай-ақ вакцинаға күмән келтіріп, COVID-19 індетінің ауыр салдарын жеңілдетіп көрсетуге тырысқан.
Сенаттың тергеу комиссиясы жүргізген зерттеудің есебі келесі сейсенбіде жариялануы керек. Келесі күні комиссия мүшелері құжатты бас прокуратураға жібермес бұрын мәтінін бір қарап, дауыс беруге тиіс. Соған сәйкес Болсонару мен өзгелерге айып тағу туралы шешім қабылданады.
Бас прокуратура Президентке айып тағуы мүмкін, бірақ оны соттайтын жоғарғы сот төменгі палатаның сот ісін жалғастыруға рұқсатын сұрауы керек. Сарапшылардың айтуынша, төменгі палата мұндай өтінішпен келісуі екіталай. Ал президенттің кеңсесі түсініктеме беру туралы өтінішке бірден жауап бере қоймады.
Жалпы, Болсонарудың халық арасындағы рейтингі оның денсаулық сақтау саласындағы басты дағдарысты шешу барысындағы әрекеттеріне сай төмендей бастаған. Бразилияда COVID-19-дан 600 мыңнан астам адам қайтыс болды, бұл – Америка Құрама Штаттарынан кейінгі екінші көрсеткіш.
Калейростың айтуынша, баяндамада Болсонарудың кейбір ұлдарына және бұрынғы денсаулық сақтау министрі Эдуардо Посуэлоға да қылмыс жасағаны үшін айып тағылуы мүмкін. Алайда қылмыс жасады деген айыпқа қай ұлының ілігетіні белгісіз.
Осыдан бірер күн бұрын ғана Бразилия президенті коронавирусқа қарсы вакцина салдырмайтынын жариялаған. Ал бұған дейін ол елдегі соңғы бразилиялықтан кейін екпе салдыруға уәде еткен. Алайда ол соңғы зерттеулерге сүйеніп, мүлдем вакцина салдырмайтынын мәлімдеген. Бразилия президентінің айтуынша, оның иммунитеті жеткілікті.
Болсонару ел азаматтарының вакцина алмауға құқығы бар екенін де айтқан. Деректерге сенсек, президенттің бұл пікірі, керісінше халықтың вакцинаға деген сенімі артып, көпшілігі салдырып жатқан кезде айтылған. Johns Hopkins университетінің мәліметі бойынша, Бразилия халқының шамамен 47 пайызы толығымен вакцина салдырған, ал Our World In Data порталына сенсек, тұрғындардың 72 пайызы кем дегенде бір доза екпе алып үлгерген.
Болсонару осыған дейін де өз елінде Covid-19 індетіне немқұрайдылығы мен вирус тараған кезде денсаулық сақтау саласындағы сақтық шараларын дер кезінде қабылдамай, ұзақ уақыт бойы кейінге қалдырғаны үшін қатты сынға ұшыраған.
Сонымен қатар биыл кыркүйек айында Бразилия президентінің БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтеріне кірер алдында шетелдік делегацияларға вакцина салдыру туралы қойған талабын ескермегені белгілі. Кейінірек Бразилия делегациясының бірнеше мүшесінің індет жұқтырғаны анықталған.
Бұл зерттеу сондай-ақ 2022 жылғы президент сайлауына айтарлықтай әсер етейін деп тұр. Сарапшылар қылмыс жасағаны бойынша айып тағылмаса да, келесі жылы оппозиция өкілдері қазіргі президенттің қателіктерін жақсылап бетіне басуы әбден мүмкін деп отыр. Баяндама елде біраз саяси шу шығарып, жағымсыз жаңалықты көбейтуі мүмкін. Тек елде ғана емес, халықаралық қоғамдастық та бұл оқиғадан хабардар болары анық. Ал бұл өз кезегінде онсыз да беделі аз Болсонаруға деген құрметті арттырмайтыны түсінікті. Қоғамда Болсонарудың қолында билік бар кезде заң алдында жауап беретініне сенім аз. Дегенмен, сайлау науқанының алдында әбігерге салатыны сөзсіз.